Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Қаріп өлшемі: 14 PX
Сайт түстері:

Қазақстан мен БҰҰ ЕЭК Орталық Азиядағы экологиялық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

10.11.2026

ҚР Экология және табиғи ресурстар министірлігі ресми сайтында

БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында Анталья қаласында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының (БҰҰ ЕЭК) Атқарушы хатшысы Татьяна Молчанмен кездесуі өтті. Келіссөздер Қазақстанның Ұлттық павильонында ұйымдастырылды.

Тараптар қоршаған ортаны қорғау, экологиялық заңнаманы жетілдіру және өңірлік өзара іс-қимылды нығайту салаларындағы одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Халықаралық табиғат қорғау конвенцияларын іске асыруға, трансшекаралық экологиялық бағалау мәселелеріне, атмосфералық ауа сапасын мониторингтеуге және халықаралық экологиялық стандарттарды енгізуге ерекше назар аударылды.

Ә. Қуантыров Қазақстанның экологиялық саясатын дамытудағы БҰҰ ЕЭК-нің маңызды рөлін атап өтіп, практикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге елдің мүдделі екенін жеткізді.

«Қазақстан Комиссиямен әріптестікті одан әрі нығайтуға, ең алдымен, табиғат қорғау конвенцияларын іске асыру, экологиялық заңнаманы жетілдіру және халықаралық экологиялық стандарттарды енгізу бағыттарында мүдделі», – деп атап өтті министр.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі Орталық Азияның экологиялық қызметінің нәтижелілігіне өңірлік шолу дайындау болды. Бұл бастама Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның 2025 жылғы маусымда БҰҰ ЕЭК-не жолдаған бірлескен өтініші негізінде жүзеге асырылуда. 2026 жылы шолуды әзірлеу бойынша практикалық жұмыстар басталды. Ол өңірдің экологиялық басымдықтарын кешенді бағалауға және одан әрі ынтымақтастық бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.

Стратегиялық экологиялық бағалау (СЭБ) тетіктерін дамытуға да ерекше назар аударылды. Қазақстанда тиісті нормалар Экологиялық кодексте бекітілген, ал 2024 жылдан бастап заңнамада көзделген аумақтық даму құжаттары мен елді мекендердің бас жоспарларына СЭБ қолдану жөніндегі ережелер күшіне енді. Қазіргі уақытта әдіснаманы жетілдіру, мамандар даярлау және экологиялық бағалауды қолдану тәжірибесін кеңейту өзекті міндеттер қатарында.

Келіссөздер барысында Орхус конвенциясын іске асыру, азаматтардың экологиялық ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейту және экологиялық маңызы бар шешімдерді қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы мәселелері де қозғалды.

Талқылаудың тағы бір бағыты атмосфералық ауа сапасын жақсарту мәселесі болды. Қазақстан өнеркәсіптік шығарындыларды реттеу жүйесін жетілдіруді, ең озық қолжетімді техникаларды енгізуді және ірі кәсіпорындарды кешенді экологиялық рұқсаттарға кезең-кезеңімен көшіруді жалғастыруда. Осыған байланысты ауаның ластануын мониторингтеу, шығарындыларды түгендеу және бағалаудың халықаралық әдістемелерін қолдану мәселелері бойынша БҰҰ ЕЭК-пен сараптамалық ынтымақтастықтың маңыздылығы атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан тарапы БҰҰ ЕЭК-пен әріптестікті нығайтуға, өңірлік табиғат қорғау бастамаларын дамытуға және Орталық Азиядағы экологиялық басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған бірлескен шешімдерді ілгерілетуге мүдделілігін растады.

🌿 AI-ассистент