Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Қаріп өлшемі: 14 PX
Сайт түстері:

COP31 аясында Қазақстанда климаттық және энергетикалық жобаларды іске асыру бойынша бес келісімге қол қойылды

12.11.2026

ҚР Экология және табиғи ресурстар министірлігі ресми сайтында

БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында Түркияның Анталья қаласында Қазақстанның ұлттық павильонында парниктік газдар шығарындыларын қысқартуға, жаңартылатын энергетиканы дамытуға, табиғи экожүйелерді қалпына келтіруге және газ инфрақұрылымын цифрландыруға бағытталған бес келісімге қол қойылды.

Қол қойылған құжаттар Қазақстанның түрлі өңірлерінде жобаларды іске асыруды қамтиды және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, инвестициялар тартуға, сондай-ақ елдің климаттық мақсаттарына қол жеткізу үшін заманауи технологияларды енгізуге бағытталған.

Маңызды құжаттардың бірі Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі, VEMA S.A. және Carbon Bridge Central Asia Ltd. арасындағы негіздемелік келісім болды. QazaqGaz Aimaq газ желілеріндегі метанның жылыстауын анықтау және жою (LDAR) жобаларын іске асыру жөніндегі құжатқа ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі А. Куантыров, Carbon Bridge Central Asia Ltd. атқарушы директоры В. Ларионов және VEMA S.A. коммерциялық директоры С. Моргулис қол қойды.

Жоба парниктік газдар шығарындыларын қысқартуға, экологиялық қауіпсіздікті арттыруға және Қазақстанның климаттық міндеттемелерін орындауға бағытталған. Париж келісімінің 6-бабында көзделген шығарындыларды қысқарту саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашатын тетіктерді қолдануға ерекше назар аударылады.

Тағы бір негіздемелік келісім ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, «SAFC» ЖШС және SEFE Marketing & Trading Ltd. арасында жасалды. Құжатқа министр А. Куантыров, «SAFC» ЖШС бас директоры Ю. Ким және SEFE Marketing & Trading Ltd. вице-президенті Н. Диксон қол қойды.

Келісім Париж келісімінің 6-бабының 2-тармағы шеңберінде «Алматы облысындағы орман өсіру және тозған жерлерді қалпына келтіру (SAFC ARR «Қапшағай»)» жобасын іске асыруды көздейді.

Бастама парниктік газдарды сіңіру көлемін ұлғайтуға, тозған жерлерді қалпына келтіруге, биоалуантүрлілікті сақтауға және ауыл халқының тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар жоба Қазақстанның табиғи-климаттық бастамаларына халықаралық инвестициялар тартуға ықпал етеді.

Қол қойылған келісімдердің маңызды бағыттарының бірі жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту болды.

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ және «New Clean Energy» ЖШС Түркістан облысының Бәйдібек ауданында қуаты 150 МВт жел электр станциясын салу жобасын бірлесіп іске асыру және қаржыландыру жөніндегі келісімге қол қойды. Құжатқа «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы М. Елибаев, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Басқарма төрайымы Ү. Шаяхметова және «New Clean Energy» ЖШС өкілі, «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» ЖШС байқау кеңесінің төрағасы Д. Идрисов қол қойды.

Жоба жел электр станциясын, оған қажетті ілеспе инфрақұрылымды және электр беру желілерін салуды қамтиды. Оны іске асыру елдің энергетикалық теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ мен «QazaqGaz Aimaq» АҚ арасында кредиттік желі ашу туралы жеке келісім жасалды. Құжатқа екі компанияның басқарма төрағалары М. Елибаев пен Б. Аскаров қол қойды.

Келісім табиғи газды есепке алу жүйесін ауқымды цифрландыруды көздейтін «Aqyl Energy» инвестициялық жобасын іске асыруға бағытталған. Жоба аясында Қазақстанның газдандырылған барлық өңірінде деректерді қашықтан беру функциясы бар 1,35 млн интеллектуалды газ есептегішін орнату, сондай-ақ газды есепке алудың бірыңғай цифрлық платформасын құру жоспарлануда.

Заманауи цифрлық шешімдерді енгізу газ тұтыну есебінің дәлдігі мен ашықтығын арттыруға, сондай-ақ газ тарату инфрақұрылымын басқару тиімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ мен «Turan Wind Energy» ЖШС Қостанай облысында қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу үшін кредиттік желі ашу туралы келісімге қол қойды. Құжатқа «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы М. Елибаев және «Turan Wind Energy» ЖШС басшысы Е. Қожасбай қол қойды.

Жоба Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Солтүстік аймағына интеграцияланатын ірі жел электр станциясын салуды және пайдалануды көздейді. Оны іске асыру жаңартылатын энергетиканы дамытуға, электр энергиясын өндіру көздерін әртараптандыруға және елдің энергетикалық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған.

COP31 аясында бес келісімге қол қойылуы Қазақстанның климаттық және инвестициялық күн тәртібін ілгерілетудегі маңызды қадам болды. Көзделген жобаларды іске асыру парниктік газдар шығарындыларын қысқартуға, таза энергетиканы дамытуға, табиғи экожүйелерді қалпына келтіруге және инфрақұрылымды жаңғыртуға ықпал етеді.

Қол жеткізілген уағдаластықтар халықаралық әріптестікті нығайтуға, инвестициялар тартуға және Қазақстанның Париж келісімі аясындағы міндеттемелерін орындауға қосымша мүмкіндіктер ашады.

🌿 AI-ассистент