Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Қаріп өлшемі: 14 PX
Сайт түстері:

COP31: Қазақстан экология және климат саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда

13.11.2026

БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясының (COP31) Анталия қаласында өтіп жатқан бесінші күні жоғары деңгейдегі іс-шараларға, халықаралық кездесулерге және өңірлік экологиялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылауға арналды.

Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастық

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Қырғыз Республикасының ұлттық павильонында өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) мен Орталық Азия елдерінің қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне жауапты министрлерінің жоғары деңгейдегі кездесуіне қатысты.

Өз сөзінде Министр өңірлік өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, Орталық Азия елдерінің бірлескен жұмысының сабақтастығына тоқталды. Әсіресе, 2026 жылғы сәуірде Астанада Өңірлік экологиялық саммит аясында өткен жоғары деңгейдегі кездесудің қорытындыларына, сондай-ақ ағымдағы жылдың қазан айында Алматыда сәтті өткен RECCIS-CA жұмыс тобының екінші офлайн отырысына ерекше назар аударылды.

Климаттың өзгеруіне бейімделу және мұздықтарды сақтау

Тәжікстанның ұлттық павильонында Министр «Су және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұздықтарға байланысты тәуекелдерді басқару» тақырыбындағы жоғары деңгейдегі диалогқа қатысты.

Іс-шараны Азия даму банкі, Жасыл климат қоры және Тәжікстан Республикасының Үкіметі ұйымдастырды.

Өз сөзінде Ә. Қуантыров Қазақстанның климаттың өзгеруіне бейімделудің ұлттық жүйесін жүйелі түрде нығайтып, бейімделу шараларын мемлекеттік жоспарлау жүйесіне енгізіп келе жатқанын атап өтті. Қазіргі уақытта Ұлттық бейімделу жоспарын әзірлеу жұмыстары жалғасуда, жаңа Су кодексі қабылданды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында су үнемдеу технологиялары енгізілуде.

Сондай-ақ Алматы қаласында орналасқан ЮНЕСКО қамқорлығындағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының қызметіне ерекше назар аударылды. Орталық қар жамылғысының, мұздықтар мен мәңгі тоңның өзгерістерін, сондай-ақ өңірдің су қауіпсіздігі үшін айрықша маңызға ие еріген қар-мұз сулары ағынының қалыптасу үдерістерін зерттеуде маңызды рөл атқарады.

Климаттық күн тәртібіндегі білім беру және инновациялар

COP31 конференциясының бесінші күні қорытындылана келе, Министр ИСЕСКО мен Пәкістан Үкіметі бірлесіп ұйымдастырған «Оқу кампустарынан климаттық шешімдерге дейін: білім беру, инновациялар және әріптестік арқылы климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыру» тақырыбындағы іс-шараға қатысты.

Қазақстанның COP31 аясындағы іс-шараларға қатысуы еліміздің халықаралық және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға, климаттық сын-қатерлерге қарсы практикалық шешімдерді ілгерілетуге және экологиялық мәселелерге бірлесіп ден қоюға бейілділігін растайды.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми интернет-ресурсы.

🌿 AI-ассистент