Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Қаріп өлшемі: 14 PX
Сайт түстері:

Экология министрі Атырау облысындағы бірқатар экологиялық және өнеркәсіптік нысандарды аралады

24.11.2026

Каспий теңізінің жай-күйі, табиғатты қорғау, мұнай-газ өнеркәсібі және экологиялық жобаларды іске асыру Экология және табиғи ресурстар министрінің Атырау облысына жұмыс сапарының негізгі бағыттарына айналды.

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Атырау облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі бірқатар табиғат қорғау және өнеркәсіптік нысандардың қызметімен танысты.

Өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметі

Сапар аясында министр «Теңіз» кен орны мен Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) болды. Өндірістік қызмет пен экологиялық талаптардың сақталу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Министр атап өткендей, ТШО және АМӨЗ сияқты ірі табиғат пайдаланушылар жер қойнауын пайдалану саласында жұмыс істейтін басқа да ірі кәсіпорындарға, сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілеріне ESG қағидаттарын ұстану, қауіпсіздік техникасы талаптарын сақтау, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану тұрғысынан үлгі болуы тиіс.

Каспий экожүйесі – басты назарда

Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлерімен кездесу барысында Әлібек Қуантыров инспекцияның жұмысымен танысты. Мекеме басшысы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, негізгі қызмет бағыттары жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды, сондай-ақ орман шаруашылығы саласындағы бақылауды жүзеге асыру екенін атап өтті.

Табиғат қорғау заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге, браконьерлік фактілерінің алдын алуға және оларды анықтауға, сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі бар жануарлар түрлерін қорғауға, сондай-ақ өңірдің биологиялық алуантүрлілігін сақтауға ерекше көңіл бөлінеді.

Ведомство басшысы сондай-ақ Жайық өзенінің атырауы мен Каспий теңізінің іргелес жағалауында орналасқан «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына барды.

Резерваттың жалпы аумағы 111,5 мың гектарды құрайды. Оны құрудың негізгі мақсаты – Жайық өзені атырауындағы және Каспий теңізінің іргелес жағалауындағы сулы-батпақты алқаптардың бірегей биологиялық алуантүрлілігін сақтау.

Резерват аумағы халықаралық табиғат қорғау тұрғысынан маңызды мәртебеге ие. Оның сулы-батпақты алқаптары Рамсар тізіміне енгізілген, ал 2014 жылдан бастап резерват ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісінің құрамына кіреді.

Резерват қоныс аударатын құстардың мекендеу, ұя салу және аялдау орындарын сақтауда, сондай-ақ Каспий өңірінің биоалуантүрлілігін қорғауда маңызды рөл атқарады.

Сонымен қатар Атырау облысы бойынша Экология департаментінің ұжымымен кездесу өтті. Министр ғимараттың жай-күйімен, қызметкерлердің еңбек жағдайларымен, зертхананың материалдық-техникалық базасымен және департамент қызметінің негізгі бағыттарымен танысты.

Мемлекеттік экологиялық бақылаудың тиімділігін арттыруға, зертханалық базаны нығайтуға және мамандардың сапалы жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлар жасауға ерекше назар аударылды.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми интернет-ресурсы.

🌿 AI-ассистент