Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Қаріп өлшемі: 14 PX
Сайт түстері:

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Атырау облысына жұмыс сапарының екінші күні

25.11.2026

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың Атырау облысына жұмыс сапарының екінші күні бірқатар жұмыс кездесулерімен және өңірдегі экологиялық нысандарды аралаумен өтті.

Ведомство басшысы Мұнай инженерлері қоғамының SPE CTCE 2026 халықаралық Каспий техникалық конференциясы мен көрмесінде құттықтау сөз сөйледі.

«Биылғы конференцияның «Ресурстық әлеуетті ашу: жауапты басқару арқылы құндылықты барынша арттыру» тақырыбы қазіргі энергетика саласының маңызды міндетін айқындайды. Бұл табиғи ресурстарды тиімді игеруді, энергетикалық қауіпсіздік пен экономикалық дамуды қамтамасыз ете отырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды көздейді», деп атап өтті Министр.

Өз сөзінде Ә. Қуантыров экологиялық жауапкершілік технологиялық тиімділік пен мұнай-газ саласының ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігінің ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Каспий теңізінің экожүйесін сақтау, қауіпсіз, тиімді әрі экологиялық жауапты өндірісті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Іс-шара мұнай-газ саласының, ғылыми және инженерлік қоғамдастықтың өкілдерін біріктірді. Конференцияны С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті ұйымдастырды.

Сонымен қатар Министр Атырау қаласындағы қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына барды. 2026 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша өңірде 66 ҚТҚ полигоны бар, олардың тек 6%-ы ғана белгіленген талаптарға сәйкес келеді. Министрге қолданыстағы экологиялық заңнамаға сәйкес қалдықтарды жинау, сұрыптау және кәдеге жарату бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.

Министрге баяндалғандай, облыс орталығында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға және қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға бағытталған өзекті жобалардың бірі болып табылады. Аталған жобаны Атырау облысын дамытудың кешенді жоспары аясында іске асыру жоспарлануда.

Ә. Қуантыров «Тухлая балка» булану алаңын жою жұмыстарының барысымен де танысты.

«Тухлая балка» булану алаңдары Атырау облысындағы негізгі экологиялық проблемалардың бірі болып саналады. Нысан қаладан бірнеше шақырым жерде орналасқан және күкіртсутектің жиналуына байланысты жағымсыз иістің таралу көздерінің бірі болып отыр.

Булану алаңының жалпы ауданы 1 336,2 гектарды құрайды. Қазіргі уақытта «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС балансындағы 860 гектар аумақта жерді рекультивациялау жұмыстары жүргізілуде. Қалған 476 гектар аумақтағы жұмыстарды Атырау қаласының әкімдігі аяқтаған.

«TAZALYQ» жобасы аясында «АНПЗ» ЖШС № 1 және 2 секторларды рекультивациялау жұмыстарын аяқтады.

Булану тоғанының № 3 және 4 секторларын рекультивациялауды аяқтау мақсатында АНПЗ ағынды суларды қабылдауға арналған геомембраналық жабыны бар, ауданы 500 гектар жаңа булану тоғанын салу жобасын әзірлеуге кірісті. Нысан Қазақстан Республикасының жаңа экологиялық талаптарына сәйкес болады.

Бұдан бөлек, Атырау қаласының оң жағалау бөлігінде орналасқан «Квадрат» ағынды су булану тоғанын тазарту жұмыстары жалғасуда. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Жұмыс сапары аясында Министр NCOC компаниясының «Болашақ» зауытының қызметімен де танысты.

Компания қызметінің негізгі бағыттарының бірі тұрақты даму болып табылады. Бұл бағыт бизнестің ғана емес, қоғам мен қоршаған ортаның да мүдделерін ескеруді көздейді.

Атмосфералық ауаның сапасын жақсарту

Соңғы бірнеше жылда Атырау атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары қалалардың қатарында қалып отыр. Қаладағы өзекті мәселелердің бірі ауаның күкіртсутекпен ластануы болып табылады.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) кезінде және шығарындылар көздері болған жағдайда ластаушы заттардың белгіленген шекті жол берілетін концентрациядан (ШЖК) айтарлықтай асып кету жағдайлары тіркеледі.

Атырау қаласында атмосфералық ауаның күкіртсутекпен (H₂S) жоғары деңгейде ластануы бірқатар факторлардың жиынтық әсерінен туындайды. Негізгі ластану көздеріне АНПЗ, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК кәріз нысандары, «Квадрат» булану алаңы, жылыту қазандықтары мен жылу электр орталығы жатады.

Қосымша әсер ететін факторлардың қатарында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар, атап айтқанда желдің әлсіздігі, түнгі уақыт және ластаушы заттардың таралу жылдамдығының төмен болуы бар.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Министр Атырау облысы бойынша Экология департаментіне жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.

Басым міндеттер қатарында атмосфераға шығарылатын ластаушы заттардың көлемін қысқарту, экологиялық инфрақұрылымды жаңғырту және мемлекеттік экологиялық бақылауды күшейту бар.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми интернет-ресурсы.

🌿 AI-ассистент