Қар барысын қорғау мәселесі Қазақстан мен Татарстан министрлерінің кездесуінде талқыланды
25.11.2026
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Татарстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Азат Зиганшинмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар биологиялық әртүрлілікті сақтау және қар барысын қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Қазақстан қар барысы популяциясын мониторингтеу және сақтау мақсатында Татарстан Республикасымен ынтымақтастықты нығайтуға, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруға, тәжірибе алмасуға және заманауи технологияларды қолдануға мүдделі.
Қазақстан мен Татарстан үшін қар барысы ерекше тарихи және мәдени маңызға ие, күш-қуаттың, тектілік пен айбынның символы болып табылады. Осы бірегей түрді сақтау екі тарап үшін де ортақ құндылық саналады.
Кездесу барысында Қазақстанда қар барысын сақтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер таныстырылды.
2000 жылдардың басында еліміздегі қар барысының саны 100–110 дарақ деп бағаланса, 2025 жылғы деректер бойынша олардың саны 200-ге жуықтады.
Қар барысының Қазақстандағы мекендеу аумағының шамамен 80%-ы ерекше қорғалатын табиғи аумақтармен қамтылған. 2025 жылы Жамбыл облысында қар барысының табиғи мекендеу орындарын қоса алғанда, табиғи кешендерді сақтау мақсатында «Меркі» өңірлік табиғи паркі құрылды.
Зоология институты ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қызметкерлерімен бірлесіп, фототұзақтар мен спутниктік қарғыбауларды пайдалана отырып, ғылыми зерттеулер мен мониторинг жүргізуде.
2026 жылы спутниктік қарғыбау тағылған қар барыстарының саны 17 дараққа жетті.
Кездесу барысында Татарстан Республикасының Алтай Республикасында «Қар барысы» ғылыми орталығын құру, сондай-ақ Қырғыз Республикасымен бірлесіп «Ақ Илбирс» ғылыми-зерттеу орталығын ашу жөніндегі бастамалары атап өтілді.
Кездесу қар барысын сақтау саласындағы халықаралық ғылыми және табиғат қорғау ынтымақтастығын одан әрі дамытуға бағытталды.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми интернет-ресурсы.