Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Қаріп өлшемі: 14 PX
Сайт түстері:

ҚОҚАТО «Бір Каспий — бір болашақ» халықаралық сессиясына қатысты

07.08.2026

     2026 жылғы 7 тамызда Ақтау қаласындағы Rixos Aktau қонақүйінде «Caspian Sea Action Week 2026» халықаралық іс-қимыл апталығы аясында «Бір Каспий — бір болашақ» фасилитациялық сессиясы және «Бірлескен ғылыми зерттеулер — Каспий теңізінің өзекті мәселелерін шешудің кілті» атты дөңгелек үстел өтті.
     Халықаралық іс-шараға Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК Бас директоры Кожумов Асхат қатысты.
     ҚОҚАТО-ның іс-шараға қатысуы сарапшылық диалогты кеңейтуге, өзекті ғылыми және экологиялық ақпаратпен алмасуға, сондай-ақ Каспий теңізінің бірегей экожүйесін зерттеу және сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.
     Іс-шара Каспий маңы мемлекеттерінің мемлекеттік органдары, ғылыми-зерттеу ұйымдары, халықаралық құрылымдар мен сарапшылық қоғамдастық өкілдерінің басын қосты.
     Ашылу рәсіміне Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов модераторлық етті.
     Іс-шараның ашылуында құттықтау сөз сөйлегендер қатарында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансур Ошурбаев, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Телманұлы Қамбаров, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов, Ресей Федерациясы Табиғи ресурстар және экология министрінің орынбасары Дмитрий Тетенькин, Әзербайжан Республикасы Ұлттық гидрометеорологиялық қызметі басшысының орынбасары Акбар Аскеров, Иран Ислам Республикасы Қоршаған ортаны қорғау ұйымының Теңіз ортасы және сулы-батпақты алқаптар бөлімі директорының орынбасары Ахмадреза Лахиджанзаде, Түрікменстанның Хазар мемлекеттік табиғи қорығы ғылыми бөлімінің бастығы Сахетмурат Маммедов, Тегеран конвенциясының Уақытша хатшылығының үйлестірушісі Махир Алиев, ЮНОПС-тың «Blueing the Caspian Sea» жобасы жөніндегі кеңесшісі Томас Прайс және Ұлттық волонтёрлер желісінің төрағасы Вера Ким болды.
     Ресей Федерациясы, Әзербайжан Республикасы және Иран Ислам Республикасының өкілдері іс-шараға онлайн форматта қатысты.
     Бірінші тақырыптық сессия Каспий теңізінің гидрометеорологиялық және экологиялық зерттеулеріне арналды. Сессияның бірінші бөлігіне Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық мәдениет және саясат департаментінің директоры Даулет Есмагамбетов модераторлық етті.
     Әзербайжан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Каспий кешенінің Экологиялық мониторинг департаментінің аға кеңесшісі Немат Гасанов Каспий теңізінің экологиялық қауіпсіздігі, акваторияның кешенді мониторингі және жағалау аймағын қорғаудың заманауи жүйелері туралы баяндама жасады.
     П.П. Ширшов атындағы Ресей ғылым академиясы Океанология институтының профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Андрей Костяной Каспий теңізі деңгейінің жылдар аралығындағы өзгергіштігі мен оны болжау мәселелерін таныстырды. Ресей ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, география ғылымдарының докторы Пётр Завьялов табиғи өлшеулер деректері бойынша Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы жағалау маңы айналымының ерекшеліктеріне тоқталды.
     Түрікменстанның Хазар мемлекеттік табиғи қорығы ғылыми бөлімінің бастығы Сахетмурат Маммедов Каспий теңізінің түрікмен бөлігіндегі экологиялық жағдай туралы баяндады. ЮНОПС кеңесшісі Томас Прайс Жаһандық экологиялық қордың «Каспий теңізінің экожүйесін қалпына келтіру: ластануды басқару және биоалуантүрлілікті сақтау саласындағы әлеуетті қалыптастыру» — «Blueing the Caspian Sea» жобасын таныстырды.
     Бірінші сессияның жалғасына «Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» КЕАҚ Басқарма төрағасы Серик Ахметов модераторлық етті.
     Ирвайндағы Калифорния университетінің азаматтық және экологиялық инженерия профессоры Amir Agha Kouchak тартылып бара жатқан Каспий теңізінің антропогендік және климаттық қысымға экогидрологиялық реакциялары туралы баяндама жасады.
     «Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» КЕАҚ теңіз гидрометеорологиялық зерттеулер бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Балжан Елбасиева климаттық факторлардың Каспий теңізінің Қазақстан бөлігіндегі су деңгейіне әсері туралы айтып берді.
     Институттың ГАЖ бөлімінің басшысы Тогжан Ақшабаева спутниктік ақпаратты пайдалана отырып жүргізілген Каспий теңізінің қазақстандық секторын зерттеу нәтижелерін ұсынды. Институт пен Оулу университетінің жетекші ғылыми қызметкері Азиза Баубекова Каспий теңізінің шегінуінің өңірлік тұрақтылыққа, байланыстарға және жағалау маңы аудандарының тіршілігін қамтамасыз етуге ықтимал әсерін қарастырды.
     Екінші сессия Каспий теңізінің гидробиологиялық зерттеулеріне арналды. Оған «Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Садвакасова модераторлық етті.
     Әзербайжан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы және аквакультура орталығының аға маманы Эльнара Джафарова Каспий теңізінің экожүйесін зерттеу мен сақтаудың кешенді тәсілін таныстырды.
     Иран Ислам Республикасы Қоршаған ортаны қорғау ұйымының өкілдері Сохраб Мазлуми мен Бехдохт Мирзаи Иран тарапынан Каспий теңізіне қатысты қабылданып жатқан шаралар жөніндегі ұлттық баяндаманы ұсынды.
     П.П. Ширшов атындағы Ресей ғылым академиясы Океанология институтының биология ғылымдарының докторы Филипп Сапожников Каспий теңізінің қазақстандық секторы қайраңындағы түпкі биологиялық қауымдастықтардың жай-күйін зерттеу нәтижелері туралы баяндады.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің бас сарапшысы Индира Хабдулина Тегеран конвенциясы шеңберінде қабылданған міндеттемелердің орындалуы туралы айтып берді.
     Әзербайжан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Аграрлық қызметтер агенттігінің өкілі Эльчин Мамедов онлайн форматта теңіз деңгейінің өзгеруінің Каспий экожүйелері мен биологиялық әртүрлілігіне әсері туралы баяндама жасады.
     Пікірталастар барысында қатысушылар Каспий теңізі деңгейінің өзгеруі, климаттық және антропогендік әсер, экологиялық мониторинг, биоалуантүрлілікті сақтау және табиғи ресурстарды орнықты басқару мәселелері бойынша ғылыми деректермен және сараптамалық бағалаулармен алмасты.
     Кездесу Каспий теңізін сақтау үшін ғылыми зерттеулерді үйлестірудің, бірыңғай ақпараттық негіз қалыптастырудың және келісілген шешімдер әзірлеудің ерекше маңызын көрсетті.
     ҚОҚАТО-ның халықаралық іс-шараға қатысуы кәсіби өзара іс-қимылды нығайтуға, сенімді экологиялық ақпаратпен алмасуға және қоршаған ортаны қорғау саласындағы шешімдерді ақпараттық-талдамалық тұрғыдан қолдауға ықпал етеді.

🌿 AI-ассистент