Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Қаріп өлшемі: 14 PX
Сайт түстері:

Көкжайлауда 2 мыңға жуық Шренк шыршасы отырғызылды

03.10.2026

2026 жылғы 3 қазанда Көкжайлауда Алматы жастары мен студенттерінің қатысуымен ауқымды экологиялық акция өтті. Іс-шара барысында 2 мыңға жуық Шренк шыршасы отырғызылды.

Акцияға Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі А.С. Қуантыров, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, «Kazakh Tourism Development Ltd.» өкілдері, жастар, студенттер мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.

Экологиялық акция Almaty SuperSki жобасы аясында жастармен жүргізіліп келе жатқан ашық диалогтың жалғасы болды. Бұған дейін Алматы жастары жобаның дамуы, оның таулы аумақтарға ықпалы және Көкжайлаудың болашағына қатысты мәселелерді талқылауға қатысқан еді. Ашық кездесулер барысында жастар өз сұрақтарын қойып, ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.

Бұл жолы диалог нақты іске ұласты. Жас алматылықтар ағаш отырғызуға тікелей қатысып, табиғи аумақты көгалдандыруға өз үлестерін қосты. Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, таулы табиғи аумақтарға ұқыпты қарау және жастарды табиғатты қорғау ісіне кеңінен тарту.

Іс-шара барысында алғашқы ағашты басшылық пен шақырылған қатысушылар бірлесіп отырғызды. Кейін қатысушылар арнайы белгіленген аумақтарға бөлініп, жаппай ағаш отырғызу жұмыстарына кірісті.

«Бүгін болашақ Көкжайлау курортының аумағында ағаш отырғызу бойынша экологиялық акция өтіп жатыр. Бұл – Алматы қаласы мен тұтас өңірдің туристік дамуына жаңа серпін беріп, қала тұрғындары мен қонақтары үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға бағытталған маңызды жоба.

Сонымен қатар туристік инфрақұрылымды дамыту табиғатты сақтауға ерекше мән бере отырып жүзеге асырылуы тиіс. Біз жауапты табиғат пайдалану қағидатын басшылыққа аламыз: бір ағаш алынған жағдайда оның орнына он ағаш отырғызу қамтамасыз етіледі. Бұл ретте туристік кластер іске асырылатын аумақта Қызыл кітапқа енгізілген бірде-бір ағаш көшірілмейді немесе алынбайды.

Барлық экологиялық талаптар сақталған жағдайда жобаны іске асыру туризм мен экономиканы дамытуды табиғи мұраны сақтаумен ұштастыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Бұл – біз сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізуге тиіс байлығымыз», – деді Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жастардың экологиялық бастамаларға белсенді араласуының маңызын атап өтті.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды дамыту мен қолдаудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Алматы үшін жас қала тұрғындарының қала өміріне белсенді араласып, қоршаған ортаны сақтауға өз үлесін қосуы маңызды», – деді Дархан Сатыбалды.

«Kazakh Tourism Development Ltd.» бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаевтың айтуынша, Almaty SuperSki жобасын іске асырудың келесі кезеңдеріне дейін нақты экологиялық шараларға басымдық беріледі.

«Алматы жастарының өз қаласының, тауларымыздың және Көкжайлаудың болашағына қызығушылық танытуы біз үшін маңызды. Біз бірқатар ашық кездесулер өткізіп, жастардың пікірін тыңдап, сұрақтарына жауап бердік. Біздің ұстанымымыз қарапайым: кез келген даму табиғатқа құрметпен қараудан басталуы тиіс. Сондықтан Almaty SuperSki жобасын іске асырудың келесі кезеңдеріне кіріспес бұрын нақты экологиялық іс-шаралардан бастап отырмыз. Жаңа ағаштар отырғызу – осындай қадамдардың бірі», – деді Ержан Еркинбаев.

Акцияға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биология және биотехнология факультетінің ботаника және агроэкология кафедрасының өкілдері, сондай-ақ бейінді ғылыми ұйымдардың мамандары қатысты.

🌿 AI-ассистент