АСТАНА. ҚазАқпарат – Украина мен Беларусь Сарышаған полигонында әскери оқу-жаттығу өткізгісі келеді. Бұл туралы бүгін Сенаттың жалпы отырысында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров мәлім етті.
Еске сала кетейік, жалпы отырыста Ресей жалға алып отырған Сарышаған полигонынан 1,5 млн. гектарды жалға беруден шығару туралы келісім қабылданған болатын. Аталған келісімнің хаттамасында полигон учаскелерін басқа мемлекеттердің де пайдалану мүмкіндігі қарастырылған болатын. Осыған байланысты депутаттар тарапынан сұрақ туындаған еді.
«Шындығында Сарышаған полигоны ерекше бірегей сынақ алаңы ретінде әлемге әйгілі. Сондықтан да оған сұраныс аса жоғары, біздің полигонымызда ұрыстар өткізу, оқу-жаттығулар жүргізуге ниет білдірген мемлекеттер көп. Мәселен, Украина мен Беларусь елдері де осыны қалайды», – деді Оқас Сапаров.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы полигонды пайдалану туралы келісімде бұған дейін үшінші мемлекетті қатыстыру туралы шарт қарастырылмаған. Ал жаңа хаттамада бұндай арнайы бап енгізілді. «Осыған байланысты біз Ресейдің келісім беруі бойынша үшінші елдерді полигонды пайдалануға тарта алатын боламыз. Олармен жеке келісімшарттар жасалады», – деді Оқас Сапаров.
Дерек көзі: http://inform.kz/kaz/article/2872157