Бейне материалдар | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Қазақстанға сирек келетін қонақ: Үстірт табиғи қорығында алабарыс фототұзаққа түсті

Ақпарат көзі – www.facebook.com/EcologyofKazakhstan

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Үстірт табиғи қорығында фототұзаққа түскен Алдыңғы Азия алабарысының суретімен бөлісті.

“Үстірт табиғи қорығында алабарыс (леопард) фототұзаққа түсіп қалды. Алдыңғы Азия леопарды қорық аумағына көрші Түркіменстаннан келген сияқты”, – деп жазды министр Twitter парақшасында.

“Әлемде популяциясы 870-1,3 мыңнан аспайтын аң Қазақстанда тек Үстіртте ғана кездесіп тұрады. Сондықтан қорықты тиісті күйінде сақтап, оның территориясында және басқа да ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда табиғат қорғау шараларын қатаң сақтау өте маңызды”, – деп атап өтті министр.

Қазақстанда алдыңғы Азия алабарысын бақылаумен Үстірт қорығының қызметкерлері мен CADI жобасы аясында Биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы айналысады.

“Қазір мамандар жануарды Қазақстанның Қызыл кітабына енгізу жөнінде негіздеме дайындап жатыр”, – деп жазды Мағзұм Мырзағалиев.

Биыл мемлекеттік орман қоры аумағында 694 орман өрті сөндірілді

Ақпарат көзі – www.gov.kz

Қазақстанда 2020 жылғы өрт қаупі маусымы ресми түрде аяқталды. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті тарапынан тиісті бұйрық шығарылды.

Айта кетейік, ағымдағы жылы мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы ауданы 102 135,7 га болатын 694 өрт оқиғасы орын алды, оның ішінде орман алаңы – 41 827 га, орманмен көмкерілген аумақ – 27 618,8 га, оның ішінде жоғарғы орман – 3084,6 га, сондай – ақ орман емес алаң – 60 308,7 га-ға жетіп, жалпы залал 2,1 млрд. теңгені құрады. Өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда орман өрттерінің саны 70 жағдайға артты (2019 жылы – 624 жағдай).

Облыстық атқарушы органдардың және басқа мемлекеттік орман иеленушілердің қарамағындағы мемлекеттік орман қоры аумақтарында жалпы алаңы 56 613,67 гектар жерде өрт болды.

Атап айтқанда 37 350,11 га орманды жерде, оның ішінде 24 704,2 га орманмен көмкерілген аумақта, оның ішінде жоғарғы 2005,51 га, ормансыз 19 263,57 га алқапта орман өрттерінің 389 оқиғасы болды. Орман өрттерінен келген нұқсан 256 413,7 мың теңгені құрады.

Сондай-ақ, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қарамағындағы ормандарда жалпы ауданы 45 521,99 га орман өрттерінің 305 жағдайы орын алды, оның ішінде орман – 4476,84 га, орманмен жабылған – 2914,57 га, оның ішінде мініс – 1079,05 га, орман емес алаң-41 045,14 га,. Залал 1 850 226,4 мың теңгені құрады.

Жамбыл (41,8 мың га), Қостанай (28,3 мың га) және Алматы (10,4 мың га) облыстарының орман және табиғат қорғау мекемелерінің аумағында үлкен алаңдарда орман өрттеріне жол берілді.

Айта кетейік, еліміздің мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 30,0 млн.га құрайды, оның ішінде Комитеттің қарамағында 32 ведомствалық бағынысты ұйым бар, оларға 7,4 млн. га мемлекеттік орман қорының алаңы бекітілген, бұл республиканың мемлекеттік орман қорының жалпы ауданының 24,6% – ын құрайды.

Облыс әкімдіктерінің қарамағында 120 орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі бар, оларға 22,5 млн.га немесе жалпы ауданның 74,7% – ы қарайды. Сондай-ақ 210,3 мың га немесе жалпы ауданның 0,7% – ы басқа ведомстволардың қарамағында.

Өрт қаупі маусымына дайындық шеңберінде облыс әкімдіктерінің орман шаруашылығы құрылымдық бөлімшелерінің, орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінің және табиғат қорғау мекемелерінің қатысуымен кеңестер өткізілді. Сондай-ақ орман өрттерімен күресте тиімді өзара іс-қимыл жасау үшін мемлекеттік орман иеленушілер облыс әкімдіктерінің орман шаруашылығының құрылымдық бөлімшелері, табиғат қорғау мекемелері және ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдары бойынша тиісті жоспарлар әзірледі. Сонымен қатар, орман өрт сөндіру қызметтері арнайы нұсқаулықтан өтті.

Сонымен қатар “Қазавиаорманқорғау” РМҚК шағын аудандарында орман өрттерін дер кезінде анықтау және жою үшін бірқатар облыстарда авиациямен қарауылдау жүргізілді, жалпы ұшу уақыты 7811 сағатты құрады.
“Қазақстан ғарыш сапары” АҚ-мен бірлесіп орман өрттерінен өткен орман қоры алаңдарының ғарыштық мониторингі жүзеге асырылды.

Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енді

Ақпарат көзі – www.gov.kz

Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енді
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Каспий итбалығын сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлар тізіміне қосу туралы ұсыныс берді
Итбалықты Қызыл кітапқа кіргізу олардың популяциясын сақтап, ерекше қорғалатын табиғи аумақ құруға мүмкіндік береді
Итбалық – теңіз сүтқоректілерінің Каспийдегі жалғыз өкілі
Соңғы жүз жылда олардың саны 1 млн-нан 100 мыңға азайып қалды
Каспий итбалығы басқа Каспий маңы елдерінің Қызыл кітабына енгізіліп қойған
Итбалықтар популяциясын бірге сақтайық!

Алматы облысында қар барысы фототұзаққа түсті

Ақпарат көзі – www.facebook.com/EcologyofKazakhstan

Қар барысы “Алтын-Емел” ұлттық паркінде қараша айында тағы да фототұзаққа түсті. Бұл ілбістің аталған ұлттық парктегі екінші видеосы. Қыркүйек айында фототұзаққа бір барыс түскенін ескерсек, енді ұлттық паркте сирек кездесетін жануардың екі дарағы мекендейді деуге негіз бар.

Қызыл кітапқа енген аңның саны жылдам азайып келеді. Қазақстанда 120-130, әлем бойынша 7 мыңдай ғана бас барыс өмір сүреді.

Ғылыми дәйектердің жоқтығына қарамастан, “Алтын-Емел” ұлттық паркінде барыс мекендейтіні құжат жүзінде дәлелденіп қойды. Айта кетейік, бұл жолы фототұзақ басқа тау шатқалына – шатқал шұңқырының, яғни барыс апанының дәл қасына орнатылды. Видеодан барыстың қалай демалып, пырылдағанын, айналаны торуылдап жүргенін көруге болады.

Қыркүйектегі барыс пен осы жолғы барыстың жүрген орындары бір-бірінен алыс екенін ескерсек, бұлар екі бөлек дарақ болуы мүмкін. Болжамды нақтылау үшін ілбістердің терісіндегі дақтар жіті салыстырылады.

Сирек жануарлардың фото, видео түсірілімдері БҰҰ Даму бағдарламасы орнатқан фототұзақтар көмегімен алынуда.

Барыстың табылуына байланысты және басқа да сирек ұшырасатын Тянь-Шань аюы, Түркістан мысығы, Тянь-Шань арқары, тас сусар, манул жануарларын зерттеу үшін “Алтын-Емелде” жаңа ғылыми-зерттеу жұмысы мен ұлттық парктің жануарлар популяциясының жағдайын бақылау ғылыми бағдарламасы басталады.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде

Дереккөз – EcologyofKazakhstan

Бүгінде қалалардың 97,2%-ы мен ауылдардың 86,4%-ы орталықтандырылған су құбырларына қосылған.

2021 жылдың соңына дейін ұзаққа созылған үш жобаның құрылысы аяқталады.

Бұл 197 мың тұрғыны бар 38 елді мекенге су жүргізуге мүмкіндік береді.

2025 жылға қарай 100% халық таза ауыз сумен қамтылады.

ЭКОЛОГИЯ МИНИСТРІ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ МАМАНДАРЫН КӘСІБИ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Дереккөз – www.facebook.com

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев орман шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Жыл сайын қазан айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін күн биыл 18 қазанға тура келіп отыр.

“Қиындығы мен сан-түрлі тәуекелдеріне қарамастан, еліміздің орман қорын сақтап, жаңғырту табанды еңбек етіп келе жатқан азаматтар қандай құрметке де лайық. Себебі орман кешені – экологиялық қауіпсіздіктің кепілі”,- деп жазды ол Twitter парақшасында.

Министр қазір орманшылар статусын көтеру мәселесі қаралып жатқанынан хабардар етті.

“Орманшылар баға жетпес ұлттық байлығымызды қорғап, келер ұрпаққа жеткізушілер. Олардың зор еңбегін ескере отырып, біздің министрлік орманшылар статусын көтеру мәселесін қарастырып жатыр. Жасыл табиғатты аялау – әрқайсымыздың міндетіміз. Сондықтан барлық ел азаматтарын орман қорына ұқыпты қарап, оны қорғаушыларға қолдау көрсетуге, жұмыстарын бағалауға шақырамын”,- деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.

Еске салайық, орман шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі 2017 жылы ҚР Үкіметі Қаулысымен бекітілген.

ҚР Экология мен Kazakh Tourism ұлттық компаниясы «Көлсай көлдері» ұлттық мемлекеттік табиғи паркінде экотуризмді дамытпақ.

Дереккөз – www.facebook.com/EcologyofKazakhstan

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Kazakh Tourism ұлттық компаниясы «Көлсай көлдері» ұлттық мемлекеттік табиғи паркінде экотуризмді дамытпақ.

Қайталанбас табиғат жауһарына қызығушылық жыл сайын артып келеді. Бірақ парктің инфрақұрылымы ескірген, заман талабына сай емес. Интернет жоқ.

Алдағы уақытта мұнда 3 визит-орталық, көру алаңдары мен этно-ауылдар салынады, 200 жаңа жұмыс орны ашылады, жатын орын қоры 500-ге жетеді. Ұлттық парктің жылдық табысы 150 млн теңгеге көбейеді.

Жамбыл облысында «Өтеміс» темірбетон арнасының құрылысы жүріп жатыр.

Дереккөз – www.facebook.com

Жамбылдық шаруалар үшін жағымды жаңалық- Байзақ ауданында 30 жылдан бері суармалы сусыз отырған Абай және Бірлік ауылдары келесі жылдан бастап сумен қамтылады.
Бұл 30 жылға жуық шешімін таппай келген мәселе болатын. Қазір ұзындығы 21 шақырым”Өтеміс” темір-бетонды каналының кұрылысы басталды. Енді келесі егін маусымында бұл ауылдың диқандары үшін су тапшылығы болмайды. Бұған қоса «Қазсушар» РМК өңірдегі ескі желілер мен су нысандарын жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Оңтүстік өңірлердегі егінді алқаптарға қажетті суармалы судың көбі трансшекаралық өзендерден алынады. Мәселен, Жамбыл облысындағы алқаптардың басым бөлігі Қырғызстанның Шу, Талас және Асу өзендерінен алынып, Ақсай, Көксай, Қақпатас, Қарақоныз, Меркі, Аспара секілді ішкі өзендер арқылы суарады.

Шардара су қоймасы 7 балдық жер сілкінісіне шыдас беретін сейсмикалық төзімділікке ие болады

Дереккөз – www.facebook.com/EcologyofKazakhstan

Cу қоймасы 56 жыл бұрын салынды
Резервуар 5,2 млрд. текше метрге есептелген
«Қазсушар» РМК құмнан көтерілген қабырғаларды қалыңдатып, жер асты суларының деңгейін төмендету үшін қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алды.
Ғалым Мырзабаев, құрылыс компаниясының басшысы:
«1 млн 100 мың текше метр құм төселіп, нысан қабырғасының артқы жағын толығымен нығайтамыз. Жер сілкінісі бола қалса, су астындағы тектоникалық плиталар ойнауы мүмкін. Сонда судың бетінде алып толқындар пайда болады. Бұл – жұмыстардың барлығы соның алдын алу шарасы».
Сондай-ақ ұңғымалардың саны 183-ден 600-ге көбейтілді
Су қоймасын қайта қалпына келтіруге мемлекет 7 млрд 733 млн теңге бөлді
Құрылыс жұмыстарын 2021 жылдың аяғына дейін толығымен аяқтау жоспарланып отыр
Судың көлемін есептеу үшін толығымен сандық технологиялар енгізіледі
Абай Мүтәлиев, Шардара су қоймасы өндірістік бөлімшесінің басшысы:
«Бөгеттен шығып жатқан сулардың барлығы компьютер арқылы есептеліп отырады»

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Атырау мұнай өндеу зауытында болып, өңірдің экологиясын жақсарту үшін істеліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Ақпарат көзі – www.facebook.com/EcologyofKazakhstan

Мәселен, қазіргі зауытта «Тазалық» жобасы іске асырылып жатыр. Ол ағын суларды тазалау, құрылғыларды жаңырту, механикалық тазалау ғимараттары мен ағын сулардың ашық тоғандарының реконструкциясын, “Тухлая балка” булану алаңының рекультивациясын жүзеге асыруды көздейді. Механикалық тазарту ғимараттарының реконструкциясы 2021 жылы аяқталады. Қалған жұмыстар 2023 жылы бітеді деп жоспарланған. Министр жұмысты сапалы орындау қажеттілігін еске салды. Түптеп келгенде өңірдегі эко-жағдай мен жергілікті халықтың өмір сапасы аталған жобаға қатысты болып отыр. Сондай-ақ өңірге жасаған сапары кезінде сала басшысы балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлермен кездесіп, шаруалардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Кәсіпкерлер салықтық жеңілдіктер мен субсидиялауды ұсынды. М.Мырзағалиев балық шаруашылығына серпін беретін барлық ұсыныстарды қарауға әзір екенін жеткізді.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика