АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комиттетінің кеңейтілген отырысында «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғалар жағдайындағы өңірлік әзірлік, ден қою және ынтымақтастық туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.
Құжатқа Әзербайжан, Иран, Қазақстан және Ресейдің уәкілетті өкілдері 2011 жылғы 12 тамызда Ақтау қаласында қол қойған болатын. Хаттаманың мақсаты – Каспий маңы елдерінің мұнайдың төгілуіне байланысты тосын оқиғаларға ден қоюға әзірлігін қамтамасыз ету жөніндегі жеке немесе бірлескен қажетті шараларды қабылдауы болып табылады.
Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың айтуынша, заң жобасына сәйкес Каспий маңындағы мемлекеттер теңіздегі мұнайдың төгілуіне және басқа да оқиғаларға байланысты ақпараттармен алмасатын болады. Бұдан бөлек, төтенше оқиғалар орын алғанда оған ден қою мақсатында өңірлік жоспарлар жасалады. Сонымен қатар, теңіз маңындағы әрбір мемлекет мүмкіндігінше арнайы техникалардың ең аз санымен қамтамасыз етілуге міндетті болды. Сондай-ақ, егер басқа тараптар сұрау салғанда ондай техникаларды ұсыну және мұнай төгілумен байланысты төтенше жағдайларды жоюға Каспий маңы мемелкеттерінің барлық ұжымдық күшін пайдалану мүмкіндігі қарастырылады.
Тұтастай алғанда, хаттаманы ратификациялау Каспий теңізі мұнаймен ластанған жағдайда өңірлік шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Заң жобасы палатаның қарауына жіберілді.
Дерек көзі: http://inform.kz/kaz/article/2874398