Астанада «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының маусымы ашылды | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Астанада «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының маусымы ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін «Гүлдене бер, Туған ел!» жалпыұлттық жастар марафон-эстафетасы басталды. Белсенді жастардың 300 жуық өкілі «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары маусымының ашылуына қатысты, деп хабарлады Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Аптасына екі рет еріктілер қаланы тазарту және абаттандыру жұмыстарын жүргізеді, ағаш отырғызып, жасыл көшеттерге күтім көрсетеді, сондай-ақ, соғыс ардагерлеріне тұрмыста көмектесетін болады.

Акцияға «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, «Жасыл ел» жасағының және студенттік құрылыс отрядтарының өкілдері, ЖОО, колледж студенттері, орта мектеп оқушылары тартылмақ.

– Біздің басты мақсатымыз әр патриотты қаланы абаттандыру жұмыстарына өз үлесін қосуға тарту. «Гүлдене бер, Туған ел!» акциясына жастар өз еркімен қатысады. Қазіргі жастар белсенді, бастаманы қуана қолдай кетеді, тазалықта тұрып, еңбек еткенді қалайды, – дейді «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Шахмардан Байманов.

Тұрақты түрде сенбіліктер өткізіледі. Жастар елорда көшелерін, аулалардағы ашық алаңдарды тазартып, ретке келтіреді, сондай-ақ, көгалдандырумен айналысады. Оның үстіне соғыс ардагерлері мен қарт адамдарға қол ұшын созады.

– Осындай акцияға алғаш рет қатысып отырмын. Мен мұны қала алдындағы борышым деп санаймын. Елорданы абаттандыруға үлес қосып, адамдарды қоқыс тастамауға, тазалықты сақтауға, ардагерлерге көмектесуге шақырамын, – дейді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті Аслан Асылбеков.

Қолайсыз ауа райына қарамастан акция басталып, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының 11-ші маусымы ашылған соң жастар іске кірісті – парк аумағын жинап, көшеттер отырғызды.

Айта кетейік, ертең, 23 сәуірде қалада «Таза қала – бақытты қала» жалпықалалқ сенбілігі өтеді.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика