Жыл сайын жаз айларында Елбасы елорда маңындағы «жасыл белдеуді» аралайды. Биыл да бұл дағдысынан жаңылған жоқ. Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев көкке бойлаған көк желекті өз көзімен көріп, оны күтіп-баптап жүрген мамандармен кездесті. Айта кетейік, Астана аумағын және қала сыртын «көкпен» көмкеруге Президент 1997 жылы пәрмен берген болатын. Содан бергі аралықта бас қаланың айналасында жалпы аумағы 73 мың гектардан астам екпе орман пайда болды. Бұл – Бурабай ұлттық паркінің көлемімен тең аумақ. Ендігі мақсат – Астананың жасыл аймағын Ақмола облысы Ақкөл ауданының орманына қосу. Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті -60-тан артық ағаштың сорттары өседі. Оның ішінде алма да бар, жидек те бар, жеміс те бар, барлығы да бар. Даладан тыңды игерген кезде, трактордың шуынан қашып кеткен жәндіктердің барлығы қайтып келді. Түлкі де бар, қоян да бар, елік те бар, қырғауыл да бар. Барлық құстар да бар. Өздеріңіз көріп отырсыздар. Сондықтан бұл, біріншіден, Астананың, ауаның тазалығы. Екіншіден, шаң жібермейтін, үшіншіден – желді ұстайтын қорған.
Источник: www.khabar.kz