ҚазАқпарат – Қазақстанда жаңаратын энергия көздерінің тарифі белгілі болды. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров бұл жайлы жан-жақты хабардар етті.
«Мамыр айының соңында Үкімет жаңаратын энергия көздерінен өндірілетін электр энергияларының тарифтерін бекітті. Мәселен, жел электр стансасы өндірген электр энергиясының тарифі 1 сағат кВт-ға 22,68 теңгені құрайды, ал күн электр стансаларында – 34,61, шағын су электр стансаларында – 16,71, биогаз құрылғыларында 32,23 теңгеге тең», – деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы жаңаратын энергия көздерін қолдау және пайдалану мәселелері бойынша заңнамаға толықтырулар мен өзгертулер енгізілген.
«Түзету Қазақстандағы жаңаратын энергия көздерін одан ары қалыптастыру үшін жағдай жасайды және секторды қолдаудың жүйелі шараларын енгізуге және бекітілген тариф мөлшерін есептеуге мүмкіндік берді», – деді Н.Қаппаров.
Министрдің атап өтуінше, 2020 жылға қарай Қазақстандағы жаңаратын энергия көздері үлесін елдің жалпы энергия балансының 3 пайызына жеткізу жоспарланып отыр.