Дереккөз: www.24.kz
Келер жылы «ЭКСПО-2017» көрмесіне Ресейден мыңдаған саяхатшы келеді.
Қазір екі ел арасындағы логистикалық желілер жаңартылып жатыр. Бұл туралы бүгін «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясында өткен алқалы жиында айтылды. Оған Ресейдің Омбы, Астрахань, Новосібір облыстары мен Алтай өлкесінің губернаторлары қатысты. Ұлттық компания басшысы Ахметжан Есімов дүниежүзілік шараны өткізу жоспарын таныстырды. Сондай-ақ көрмедегі көрнекті жобалар жайлы жан-жақты ақпарат берді. Қазірдің өзінде 26 мемлекет баламалы қуат көзіне арналған ең үздік тәжірибесін ұсынып та үлгерді.
Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК АҚ басқарма төрағасы:
– Туристердің басым бөлігі Ресей мен Қытайдан келеді. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінен мыңдаған мейман күтеміз. Шекарамызға жақын орналасқан 12 облыста роуд-шоулар өткіздік. Сол секілді шараларды Мәскеу, Санкт-Петербор, Сверлов және Қазанда ұйымдастырдық.
Басқосу барысында, «Астана ЭКСПО-2017» компаниясы мен шекаралас облыстар арасында ынтымақтастық меморандумы бекітілді. Ресейлік атқарушы органдар енді дүниежүзілік шараға белсенді атсалыспақ
Александр Жилкин, Астрахань облысының губернаторы:
– Астрахань аймағында баламалы қуат көздеріне ерекше екпін беріледі. Бизнес пен іскерлік ортаның қызығушылығы басым. Қазір Астананың туристік фирмаларымен логистикалық мәселелерді реттеп жатырмыз. Атырау мен Астрахань арасында сыйымдылығы жоғары, жайлы автобустарды жолға шығарып, Астанаға қатынау мүмкіндігін молайтсақ деген жоспар бар.
Александр Карлин, Алтай өлкесінің губернаторы:
– Астанадағы көрмені тамашалау үшін жан-жақты жағдай жасаймыз. Алтай өлкесі мен Батыс Қазақстан арасындағы барыс-келісті жақсартып келеміз. Келер жылы туристер дәл осы бағытпен Астанаға келе алады.