Бүгін «Астана-ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен Австрия Ұлттық павильонының комиссары Рихард Шенц кездесті, деп хабарлайды BNews.kz.
«Австрия осы көрмеге қатысып, өз өнімін таныстара алатындай мүмкіндік туғанына қуанышты. Елімді «Болашақ энергиясын» пайдаланатын әлемдік лидерлердің бірі деп санаймын. Бүгінде энергияның 25 %-ын баламалы көздерден аламыз», – деді Рихард Шенц.
Ұлттық павильон жұмысы аясында Австрия экономикалық және туристік байланыстарды дамыту үшін В2В форматында кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, олар екі жақты экономикалық форум ұйымдастыруға ниет білдіріп, үлкен мәдени бағдарлама дайындап жатыр, деп хабарлады көрменің ресми сайты.
Кездесу барысында австриялық тарап өздерінің үздік павильонының тұжырымдамасын ұсынды. Бұдан басқа, комиссар «Үздік тәжірибелер аймағы» контентіне елінің мақтанышы болып отырған үш австриялық компанияның әзірлемелері кіргендігін айтты.
Қыркүйектің ортасында басты тақырыптық павильондардың бірінде көрмеге шығарылатын энергия саласындағы үздік әлемдік тәжірибелер ішінде байқау аяқталды. Нобель сыйлығының лауреаттарынан тұратын халықаралық комиссия «Үздік тәжірибелер аймағы» үшін 20-дан астам жоба іріктеді.