Елбасы салынып жатқан «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінің аумағында болды | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Елбасы салынып жатқан «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінің аумағында болды

Akorda.kz

Мемлекет басшысы  мұнда «Астана ЭКСПО-2017»  көрме кешені құрылысының барысымен танысты.

Бірқатар мемлекеттік органдардың, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның, сондай-ақ  Sembol, Mabetex, BI-Group, «Базис-А», «САЭМ», Mega Management, Astana Innovation компанияларының басшылары Президентке көрме аясында жүзеге асырылып жатқан жобаларын таныстырды. Олардың қатарында Астана қаласының жаңа көлік жүйесін қалыптастыру, халықаралық әуежайын дамыту және теміржол вокзалы кешенінің құрылысы секілді жобалар бар.

Нұрсұлтан Назарбаев көрмені өткізу Астана қаласының ғана емес, бүкіл Қазақстанның дамуындағы маңызды кезең екенін атап өтті.

– Бұл – әлемдік ауқымдағы ірі іс-шара. Бүкіл әлемге өз мүмкіндіктерімізді көрсету үшін Сіздерге, мердігерлерге оның дайындығына қатысуға сенім білдірілді. Сіздер өз қабілеттеріңізді өзге нысандарда дәлелдедіңіздер. Отандық компаниялар, сондай-ақ біздің елімізде жұмыс істеген шетелдік мердігерлер бұған дейін ешқашан ұятқа қалдырған емес, қазір де бәрін уақытында және сапалы атқаруы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Бұл ретте Қазақстан Президенті бірінші кезектегі міндет – нөлдік циклды қазан айына қарай аяқтау екенін, бұл құрылыс жұмыстарын қысқы маусымда да жүргізуге мүмкіндік беретінін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев уақыттың тығыздығына, соған орай кестені қатаң сақтау қажеттігіне де тоқталды.

Мемлекет басшысы барлық ғимараттардың көрме біткеннен кейін пайдаланылуының маңыздылығын тағы бір рет еске салды.

– Бастапқыда қонақ үй қызметін атқаратын барлық ғимараттар кейін баспана ретінде пайдаланылуға тиіс. Бұл көрме аумағында салынған барлық ғылыми, сауда және басқа да орталықтарға қатысты мәселе.  Көрме үшін салынған ғимараттары кейін пайдаланылмай қалған өзге елдердің қателігін қайталауға жол беруге болмайды. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы осыны қадағалауы тиіс, – деді Қазақстан Президенті

Нұрсұлтан Назарбаев қаланың көрмені өткізуге толық дайын болып, отандық бай мәдениетті таныту арқылы қонақтарға жоғары қызмет деңгейін көрсетуі тиіс екенін де айтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы көрменің дайындығы мен оны өткізуге бөлінетін қаражаттың жұмсалуын жіті бақылау қажеттігіне де назар аударды.

Көрме аймағындағы негізгі құрылыс нысандарының қатарында Қазақстанның ұлттық павильоны, халықаралық, тақырыптық және корпоративтік павильондар, сауда және сауық нысандары бар. Жалпы аумақты абаттандыруды және нысандар бойынша барлық жұмыстарды 2016 жылдың соңына қарай аяқтау жоспарланған.

Халықаралық көрмелер туралы конвенцияға сәйкес, Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесі 3 айға – 2017 жылғы 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін созылады.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика