2014 жылдың 4–5 шілдесінде Астанада «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығы ҚР қоршаған орта және су ресурстары министрлігімен бірлесіп, Балық шаруашылығы комитетінің облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциялары мен ведомствоға бағынысты кәсіпорындарының басшылары мен қызметкерлері үшін «Биоалуандықты сақтау және аквакультураны дамыту» тақырыбындағы семинар-тренинг өткізді.
Іс-шара биоалуандықты сақтау, тауарлы балық шаруашылығын және аквакультураны дамыту саласындағы әлеуетті арттыру мақсатында өткізілді.
Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамасы мен оны іске асыру бойынша 2013–2020 жылдарға арналған жоспарда балық ресурстарын сақтау мен тауарлы балық шаруашылығын дамыту жөніндегі міндеттер қойылған. Оларды орындау мақсатында 2020 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленуде. Осы жұмыстың барысымен семинарға қатысушыларды ҚР ҚОСРМ Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Қайырбек Мұсабаев таныстырды.
Семинар аясында қатысушылар «жасыл» экономиканың халықаралық тәжірибесімен, 2030 жылға дейінгі биологиялық ресурстарды сақтау мен орнықты пайдалану тұжырымдамасының жобасымен танысып, балық шаруашылығының тиімділігін бағалау, аквакультураны дамыту саласындағы қазіргі технологияларды, Қазақстанда тауарлы балық шаруашылығы мен аквакультураны қолдау тетіктерін зерделеді.
Осы мәселелерді қарастырып, талқылауға «Жасыл Академия» ҒБО директоры, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі Кеңес мүшесі, профессор Б. Есекина, ҚР Статистика агенттігінің өндіріс және қоршаған орта статистикасы департаментінің директоры А. Епбаева, Қазақ балық шаруашылығы» балықшылар мен балық шаруашылығы субъектілерінің қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастығының ғылым және аквакультура жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары С. Темірханов, БҰҰ Даму бағдарламасы жобасының ландшафттық жоспарлау тобының жетекшісі А. Ағажаева, «КазАгроинновация» АҚ «Агроөнеркәсіптік кешенінде экономикалық саясат талдау орталығы» ЖШС-ның аға аналитигі Д. Ли қатысты.
Тыңдаушылар Еуропалық қайта құру және даму банкінің шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасымен танысты. Атап айтқанда, ЕҚДБ шағын бизнесті қолдау тобының гранттар жөніндегі маманы Т. Святкина банктің бизнесті қолдауға, оның ішінде балық-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарын дамытуға бөлінетін гранттарды алу тетіктерімен таныстырды.
Семинар Қазақстандағы тауарлы балық шаруашылығы мен аквакультураның келешегі мен әлеуеті талқыланған дөңгелек үстелмен аяқталды.
ҚР ҚОСРМ баспасөз қызметі