Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) алаңында сарапшылар қауымдастығы өкілдерімен кездесті. Кездесудің негізгі мақсаты Қазақстанның 25 жыл ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуына қорытынды жасау және «5 институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалуын талқылау болды.
Министр өз сөзінде жүргізілген реформалардың арқасында Тәуелсіздік жылдары Қазақстан ең серпінді экономикалық үштікке еніп, ал қазақстандық экономика шетелдік капитал үшін тартымды бола түскендігін және осы 25 жыл ішінде елге 260 млрд.АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция әкелінгенін атап көрсетті. Қазақстан бүгінде ТМД елдері арасында тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы түсімі бойыншаРесейден кейінгі екінші орынды иеленіп отыр. Қазақстан еңбек өнімділігін арттыруда айтарлықтай табысқа, сондай-ақ, өнеркәсіп өндірісі көлемін 10,3 есе ұлғайтуға қол жеткізді.
Бишімбаевтың айтуына қарағанда, Мемлекет басшысының жүргізген реформаларының арқасында жұмыссыздық деңгейі 1991 жылмен салыстырғанда 2 есеге дейін төмендеді, ал кедейшілік деңгейі 3 пайыздан аспайды. Ол Тәуелсіздік жылдары денсаулық сақтау мен білім беру саласын қаржыландыру 8,5 есе өскенін, 1300 денсаулық сақтау нысаны салынғанын атап өтті. Денсаулық сақтау саласындағы тиімді жұмыстардың арқасында ана өлімі 1991 жылдан бері 5 есеге, сәби өлімі 3 есеге дейін азайып, туу көрсеткіші біржарым есе өсті. Елде өмір сүру ұзақтығы 68 жастан 72 жасқа ұлғайды.
Бұдан басқа, Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 8 есе, экспорт 9 есе, импорт 8 есе өсті.
«Президенттің бастамасымен тұрғын үй мен инфрақұрылым саласына инвестиция салуды үдету есебінен ғана емес, сонымен бірге ел экономикасын одан әрі жаңғырту мен Қазақстанның транзиттік қуатын арттыру арқылы экономикалық дамуды ынталандыратын 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» дағдарысқа қарсы бағдарламасы әзірленді», деді Бишімбев.
Кездесу кезінде 2025 жылға дейінгі ел дамуының стратегиялық жоспарының негізгі ережелері таныстырылды. Министр айтқандай, құжат Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы» жолдауын жүзеге асыру мақсатында әзірленген.
«Жаңа стратегиялық міндеттер және әлемдік экономикадағы жедел өзгерістер ортамерзімдік ұлттық іс-қимылды жаңа жағдайға сәйкес түзетуді және бейімдеуді талап етті. Елдің 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары «Қазақстан-2050» Стратегиясының ұзақмерзімдік мақсаттарына қол жеткізу жолында жүзеге асырылуы тиіс басымдықтар мен бастамаларды белгілеп береді. 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын жүзеге асырудың нәтижесі 7 ұлттық жетістік болуы тиіс», – деді министр.
Ол жаңа құжат аясында орташа өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін ұзартуға мүмкіндік беретін халық денсаулығын жақсартуға бағытталған шаралар жалғаса беретінін атап көрсетті. Бұдан басқа, барлық қалалар орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі, ал ауылдарды орталықтандырылған сумен жабдықтау 80 пайызға жеткізіледі.
Құжат сондай-ақ, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын әзірлеуге ықпал етеді. Жаңа бағдарлама бойынша шағын несиелеу көлемі кеңейтіліп, несие ресурстарына қолжетімділік артады, қарыздарды кепілдендіру және субсидиялау қолға алынып, берілген шағын несиелер бойынша жобаларды қолдау, кепілсіз несие беру және жұмыспен қамтудың ұлттық тұғырнамасы жасалады. Нәтижесінде 2025 жылға қарай 1 млн.-ға жуық кәсіпкер жеке ісін ашуға немесе кеңейтуге мүмкіндік алады, оның ішінде 500 мың жаңа бизнес өкілі пайда болады.
Стратегия аясында жоспарға сай, 2025 жылға қарай миллионға жуық отбасы жаңа баспанаға ие болады, 100 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Нәтижесінде тұрғын үймен қамту жан басына шаққанда 21-ден 25 шаршы метрге дейін артады. Бұл мақсатта дайын инженерлік инфрақұрылымы бар жер уческелерін бөлу жолымен дербес тұрғын үй құрылысын дамытуды, жеке құрылыс салушыларды ынталандыруды, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар үшін жалдық тұрғын үйлердің аймақтық қорларын құруды, коммерциялық банктердің ипотекалық несиесін арзандатуды көздейтін«Нұрлы Жер» бағдарламасы жүзеге асырылмақ.
Сондай-ақ, жоспар бойынша, мемлекеттің экономикадағы үлесі 2020 жылы 15 пайызға дейін азаяды, ал ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 2020 жылы 30 пайызды, 2025 жылы 35 пайызды құрайды. Аталған бағытты іске асыру аясында белгіленген шаралардың арасында жекешелендірудің кешенді жоспарын 2020 жылға дейін жүзеге асыру, мемлекеттік меншік құрылымын реформалау, ведомствоаралық ұйымдарды инвентаризациялаудың нәтижесінде 242 ұйымды жою, экономика саласында 2017 жылдан бастап бағалық реттеуден антимонополиялық жауап қату шараларына көшу және әкімшілік кедергілерді азайту белгіленген.
Сарапшылар қауымдастығы өкілдері 2025 жылға дейінгі ел дамуының стратегиялық жоспары уақтылы әзірленіп отырғандығын, құжатта көрсетілген бағыттарды жүзеге асырудың маңыздылығын атап көрсетті.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Ұлттық Экономика Министрлігінің Ресми Интернет-Ресурсы