Парламент конституциялық реформаны қабылдады | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Парламент конституциялық реформаны қабылдады

Дереккөз: www.24.kz

4afe2d98bd543de521d854c34d08adfa_l

Парламент қоғамда қызу талқыланған конституциялық реформаның жобасын қабылдады.

Қос палата депутаттары заңды бүге-шегесіне дейін қарастырып, 19 бапқа 26 түзету енгізді.

Конституциялық реформа жобасы Мәжіліске өткен жұма күні түсті. Арнайы құрылған бірлескен комиссия демалыс күндері де тыным тапқан жоқ. Сөйтіп жолданған 26 ұсынысты екі күн ішінде саралап, қажет деп тапқан 10 түрлі өзгерісті енгізді. Соның бірі – Ішкі істер министрін тағайындап, оны қызметтен босатуды Президенттің құзыретінде қалдыру.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Осы ұсыныспен келістік. Себебі, Ішкі істер министрі қоғамның ішінде, мемлекеттің ішінде қоғамдық қауіпсіздік үшін тікелей жауап береді. Әрбір жеке азаматтың жеке басының қауіпсіздігіне жауап береді. Сонымен қатар, Елбасы – ҚР Президенті өзінің жоғары лауазымымен қатар ҚР әскери Бас қолбасшысы болады. Осындай лауазымы бар. Ал, Ішкі істер министрлігінің құрамында ұлттық гвардия бар. Бұл – тікелей әскери мекеме. Осы себепті біз қолдадық.

Сонымен, Елбасы Қорғаныс пен Сыртқы істер және Ішкі істер министрлерін бекітеді. Өзге лауазым иелерін тағайындау кезінде Премьер-Министр Президент қарауына үміткерлердің тізімін ұсынады. «Келісіп пішкен тон келте болмайды». Сондықтан алдымен Парламентпен кеңесіп алады. Ал, Астана және Алматы қалалары мен облыс әкімдерін бұрынғыша Мемлекет басшысы тағайындап, қызметтен босатады. Егер Үкімет мүшелеріне депутаттардың көңілі толмаса, жұмыстан қуылады.

Анар Жайылғанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бұдан былай біз Парламент палатасының депутаттарының 3/1 бөлігімен Үкіметтің мүшесін шақыра аламыз. Кез келген маңызды мәселе бойынша. Егер де есеп беру кезінде сол Үкімет мүшесі қандай да бір заңды бұзған болса, палата депутаттарының 3/2-сі дауыс берумен олар Президенттің алдында мәселе қойылады. Сол Үкіметтің мүшесін босату туралы. Ондай жағдайда Президент өтіншіті қанағаттандырады.

Ата заң – ең қымбат қазына. Адам құқы мен мен бостандығына кепіл берсе, осы құндылықтарды қорғайтын Адам құқықтары жөніндегі арнайы уәкіл бар. Мұндай жоғары лауазым иесі Елбасының Жарлығымен тағайындалып келген. Енді уәкілді 5 жыл мерзімге бекіту немесе босату Парламенттің құзырына беріліп отыр. Сондай-ақ, Президент лауазымына тағайындалатын азаматтың жоғары білімді болуы Конституциямен айқындалды.

Асқар Бейсенбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– 91-баптың 3-тармағына Елбасының тарихи рөлі жазылады. Ол – Елбасының атқарған еңбегі, ҚР даму жөніндегі үлкен жұмыстары әрқашан да талқыланбай сақталады деген сөз.

Ал, ел ішінде лаң салып, қоғам мен мемлекеттің жұмысына зиянын келтіргендер азаматтығынан айырылады. Бірақ ол үшін соттың арнайы шешімі қажет. Осындай бірқатар жаңашылдықты қамтитын заң жобасы бірінші кезекте Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігін арттыруға бағытталып отыр.

Икрам Адырбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Парламент пен Үкіметтің еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жауапкершілігін күшейтіп отырмыз. Сонымен қатар ел Президентінің сыртқы қауіпсіздікті нығайтудағы қызметіне барынша толық мүмкіндік жасап отырмыз.

1 ай бойы бүкілхалықтық талқылауға шығарылып, Парламент қос палатасының сүзгісінен өткен заң жобасын депутаттар бірауыздан мақұлдады. Іле-шала құжат Елбасының қарауына жолданды. Ал, Президент Конституцияда белгіленген құндылықтарға заңнаманың сәйкестігін қарастыру үшін Конституциялық кеңеске өтініш білдірді.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Ержан Қанапияұлы, Аят Дүйсенбаев

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика