Жамбыл облысында өрт қауіпсіздігіне байланысты оқу-жаттығу шарасы өтті | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Жамбыл облысында өрт қауіпсіздігіне байланысты оқу-жаттығу шарасы өтті

Дереккөз:  www.24.kz

aa93d60ba9d97e839f8bb01b35e8c185_l

Жайнаған жаз мезгілінде өрт шығу қаупі еселеп арта түседі.

Соның ішінде егіс алқаптары мен ормандардың отқа орануы орасан зор шығынға әкеліп соқтырып жатады. Тілсіз жаумен күресте қолда бар әдіс-тәсілдердің нәтижелілігін тексеріп, техниканың мүмкіндігін байқау мақсатында Жамбыл облысында оқу-жаттығу шарасы өтті. Байқау барысында мамандардың іс-қимылы сыналып, кәсіби біліктілігіне баға берілді.

Жаттығу жоспары бойынша Жамбыл ауданындағы Ақбұлым ауылы маңында таулы аймақты қызыл жалын шарпыған. Төтенше жағдай қызметкерлері лезде іске кірісіп, отпен күресті бастап кетті. Өрт сөндірушілер бірінші кезекте қазіргі таңда қолданып отырған құралдарының мүмкіндігін көрсетті. Барлығы күреске 42 техника түрі тартылды. Олардың қатарында тікұшақтар да бар.

Якубжан Ибрагимов, авиатоп жетекшісі:

– Облыс бойынша 3 млн 74 мың гектар аумақты қорғаймыз. Қарамағымызда 10 орман шаруашылығы бар. Жұмысымыз – өрттің алдын алу, кең аумаққа жібермеу.

Мамандарды жарақтандыру ісіне көңілді көбірек бөлу көзделуде. Заманауи техника алынып, олардың көмегімен жедел жұмыс атқару ойластырылып отыр.

Кәрім Көкірекбаев, облыс әкімі:

– Жыл басынан бері барлық аудандарда жаттығу өткіздік. Дала өртінің қаупін ескере отырып, облыстық деңгейде қолға алып отырмыз. Табиғатты пайдалану басқармасы мен төтенше жағдай қызметіне жаңа техникалар алу қажеттілігін ескеріп, алдағы уақытқа жоспарлап отырмыз.

Жаттығуда медицина мамандарының жұмысына ерекше көңіл бөлінді. Олар алғашқы көмек көрсетіп, жедел әрекет ете алатындықтарын байқатты. Өрт сөндірушілер де шұғыл қимылдап, қысқа уақытта қойылған тапсырманы орындап шықты.

Мақсат Қосыбаев, облыстық «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мекемесінің басшысы:

– Барлығы өзінің алдына қойылған міндеттерді ойдағыдай атқарып, бірлесе әрекет етудің арқасында шартты өртті дер кезінде өшіре білді. Атап өтетін жағдай, облыстағы өрт сөндіру бөлімдері биылғы жазғы өрт қауіпті кезеңге дайындыққа келтірілді.

Мұндай шаралар төтенше жағдай қызметі мамандарының біліктілігін арттыруға өз үлесін қосады. Оқу-жаттығу жұмыстарынан бөлек олар өз іс-қимылдарын кәсіби өрт сөндірушілер мектебінде де шыңдап тұрады.

Авторлары: Нұржан Мергенбай, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика