ЭКСПО халықаралық көрмесіне келушілер жел энергетикасымен жан-жақты таныса алады | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

ЭКСПО халықаралық көрмесіне келушілер жел энергетикасымен жан-жақты таныса алады

Дереккөз: www.24.kz

5f5bb4eb76f5ecb220f7af9bced2c62e_l

Өткен ғасырларда теңізшілер бір құрлықтан екінші құрлыққа жету үшін жел энергиясын пайдаланған. Бұл осы баламалы қуат көзі тарихының жүздеген жылдар бұрын бастау алғанын көрсетеді.

1970 жылғы мұнай дағдарысынан кейін жел күшінен қуат алатын өнертабыстар нарыққа ене бастады. Баламалы қуат көздерінің осы және өзге де түрлері ЭКСПО қалашығындағы «Нұр әлем» павильонында кеңінен таныстырылады.

Жел, от, су, жер. Бұл – табиғаттың адамзат игілігі жолындағы теңдесіз сыйы. 19 ғасырдың басында жасанды қозғалтқыштардың көлеңкесінде қалған мұндай энергия түрлері бүгінде қайта жаңғырып келеді. ЭКСПО халықаралық көрмесіне келушілер баламалы қуат көзінің осы түрлерімен етене танысты. «Нұр әлем» ұлттық павильонындағы 5-қабат жел энергетикасындағы бірқатар тың жобаларға арналды. Солардың қатарында мына бір испандық өнертабыс бар.

Мақсұт Қайырғазин, стендші:

-Бұл цилиндр пішінді өнертабыс Испанияда ойлап табылды. Оның тыныш жұмыс жасауы жел диірмендерінен басты артықшылығы болып саналады. Айналадағы жануарлар мен құстарды еш үркітпейді. Екіншіден, экологиялық таза және көлемі де шағын. Қалыпты қуат өндіруі үшін жылдамдығы секундына 1 метр жел болса жеткілікті. Үстіңгі бөлігі жылжымалы, сәйкесінше жел ескенде аздап шайқалып, пайда болған вибрацияны генераторға жібереді. Ал генератор электр қуатын өндіреді. Бұны шағын үйге таптырмас қуат көзі десек те болады.

Желден қуат алатын белгілі көліктерге желкенді кеме, аэроплан, әуе шары мен дирижабль секілді техникалар жатқызылатыны белгілі. Көрмеде шығыс пен батыс ғалымдарының әр ғасырда ойлап тапқан басқа да өнертабыстары туралы деректер ұсынылды. Ал алып экран арқылы павильон қонақтары табиғат аясын тамашалап, желдің түр-түрін тамашалап қана қоймай, оны тұла бойымен сезініп көрді.

Мирлан Алтынбек, тілші:

-Көрмеге келушілерді, әсіресе балаларды ерекше қызықтырғаны мына мен кірейін деп тұрған бөлме. Бұл бөлменің атауы – аэродинамикалық құбыр. Бұл жерде Бофорт шкаласын, яғни жел жылдамдығын сезуге болады. Мысалы, мына 3 деп тұрған жерде баяу самал жел. Оның жылдамдығы сағатына шамамен 20 шақырымды құрайды. Ал келесі мына жерде жел екпіні 40 шақырымға жетеді. Ал мына 7 саны көрсетілген жерде қатты жел. Оның жылдамдығы сағатына 50-60 шақырымды құрайды.

Жел – ежелгі халықтардың аңыз-ертегілерінде жиі кездесетін құбылмалы кейіпкер. Бірде ол – тұнық самал, енді бірде ашулы дауыл мен құйын. ЭКСПО қонақтары көне елдердің жел туралы мифологиясын естеріне түсіріп, мынадай интерактивті глобустар арқылы желдің қалай пайда болатынын білді. Сонымен қатар виртуалды торнадо генераторын іске қосып, уақыттарын қызықты өткізді.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика