Қызылорда облысында кооперативтерге бірігу агробизнеске жаңаша серпін берді | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Қызылорда облысында кооперативтерге бірігу агробизнеске жаңаша серпін берді

Дереккөз: www.24.kz

cacbec95f51dcf0a3424d36968df74c0_l

Сыр өңірінде жұдырық болып жұмылған мыңнан астам жеке қожалықтан 223 кооператив құрылды.

Агро-өнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі бағытын жүзеге асыру бойынша Шиелі ауданы көш бастап тұр. Ондағы «Шиелі төрт түлігі» өндірістік кооперативі күніне бір тоннаға дейін шұбат өндіреді.

Маң-маң басқан түйелер және аймақтағы ең дәмді шұбат. Бала би ауылындағы Жүсіповтердің қазіргі жетістігі осы. Малшы отбасы алғашында 20 бас ойсылқара тұқымын бағып-қағып, қазір түлік санын тоқсанға жеткізді.

Мүбәрак Жүсіпова, ферма сауыншысы:

– Күнделікті осы түйені азанда және кешке сауамыз. Сүт алатын цехқа күнделікті 50, кейде 60 литр береміз. Күнделікті ақшаға беріліп тұрады. Айына біршама теңге болады. Литрін 300 теңгеден өткіземіз.

Жүсіповтер отбасы сауып әкелген сүтті осындай 35 майда шаруашылықтардың басын біріктірген «Шиелі төрт түлігі» кооперативі қабылдайды. Өңделген түйе сүтінен «АруАна» атауымен шұбат өндіріледі. Бір жарым жылдың ішінде кәсіпорын өнімдер түрін көбейтіп, қаймақ, қатық-айран, құрт-сүзбесін де саудаға шығарды.

Сабыр Есмаханов, «Шиелі төрт түлігі» кооператив директоры:

– Көптеген қиындықтар болды енді. Бірақ ауыл адамдарын үйреттік сүт саууға, санитарлық нормасын үйреттік, сосын жайылымда жүрген түйелерді әкеліп сауғыздық. Сөйтіп сүттің көлемін көбейттік. Бастапқы кезде 400 литр шұбат өндіретінбіз. Қазір 1 тонна күнделікті өндіретін қабілетке жеттік. 

200 бас түйе санын 750 жеткізген кооперативтің алдағы жоспары ауқымды. Басты меже агроқұрылым әлеуетін арттырып, ауылдықтардың әлеуметтік жағдайын жақсарта түсу. Ата кәсіпті түлетушілер мемлекеттік қолдаудан да кенде емес.

Пірмұхаммед Сыздықов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Биылғы жылы облыс бойынша индикативтік жоспар бойынша 19 жеке шаруашылық кооператив құрылу керек болса, биылғы жылдың өзінде 20 кооператив құрылып отыр. Қазіргі таңда осы кооперативтерге мал басын алу мен құрал-жабдық алуға жұмыстар жүргізіліп жатыр. Одан бөлек ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 15 кооперативке 1 млрд 56 млн тг қаржы бөлінді.

Кооперативке бірігу агробизнеске жаңаша серпін бергені байқалады. Өйткені жұмыла көтерген жүк жеңіл екенін түйсініп, ұйымдасып ұжымдасқан ауылдықтардың қазаны майлы, өмірі жайлы.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Әлхайдар Тұрлыханов

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика