Қостанай облысында бос қалған жерлер игеріле бастады | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Қостанай облысында бос қалған жерлер игеріле бастады

Дереккөз:: www.24.kz

b750b4d6953535bab93c9f9cb16b9f99_l

Қостанай облысының Жангелдин ауданында соңғы жылдары егіс алқабы үш есе ұлғайған.

Өңір диқандары Торғайдың бос қалған танаптарын қайта игере бастады. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында кәсіпкерлер техникаларын да жаңартып жатыр.

Қазір тіршілік қыз-қыз қайнаған бұл мекен, үш жыл бұрын құлазыған қу медиен болатын. Бидай тазалайтын қырман мен астық сақтайтын орынның құрылысы таяуда аяқталмақ. Мемлекеттің қолдауына сүйенген кәсіпкер Қайрат Райысов қиындықтан тайсалған жоқ. Ол ең алдымен лизинг арқылы техника паркін жаңалауға мән берді. Қуатты көліктермен бірге еңбек өнімділігі жоғарылады.

Қайрат Райысов, шаруашылық басшысы:

– Ескі комбайндармен шабатын жерімізді мына комбайндар үш есе артық орады. Ол – жап-жақсы өнімділік. Ескі техниканы сатып жіберіп жатырмыз. Комбайндарды жаңартып болып қалдық.

Кеңес кезінде Жангелдин ауданында 100 мың гектарге дейін бидай себілетін. Тоқсаныншы жылдары ол 7 мың гектарға дейін төмендесе, биыл 22 мың гектарға жетті. Тиісінше аудан көлемінде алынған жаңа техникалар саны да артқан.

Руслан Құлетов, Жангелдин аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы:

– Агроөнеркәсіп кешені бағдарламасы бойынша шаруа қожалықтары ауылшаруашылық техникаларын алған жағдайда  50% қайтарып береді шығынын. Соңғы үш жылдың өзінде ауданда жаңа техниканың саны елуге тарта болып отыр.

Торғай – табиғаты қуаң аймақ. Мұнда егін егуге екінің бірінің жүрегі дауаламайды. Десе де «күтімін тапсаң, мол өнім алуға болады», – дейді Қайрат Райысов. Мемлекет көмегіне сүйеніп, егістік алқабын 500-ден 8000 гектарға дейін кеңейткен ол былтыр гектарынан 12-14 центнерден астық жинады.

Қайрат Райысов, шаруашылық басшысы:

– Жермен жұмыс істеу керек. Жылда қалдыратын парың бар, оны сақтау керек. Сүдігер жырту керек. Жермен жұмыс істесең, ол өнім береді.

Болат Сералин, агроном:

– Біздің бір бетке ұстар жеріміз – бидайымыздың сапасы. Бірінші клас есебінде кетеді. Қамырлылығы 30-дан төмен болмайды. Брендіміз осы – сапа.

Егіс жұмыстарын уақытылы өткізген торғайлық диқандар орақ науқанына дайындық үстінде. Бірер күнде арпа ору басталмақ. Ал келер аптада егін жинауға кіреседі.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика