Атыраулық бағбандар әр түп алма ағашынан 40 келіден астам өнім алды | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Атыраулық бағбандар әр түп алма ағашынан 40 келіден астам өнім алды

Дереккөз: www.24.kz

c2901091f5410b74c6d0cfeaeac3acd5_l

Атыраулық бағбандар алма өсіріп жатыр.

Осыған дейін мұнайлы өңірде өндірістік бағыттағы бірде-бір алма бағы болмаған еді. Мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен үш жыл бұрын алма өсіруді қолға алған жергілікті шаруашылық биыл айтарлықтай өнім жинады. Ауа райының қолайсыздығы, топырақ құрамының тұздылығына қарамастан, бағбандар осы маусымда әр түп алма ағашынан 40 келіден астам өнім алды.

Бастапқы да төрт гектар алқапқа алма ағаштарын отырғызған шаруашылықтың алма бағы бүгінде 150 гектарға жетті. Отандық ғылыми-зерттеу институттарындағы кәсіби мамандардың кеңесі мен үш жылғы тәжірибе арқасында жүзеге асқан жоба біртіндеп жемісін бере бастады.

Елдос Бегәлиев, агроном:

– Біз ағаштарды тамшылатып суару әдісімен суарып жатырмыз. Оның алмаға пайдасы мол. Ол ылғалды жақсы ұстайды. Тамыр бойына жақсы таратылады. Оның тағы бір пайдасы, бізде су қымбат тұрады. Оңтүстік өңірлерде судың бағасы 30 тиын болса, Атырау облысында судың бағасы 14 теңге тұрады.

Ал жылда мол табысқа кенелудің өзіндік қыр-сыры бар. Ол – мамандардың маңдай тері мен күні-түнгі еңбегінің нәтижесі. Жергілікті ауыл тұрғындары біртіндеп үйреніп, қазір нағыз бағбанға айналды. Қазір шаруашылықтың бағында алманың 32 түрі өсіріледі.

Сембей Мұхамбетов, бағбан:

– Мен осы жердің жергілікті тұрғынымын – Сарайшық ауылынан. Осы алма бағында көп жылдан жұмыс істеп жатырмыз. Алма өнімі жақсы. Бір түп алмадан 40 келідей алма аламыз.

Биыл көктемнің кеш келіп, ал жаздың күрт ысып кетуіне қарамастан, жергілікті бағбандардың бұл маусымға өкпесі жоқ. Олар 150 га бақтан 300 тоннадан астам өнім жинады. Алғашқы белестен сүрінбей өткен шаруалар келер жылдан бастап жүзім, құлпынай секілді жеміс-жидектерді де өсірмек ниетте.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика