Мұнай мен газдың көлеңкелі айналымы тыйылмай тұр | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Мұнай мен газдың көлеңкелі айналымы тыйылмай тұр

Дереккөз: www.24.kz

Ақтөбе облысында 2014-2016 жылдары ірі кен орындарынан 8 мың тонна мұнай ұрланған. Қылмысқа қатысы барлар тұтқындалып, тиісті жазасын алды. Алайда мұнай мен газдың көлеңкелі айналымы әлі де тыйылмай тұр.

Бүгінде ішкі істер департаменті 17 қылмыстық істі тексеріп жатыр. 6 вагон мұнай өнімін Ауғанстан асырмақ болғандардың ойы іске аспады. Ел экономикасына теріс әсерін тигізетін қылмыстың алдын алу үшін кешенді шаралар  қабылдануы тиіс.

Бұл туралы Ақтөбеде өткен өңіраралық форумда айтылды. Бас прокуратура мен облыс билігі бірігіп ұйымдастырған жиынға батыс аймақтың прокурорлары мен мұнай компанияларының өкілдері қатысты. Жалпы соңғы 3 жылда елімізде мұнай мен газ ұрлығына қатысты 700 іс қозғалып, 11 қылмыстық топтың жолы кесілген.

1 млн тонна мұнай өнімі заңсыз айналымға шығарылып, мемлекетке 100 млрд теңге шығын келді. Мысалы кейбір компаниялардың өндірген мұнай көрсеткішімен сыртқа тасымалданған көлемінде сәйкестік жоқ. Форумда бас прокуратура 7 қадамнан тұратын кешенді шара ұсынды. Ең бастысы бұл салаға қатаң бақылау жасап, нақты есеп жүргізу керек.

Азамат Дүйсенбеков, ҚР Бас прокуратурасының департамент басшысының орынбасары:

– 3 жыл ішінде өндірілген, қайта өңделген мұнай мен экспортқа шығарылған мұнай көрсеткішінің айырмашылғы 2 млн тоннаны құрап отыр. Бұл шамамен – 600 млн АҚШ доллары. Алдағы уақытта осы екі жүйені бір базаға біріктіріп, ортақ есеп жүргізу қажет. Сонымен бірге табиғатты пайдаланушылар электронды есеп жүйесін енгізулері керек. Әйтпесе бұл саланың көлеңкелі тұстары мұнай айналымына бақылау жасауға мүмкіндік бермей отыр.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика