Дереккөз: «ҚазАқпарат»
«Ертic орманы» мемлекеттік табиғи резерватында кез келген ағаш түрін, оның ішінде санитарлық кесуге үш жылдық мораторий жүзеге асырыла бастады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы орман шаруашылығы және жануарлар әлемі бөлімінің басшысы Мұрат Әлижикеевтің айтуынша, мораторий туралы шешімді облыстық әкімдік ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныспен жүгінген кезден, яғни өткен жылдың көктемінен бастап күткен. – Қазіргі таңда тыйым салу туралы бұйрыққа қол қойылды және барлық сатыдан келісімнен өтіп, Әділет министрлігінің тіркеуіне тапсырылған. ҚР Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің бұйрығында 2016 жылға «Ертic орманы» үшін ағаш кесу нормасы белгіленбеген. Орман және күзет инспекциясының қызметкерлері өздерінің жұмыс орындарында қалады. Штат қысқартылмайды. Олар өрттен кейін орманды сөндіру және тазалау жұмыстарымен айналысады, – деді Мұрат Әлижикеев.
Ал, облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инпекциясы бөлімінің басшысы Құмар Құсайынов атап өткендей, ведомствода былтырғы жылғы «Ертіс орманы» резерватында мемлекетке заңсыз ағаш кесудің нәтижесінде келтірілген шығын есептелген. – Былтырғы жылы 16 562 текше метр ағаш кесу, 102 заңсыз орман отау фактісі орын алған. 16 562 текше метр тіркеліп, 814 миллион теңге шығын келтірілгені анықталды. 17 көлік құралы ұсталып, 102 қылмыстық іс қозғалды және 10-ы сотқа берілді, – дейді Қ. Құсайынов. Ведомствода енгізілген мораторий бірегей қарағай орманын сақтап қалуға септігін тигізбек.
Еске сала кетейік, орман қорының Павлодар облысындағы мемлекеттік табиғат резерваты 478,7 мың. га құрайды. Оның 277,9 мың га аумағын Лебяжі және Шарбақты аудандарындағы «Ертіс орманы» резерватының қылқан жапырақты орманы алып жатыр.