Дереккөз: www.24.kz
Қазақстандық «АгромашХолдинг» Беларусь ауылшаруашылық техникасын өз елімізде шығарады.
Минскіде серіктестердің кезекті кездесуі өтіп, Беларусь-Қазақстан бизнес-форумы аясында әріптестер бірнеше маңызды келісімшартқа қол қойды. Осының нәтижесінде «Гомсельмаш» жүздеген комбайн құрастыру үшін Қазақстанға техникалық бөлшектер жеткізетін болды.
Беларусьтар қазақстандық шаруалар үшін жүздеген жаңа инновациялық ауылшаруашылық техникасын ұсынады. Минскіде екі елдің ірі компаниялары «АгромашХолдинг» пен «Гомсельмаш» бірегей құжатқа қол қойды. Жаңа келісім қазақстандықтарға заманауи ауылшаруашылық көліктерін қолдануға құқық береді. Яғни «АгромашХолдинг» тек бұл техникаларды өндіріп қана қоймай, Қазақстан аумағында сатылымға да шығара алады.
Алексей Сидоренко, «АгромашХолдинг» АҚ басқарма төрағасы:
– Біз «Гомсельмаштың» Қазақстан аумағындағы тұңғыш әрі жалғыз өкілі боламыз. Бұл қолға алынып отырған шара сатылатын техниканың санын арттырып, өндірілетін өнімді жергілікті аумаққа бейімдеп жасауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Беларусь-Қазақстан бизнес-форумында қос тарап бес жүз комбайн құрастырып шығаруға арналған техникалық жиынтықтарды жеткізу бойынша келісімге қол қойды. Сарапшылардың айтуынша, бұл «АгромашХолдингтің» жұмыс платформасын ұлғайтып қана қоймай, тағы да 100 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, «АгромашХолдинг» – Қазақстандағы алдыңғы қатарлы заманауи ауылшаруашылық техникасын өндіруші кәсіпорын. Онда 500 маман жұмыс істейді.