Келіссөзді еліміздің Жапониядағы елшілігі ұйымдастырды. Қазақстандық делегация өкілдері сутегімен жүретін автокөлікке мініп, энергия үнемдейтін кәсіпорындарды көрді.
Жапония, жел және күн энергиясын пайдалану бойынша әлемдегі үздік он елдің тізімінде жоқ. Бірақ екі мың оны алтыншы жылы мұнда жел электр стансаларының саны екі есе өсті. Сондықтан Күншығыс елінен үйренеріміз көп. Соның бірі тұрғындар мен кәсіпкерлерді энергия үнемдеуге ынталандыру.
Масаоми Кояма, Жапонияның табиғи ресурстар және энергетика Агенттігінің басқарма басшысы:
– Салқындатқыш шығаратын компаниялар бар. Олар энергияны үнемдейтін өнім шығарса, сыйлықтармен марапатталады. Энергия үнемдейтін үйлер де бар. Мұндайтұрғын жайларды сатып алушыларға мемлекет субсидия бөледі.
Тосинобу Като, JICA департаментінің бас директоры:
– Жапонияның электр энергиясын өндіруге арналған жоғары технологиялық панельдер өндірісі бойынша үлкен тәжірибесі бар және алғашқы өнімдері дайын. Сондай-ақ күкірт-натрий батареяларын шығаратын жапондық компаниялар да бар. «Джайка» Қазақстанда көптеген жобаларды жүзеге асырды және сіздердің елдеріңізбен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үмітті.
Қазақстандық қонақтарды әсіресе жапондықтардың сутегімен жүретін автокөлік өндірісі қызықтырды. Мұндай көліктердің біріне делегация басшысы Рәпіл Жошыбаев отырып та көрді. Бір рет сутегі толтырылған бұл техника алты жүз елу шақырым жол жүреді.
Юко Сасаки, компания менеджері:
– Көлікті сутегімен толтыру уақыты үш минут. Бензин құйғанмен бірдей. Қазір Жапонияда 2392 көлік осы сутегі отынымен қозғалады. Оларды қамтамасыз ететін 92 арнайы станция бар.
Ал жапондар болса Астананың халықаралық шараларды ұйымдастыру тәжірибесіне қызығушылық танытты. Осака қаласы EXPO-2025 көрмесін өткізуге үміткер. Бұл орайда жапондар EXPO-2017 нысандарын мамыр айында келіп көрмек. Рәпіл Жошыбаев күншығыстағы әріптестерін Астана экономикалық форумына қатысуға шақырды.
Рәпіл Жошыбаев, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» АҚ басшысы:
– Біз әлемдегі осындай орталықтарды осы форумға шақырғымыз келеді және орталық басшыларының кездесуін ұйымдастыру жоспарымыз да бар.
Қазақстандық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы және жапондық энергияны сақтау орталығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға дайын. Қазір құжат дайындалып жатыр. Алдағы уақытта қазақстандық мамандар Жапонияда тәжірибеден өтеді. Бұл туралы келісім жасалып та қойды.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян