Дереккөз: www.kz.energo.gov.kz
2018 жылғы 23 маусымда ҚР Энергетика Министрі Қ.Бозымбаев бастаған қазақстандық делегация ОПЕК мүше мемлекеттері мен ОПЕК-ке кірмейтін мемлекеттер арасындағы төртінші министрлік кездесуіне қатысты.
Министрлік кездесу ОПЕК президенті, Біріккен Араб Әмірліктерінің Энергетика министрі Сухейл әл-Мазруи мен Ресей Федерациясының Энергетика министрі А.Новактың төрағалығымен өтті.
Отырыс барысында дүниежүзілік мұнай нарығын тұрақтандыруға бағытталған бірлескен шаралар талқыланды, сондай-ақ осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін мұнай шығарудың жиынтық көлемін күнде бір миллион баррельге арттыруға келісілді.
Төртінші министрлік кездесуге ОПЕК мүше мемлекеттерімен бірге Қазақстан, Әзірбайжан, Бахрейн, Бруней, Габон, Конго, Малайзия, Мексика, Мысыр, Оман, Ресей, Судан, Уганда, Чад, Эквадор, сондай-ақ Оңтүстік Африка қатысты.
ОПЕК мүше мемлекеттері мен ОПЕК-ке кірмейтін мемлекеттер бас қосып дүниежүзілік мұнай нарығын тұрақтандыруға және инвесторлардың мұнай индустрияға сенімдерін қалпына келтіру барысында өз үлестерін қосты. Мұнай саласы еліміздің экономикасында маңызды рөл атқаратынына байланысты тұрақты дүниежүзілік мұнай нарығын сақтау Қазақстанның мүдделеріне сай келеді.