Дерекөз: ҚазАқпарат
Ақтөбе облысында ауылдық елді мекендерді газбен қамтамасыз ету бойынша 19 жоба іске қосылды. Ол үшін бюджеттен 6,4 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің сайтына сілтеме жасап.
2019 жылы жоспарланған 19 жоба аяқталған соң Ақтөбе облысындағы 11 ауылдың 7 мыңнан астам тұрғыны көгілдір отын желісіне қосылады. Бұл халықтың әл-ауқатын жақсартуға және ауылдардағы шағын және орта бизнестің дамуына ықпалын тигізеді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысы Дастан Амановтың айтуынша, қазіргі уақытта облыс халқының 88% немесе 752 мың адам газбен қамтылған. 2018 жылдың соңына дейін Әйтеке би ауданына қарасты Аралтөбе ауылы мен Хромтау ауданының Жазық ауылын газбен жабдықтау ісі аяқталады.
Елді түгелдей газдандыру ісі 2018 жылдың наурыз айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес әлеуметтік бастамасының бірі екені белгелі. Бүгінде республиканың 9 облысына газ тартылған. Олардың басым көпшілігі – оңтүстік және батыс өлкелер. Орталық және солтүстік өңірлер әзірге газбен жабдықталмаған.
Аталмыш мәселені шешу үшін Президент Н. Назарбаев Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағыты бойынша магистральдік газ құбырын салу туралы ұсыныс білдірді.