Қарағанды зообағы толықтай қайта жасалады | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Қарағанды зообағы толықтай қайта жасалады

Дерекөз: ҚазАқпарат

Қарағандының жануарлар бағында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Болашақта тәлімбақ аумағында заманауи ғимарат, қаумалдар, қашалар, жасанды шығанақтар мен көлдер пайда болады. Жануарларды ұстау шарттары мен оларды көрсету қағидалары да толығымен өзгеретіні күтілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қайта құру жобасын «Гражданпроект» институтының қызметкерлері зоолог мамандардың қатысуымен жасады. Зоопарктің аумағында жөндеуге жатпайтын ескі, апаттық ғимараттарға демонтаж жасау басталды. Оның орнына жануарларды қыста ұстайтын жаңа нысан тұрғызылады. Барлығы заманауи, инновациялық талаптарға сай жасалады», – деп атап өтті баспасөз қызметінен.

Жоспар бойынша жаңа ғимарат холының орталығында үш қабаттан тұратын атриум болады. Келушілер бірінші қабаттан қолтырауын мен тасбақаларды көре алады. Екінші қабатта аквариумдардағы балықтар, рептилиялар мен құстар болады. Үшінші қабатта 46 адамға арналған көрме залы мен конференц-зал орналасады.

Құрылыстың мерзімі – 16 ай.

Қарағанды зообағы – Қазақстандағы ең ескі хайуанаттар бағының бірі, мемлекеттік маңызы бар парк. Оның іргесі 1938 жылы қаланған.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика