Қызылорда облысында озық технология сор басқан жерді жасыл желекке бөледі | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Қызылорда облысында озық технология сор басқан жерді жасыл желекке бөледі

Дереккөз: www.24.kz

9a8a6151d68c149186e15edbaa4db9ac_l

Құм ортасындағы алма бағы. Жалағаш ауданындағы шаруашылықтың бірі қолданған «жасыл» технология сортаңданған жерді де жайқалған жасыл желекке айналдыруға болатынын дәлелдеді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен жүзеге асқан жобаның ерекшелігі мен нәтижесі.

Күн сәулесі және жел массаларын электр энергиясына айналдыратын қос құрылғы айтулы жобаның негізгі бөлігі. Шаруашылықта барлығы 9 «жасыл» технология топтастырылған. Негізгі мақсат – сортаңданған жерді ауыл шаруашылығына тиімді пайдалану.

Жобаның нәтижесінде шамамен 8 гектар жер қалпына келтірілді. Оның 3 гектарына алма бағы, ал қалған бөлігіне көкөніс дақылдары егілді.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

– Баламалы энергияны тереңдігі 330 метрлік ұңғымадан су шығару үшін де пайдаланады. Тіршілік нәрі мына 90 текше метрлік бассейінге жиналады. Оны арнайы құрылғымен тазартқаннан кейін шаруашылықтың игілігіне жаратады. Яғни егін суарып, малға су беріп қана қоймай, ауыз су қажеттілігін де өтеп отыр.

Егін алқаптары түгелдей тамшылатып суарылады. Ең бастысы көкөністің шығымы жақсы. Ал алманың «жартылай ергежейлі» тұқымы келесі жылдан бастап жемісін береді.

Сәкен Шағыртаев. шаруа қожалықтың төрағасы:

– Польша елінен әкелінген алма талы. Негізі шығымдылығы гектарына 3 тонна. Күн және жел энергиясынан бұл жерге алынатын 40 КВт энергия алынады. Күн аз түскен жағдайда дизельді генератор бар қосымша, сол арқылы тоқ беріп тұрады.

Мамандар ауылшаруашылығы бизнесін осындай оазистік суару сынды жаңа технологиялар негізінде дамыту арқылы су және энергияға жұмсалатын шығындарды 29 миллион теңгеге дейін үнемдеуге болатынын айтады. Одан бөлек ауаға бөлінетін зиянды заттардың көлемін жылына 300 тоннаға дейін азайтып отыр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика