Каспий конвенциясы: тарихи құжаттың мәні мен маңызы | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Каспий конвенциясы: тарихи құжаттың мәні мен маңызы

Дереккөз: www.24.kz

72c5cb73b42ff45a3bf4a77a54d1fb53_l

Каспий теңіз бе, көл ме деген сұраққа жауап табылды. Ақтау саммитінде мемлекет басшылары қол қойған конвенцияда осы мәселеге түпкілікті нүкте қойылды.

Енді алып су қойнауын игеру тұрғысында тек халықаралық теңіз нормалары қолданылады. Ал үстіңгі бөлігінде көлге қатысты құқықтық ережелер ескеріледі. Конвенцияда көзделген бұл талап қазақстандық ұстанымдарға толықтай сәйкес келеді.

Каспийді енді әлемде теңдесі жоқ теңіз деп те, көл деп те атауға болады. Су алабында екеуіне де қатысты халықаралық нормалар қолданылады. Себебі құрлықтың қақ ортасында орын тепкен және бір де бір өзен келіп құймайды. Алайда суы ащы әрі аумағы үлкен. Құжаттың тағы бір тиімділігі оны жағалай жатқан 5 ел теңізден ырзық-несібесін көруді жалғастыра береді.

Жұмабек Сарабеков, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы институттың сарапшысы:

– Теңіз түбін қалай бөлісу деген сұрақ. Бұл ретте өте оңтайлы қағида ұсынады. Яғни Каспий теңізін бөлу көршілес жатқан мемлекеттердің үлесінде. Екі жақты, үш жақты келісімдер арқылы жүзеге асыру. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері жасасқан келісімдерге заңдық күш береді. Бекітеді. Кодификациялайды.

Конвенцияда теңіздің жануарлар және өсімдіктер әлемін қорғау мәселесі шешімін тапты. Енді әр мемлекет жағалауынан 15 миль аумаққа дейінгі бөлікті қажетті мақсатына пайдаланады. Одан әрі 10 мильдік бөлікті балық аулау үшін қолдана алады. Ал айдынның қақ ортасында 5 мемлекет кемелері еркін жүзеді. Себебі бұл аумақ ашық теңіз деп танылды. Бұған қоса Каспийдің ерекше мәртебесі арқылы оның табанында ірі экономикалық жобалар жүзеге асады.

Арыспай Қабдығалиев, стратегиялық зерттеулер және болжау қызметінің жетекші ғылыми қызметкері:

– Газ құбырын салу құрылысының жобасы қазір әзірлену үстінде. Оны жүргізудің үш түрлі әдісі бар. Бірақ барлығы құқықтық мәртебесі жоқ болғандықтан тоқтап тұрды. Оның үстіне, халықаралық жағдай қиын болды. Енді осы мәселе шешімін табады. 

Айта кетейік, Каспий жалпы саны 240 миллион халқы бар 5 мемлекетке тиесілі. Еліміз үшін оның құқықтық мәртебесі Еуропа пен Азия арасында алтын көпір болуға мүмкіндік береді. Себебі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы Қытайдың «Бір жол, бір белдеуімен» байланысады. Сол арқылы арадағы жүк тасымалы артып, Қазақстан тоғыз жолдың торабында тұрған алып мемлекетке айналмақ.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы, Айдос Меделбеков, Руслан Жәкеев

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика