Жаңа технологиямен салынған тұрғын үй қолданысқа берілді | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Жаңа технологиямен салынған тұрғын үй қолданысқа берілді

Дереккөз: «24.kz»

Ақтауда жаңа технологиямен салынған тұрғын үй қолданысқа берілді. Бұл – толықтай отандық өніммен бой көтерген аймақтағы алғашқы көпқабатты баспана. Оның құрылысына индустриалды құрылыс комбинатындағы инновациялық әдіспен шығарылған темірбетон өнімдері қолданылып отыр. Қазақстанда жасалған материалдардың арқасында қысқа мерзімде әрі қабырғасы берік ғимараттар тұрғызылуда. Мамандар «Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылғандай құрылыс саласына «бір терезе» қағидасы енгізілсе, елімізде тұрғын үй көптеп салынар еді деп отыр. Сырттай қарасаң, бұл тұрғын үйдің өзгелерінен еш айырмашылығы жоқ. 9 қабатты, 134 пәтері бар. Ерекшелігі – инновациялық өніммен қаланған қабырғаның беріктігінде. Темірбетонды құрастыру әдісі бойынша салынған баспана жер сілкінісіне шыдайды. Мұндағы 90 пәтер кезекте тұрған азаматтарға беріледі, қалғаны сатылып жатыр. Отандық өнімнің сапасын жақсы білетін құрылысшы Мұса Беймырзаев та осы үйді таңдапты.

Мұса Беймырзаев, жаңа пәтер иесі:

– Ақтау қаласына көшкіміз келіп, үй қарадық. Көптеген үй салынып жатыр ғой. Бәрі де ұнайды, бірақ осы үйді ұнаттық. Бұл – қазіргі таңда өзіміздің отандық өніммен салынып жатқан үй. Плита бәрі де осы жерден шығады. Бөлмелерінің кеңдігі, жылылығы, салынған құрылыс материалдары бәрі де көңілімізден шықты.

Модульді тұрғын үй технологиясы бойынша баспаналар «Лего» ойыншығы тәрізді құрастырылады. Жаңа әдістің арқасында жылдың кезкелген мезгілінде ғимараттардың қабырғасын қалай беруге болады. Отандық темірбетон өнімдері қысқа мерзімде арзан баспаналардың бой көтеруіне ықпал етуде. «Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылғандай, құрылыс саласына жаңа жүйе енгізілсе, жұмысымыз бұдан да жеңілдей түседі», – дейді құрылысшылар.

Марат Аушахманов, құрылыс компаниясының директоры:

– «100 нақты қадам» жоспарының 47 қадамында жобалық-сметалық құжаттарды сараптамадан өткізу процесін бәсекелестік ортаға беру туралы өте орынды айтылған. Жаңа жүйенің арқасында нысанды сараптамадан өткізу жеңілдеп, оның бағасы да арзандай түседі деген сенімдеміз. Бұл құрылысшылар үшін өте тиімді. Құрылыс саласына енгізілген өзгерістер елімізде баспаналардың көптеп салынуына тікелей ықпал етеді деп ойлаймын.

Аймақтағы индустриалды құрылыс комбинатының арқасында жылына 100 мың шаршы метр баспана салуға болады екен. «Зауытта шығарылатын темірбетон өнімдері өңірдегі тұрғын үйдің бағасын төмендетуге де ықпал етеді», – дейді мамандар. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорын өткен жылы 30 мыңнан астам темірбетон өнімдерін өндірген. Инновациялық өнімдердің сапалы құйылуына зауыттағы 80 адам жауапты.

Сағадат Сәлімова, зертхана меңгерушісі:

– Біз әрбір бетон өнімінен шағын үлгі алып, оны әр 7 күн сайын тексеріп отырамыз. Оның мықтылығын, сапасын. 7 күнде 30-дан артық көрсетеді. Ол деген сөзіміз, біздің бетон өнімдеріміздің мықтылығын, сапалылығын көрсетеді. Жұмысымызда жақсы жағдайлар жасалған. Асхана, жатақхана бар. Жалақымызды уақытында алып отырамыз.

Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақта керамзитті материалдар шығаратын тағы бір зауыт бой көтеруде. Бұл кәсіпорын өндіретін өнімдер баспаналардың жылы болуын қамтамасыз етеді екен. «Жаңа зауыт іске қосылғанда құрылыс саласындағы отандық өнімдердің үлесі 95 пайызға жетеді», – дейді мамандар.

Авторлары: Мөлдір Мұсаева, Саламат Бекбаев

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика