Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары бір аптаға ерте басталды | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары бір аптаға ерте басталды

Дереккөз: www.24.kz

Жалпы ауыл шаруашылығы дақылдары 823 мың гектар алқапқа егіледі деп жоспарлануда.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мың гектарға артық. Бүгінге дейін жер жырту жұмыстары 95 пайызға орындалған.

Оңтүстікте басқа аймақтарға қарағанда көктемгі дала жұмыстары ерте басталады. Ордабасылық шаруа Бақытжан Бекбосынов биыл 40 гектар алқапқа картоптың Рифьера сортын егуде. «Жаңа тұқымның басқаларға қарағанда өнімділігі жоғары», – дейді кәсіпкер. Өйткені былтыр 20 гектарға егіп, гектарына 70 тоннадан өнім алыпты.

Бақытжан Бекбосынов, шаруа:

– Өте керемет картоп, ерте піседі. Өсімталдығы өте жоғары. Іші сары болады. Тәтті болады. Тағы бір ерекшелігі, біздің картопта ешқандай нитрат жоқ. Біз азот қолданбаймыз.

Диқан картопты голландиялық тәсілмен егеді. Техниканы Ресей мен Беларуьстен әкелген. Жаңа технология бойынша тұқым мен минералды тыңатқыш топыраққа қатар түседі. Қажетті дәрумендер беріледі. Жердің құнарлылығын сақтау үшін топыраққа іріқара малдың қиы араластырылған. Өнім мамыр айының ортасында піседі. Шаруа биыл 40 гектардан 1 мың 800 тонна өнім жинауды жоспарлап отыр. Табиғи таза өнімге Ресей тарапынан сұраныс жоғары артқан.

Бақытжан Бекбосынов, шаруа:

– Ресейдің екі облысы – Красноярск пен Новосибирскке біз картопты жеткізіп береміз. Олармен біздің келісімшартымыз бар. Олар біздің картопты жақсы көреді. Олар бізді қатты күтіп отыр. Былтыр біз Ресейге 800 тонна өткіздік.

Биыл Түркістан облысының диқандары 823 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді жоспарлап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мың гектарға артық. Ал егіс құрылымын әртараптандыру мақсатында бидай 174 мың, ал мақта 121 мың гектарға егілмек. Бұл өткен жылғыдан егіс көлемі азайғанымен, есесіне көкөніс пен картоп және бақша дақылдары 114 мың гектарға орналастырылып, егіс көлемі 5 мың гектарға ұлғаяды.

Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Жүгері дақылының егіс көлемі де 2600 гектарға артып, 44 мың гектарға орналастырылады. Ал  майлы дақылдардың егіс көлемі 2 мың гектарға артып, жалпы 100 мың гектарға егу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда жер жырту жұмыстары 95 пайыз жер жыртылды. Яғни жоспарланған жаздық дақылдар 510 мың гектар болатын болса, соның 475 мың гектар жері  айдалды. Қолда бар 15 мың дана трактордың 95 пайызы, 1,5 мың дана шынжыртабанды трактордың 93 пайызы жер жырту жұмыстарына дайын. Бүгінге дейін биылға жоспарланған 510 мың гектар жаздық дақылдың 18 мың гектарына тұқым себілген. Көкөніс 5,6 мың, каптоп 2 мың, жоңышқа 5 мың, жаздық бидай мен мақсары 1,5 мың гектарға егіліп үлгерген.

Биыл үкімет тарапынан көктемгі дала жұмыстарына 38 мың тонна жанар-жағармай бөлініпті. Оның 10 мың тоннасы наурыз, 15 мың тоннасы сәуір, қалған 10 мың тоннасы мамыр айында шаруаларға үлестіріледі. Сондай-ақ минералды тыңайтқышпен қамтуға 4 млрд 300 млн теңге қаржы бөлінген. Демек бұл шаруалар сатып алған минералды тыңайтқышының 50 пайызы субцидияланады деген сөз.

Авторы: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика