Н.Назарбаевтың ұсынысымен 29 тамыз Ядролық сынақтарға қарсы күн болып бекітілген | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Н.Назарбаевтың ұсынысымен 29 тамыз Ядролық сынақтарға қарсы күн болып бекітілген

Дереккөз: www.24.kz


Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 28 жыл толады. Қазақ жері 40 жыл бойы жаппай қырып жою қаруының азабын тартты.

Егер Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ерік-жігер танытпағанда тағы қанша атом бомбасы жарылып, қанша адам ауыр дертке шалдығатынын болжаудың өзі қиын еді. 
1949 жыл. 29 тамыз. Ұйқыдан енді тұра бастаған халық гүрс еткен ауыр соққыны естіп, жарты аспанды алып кеткен от-жалынды көреді. Семей өңіріндегі ядролық сынақтар осылай басталған еді. Ал 1953 жылға дейін жергілікті ауыл тұрғындарына еш секерту жасалмастан бомбалар жарылып келді.

Уәлихан Қалижан, қоғам қайраткері:

– Полигон – бұл қазақтың дерті. Әлі күнге дейін оның дерті жойылған жоқ. Мінкеи сол полигонды өзінің жарлығыменен жабуы ол Президенттің болашақты ойлауы. 

Жалпы 40 жылдың ішінде 456 ядролық және термоядролық жарылыс болды. Сынақтар әуеде және жер астында жасалды. 1953 жылы дүниежүзінде алғаш рет қуаттылығы 500 килотонна болатын сутек бомбасы сыналды. Бірте-бірте халықтың наразылығы күшейіп 1989 жылы «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы құрылды. Ұйым жетекшісі Олжас Сүлейменов сол жылы Нұрслтан Назарбаевпен кездесіп біраз жайды ақылдасқанын айтады. Артынша «Невада-Семей» қозғалысы КСРО басшылығына полигонды жабу туралы талап қояды.

Олжас Сүлейменов, қоғам қайраткері:

– Бірақ КСРО басшылығы біздің талабымызды орындамай созбалақтатып отырып алды. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы президент ретінде, жоғарыға бағынбастан дербес шешім қабылдап Семей полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойды.

Уәлихан Қалижан, қоғам қайраткері:

– Сол кезеңде көптеген саясаткерлер оған қарсы шықты. Біз оны неге береміз. Егер біз ядролық мемлекет ретінде қалып тұрсақ жұрт бізді сыйлар еді, бізден қорқар еді деп сөйтті. Кейін Назарбаев айтты ал алып қалдық дейік, оны ұстайтын бізге қыруар күш керек. Оған ғалымдар керек, оған экономикалық потенциал керек. Ол бізде жоқ. Сондықтан да біз оны құры дақпыртпен алып қаламыз деп ертең елімізді, халқымызды қырып алмаймыз ба деді.

Семей полигонының жабылуы өзге елдерге де үлгі болды. Мысалы, 1992 жылы АҚШ Невададағы сынақты доғарды. Аз уақыттан соң бұл үрдіске Франция қосылды. Ал 1996 жылы Қытай Лобнордағы сынақтарды тоқтатты.

Олжас Сүлейменов, қоғам қайраткері:

– Семей полигонының жабылуы әлемдік ядролық сынақтарға қарсы қозғалысқа жол ашты. Ол Қазақстанға және Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа үлкен абырой әкелді. Еліміздің бұл бастамасы Біріккен Ұлттар Ұйымы мен өзге де халықаралық институттар тарапынан үлкен қолдауға ие болды.

Осылайша 29 тамыз Қазақстан тарихында зұлмат қарудан ада болған күн ретінде алтын әріппен жазылды. Айтулы оқиға әлемдік тарихта да ойып орын алды. 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша 29 тамыз ядролық сынақтарға қарсы Халықаралық күн болып бектілді.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика