Жаңа экологиялық кодекс: Ауаны ластайтын ірі кәсіпорындардың жауапкершілігі күшейтіледі | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Жаңа экологиялық кодекс: Ауаны ластайтын ірі кәсіпорындардың жауапкершілігі күшейтіледі

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы жылдың желтоқсан айында Парламентке қаралатын Жаңа экологиялық кодекс жобасы қолданыстағы заңнамаға қандай өзгерістерді енгізуді көздейді. Бұл жайлы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов толығырақ айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл желтоқсан айында Экологиялық кодекстің жобасы Парламент қарауына енгізіледі. Кодекс жобасын әзірлеуді 2018 жылдан бастаған едік. Бүгінгі күні экологиялық проблемаларды тұрғысынан бірнеше жаңа бастаманы атап өткім келеді. Қауымдастықтың, өнеркәсіптік компаниялардың және басқа да мүдделі органдардың өкілдері кіретін жұмыс тобы қазір жоба бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Жұмыс тобы 2018 жылдың қыркүйек айында құрылған. Жаңа Экологиялық кодексті әзірлеу кезінде экологиялық реттеудің халықаралық тәжірибесі ескерілді. Экологиялық заңнаманы жетілдірудің басты бағыты – «ластаушы төлейді» экологиялық қағидатын іске асыру», – деді Ахметжан Пірімқұлов.

Вице-министрдің айтуынша, бұл бағыт жаппай экологиялық реттеуден бас тартуды көздейді. Толып жатқан табиғат пайдаланушыны тәртіпке шақырмай-ақ, ірі ластаушы кәсіпорындарға көңіл бөлінбек. Яғни, бұл ретте заң жобасын әзірлеу кезінде барлық ірі ластаушы кәсіпорындарды қамту үшін осы санатты неғұрлым дәл анықтау көзделген.

«Қолданыстағы Экологиялық кодекс бойынша, қоршаған ортаға келтірілетін залалды бағалау – кәсіпорынның деңгейіне (1,2,3,4, санатына) қарамастан, бірыңғай тәртіпте жүргізіледі. Мұндай әдістің тиімсіз екенін түсініп отырмыз. Сондықтан, жаңа Экологиялық кодексте мұндай талапты тек «Бірінші санаттағыларға» қатысты қолдану ұсынылып отыр. Яғни, ауаға келтірілетін зиянды заттардың 80 пайызын шығарып отырған ең ірі ластаушы кәсіпорындарға назар аударылады», – деді ол.

Вице-министр атап өткендей, құжаттың жаңа жобасында таза технологияға көшіру мақсатында бірінші санаттағы кәсіпорындардың ластаушы заттар эмиссиясы үшін төлемақы мөлшерлемесін едәуір көтеру ұсынылып отыр.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика