Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бір джинсы жасап шығару үшін мақта жинау, өндіріс, тасымалдау мен жууды қосқанда, төрт мың литр су қажет. Мұнда табиғатқа келетін залал 33,4 кг көміртегі эквивалентін шығарумен бірдей. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы (ЮНЕП) ескісін тоздырмайынша, жаңа джинсы сатып алмауға кеңес береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Киім толы шкаф – өткен заманның белгісі. Ескі киімді жаңа тәрізді кию «Кішкентай қара көйлек» секілді сәнге айналып келеді. Біз сән индустриясының экологиялық тұрғыда таза болғанын қалаймыз», -дейді Париж қаласының вице-мэрі Антуанетта Ги.
Сән индустриясы өзінің ауқымды өндіріс көлемі арқылы климаттың өзгеруіне қарсы күреске айтарлықтай үлес қоса алады. Бұл салада 300 миллион адам жұмыс істейді және оның жылдық айналымы 1,3 трлн доллардан асады. Экологиялық қозғалыс белсендісі Лоуренс Мила Каналс өндірістік тізбектегі қоршаған ортаға зиян келтіретін процестерді анықтауға және шара қолдануға шақырады. «Киім шығарудың барлық қатысушылары тоқыма өнеркәсібіндегі өндіріс пен табыс процестерін қайта қарастыруға және қоршаған ортаға зиянды әдістерден бас тартуға күш салуы керек», – дейді ол.
Ал тұтынушылар экологиялық тазалыққа үлес қосу үшін аз киім сатып алуы тиіс. Статистикаға сәйкес, адамдар бір киімді шамамен он рет киеді. Әрине, елге және адамның әлеуметтік жағдайына байланысты бұл көрсеткіштер өзгеруі мүмкін. ЮНЕП орташа деректерді ұсынған.
«Дегенмен, жыл сайын киімге деген сұраныс екі пайызға артып отырады, екі мыңыншы жылдардың басымен салыстырғанда, бұл киімдерді үштен бір бөлігіне аз киеміз. Бұл сән-салтанат үшін планетаның қосымша ресурстары жұмсалады. Пайдаланылған киімнің 87 пайызы қоқысқа түседі: әлем бойынша бір секундта тұтас қоқыс тасушы көлікті киіммен толтыруға болады. ЮНЕП киім сатып алғанда, оны ұзақ кию үшін материалдың сапасына назар аударуға кеңес береді. Сондай-ақ, киілген киімдерді сатып алып, жалықтырған киімдерді «секонд хэнд» дүкендерге жіберу ұсынылады. Киімді мұқият киіп, заттарды сирек жуып, көп талшықты шайып тастайтын ұнтақтың орнына концентрленген арнайы сұйықтықпен жуу керек», – делінген БҰҰ хабарламасында.