Петропавлда ғасырдан астам тарихы бар ботаникалық бақ күрделі жөндеуден өтті | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Петропавлда ғасырдан астам тарихы бар ботаникалық бақ күрделі жөндеуден өтті

Дереккөз – www.inform.kz

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда күрделі жөндеуден өткен ботаникалық бақ бүгін – Халықаралық балаларды қорғау күні келушілерге есігін айқара ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы ботаникалық бақ – өңірдегі негізгі туристік нысандардың бірі. Қызылжар өңірінің мақтанышы. Оранжереяны тамашалауға келген ересектер де, балалар да өзіне қызықты мағлұмат ала алады. Жаңа кейіпке енген ботаникалық бақ енді туристік орталыққа айналмақ.

«Күрделі жөндеу жұмысына астаналық мамандар тартылды. Кіреберіске қалықтап тұрған бақшаның әсерін беру үшін айна қойдық. Тоған, субұрқақ, қысқы бақ, кіреберіс арка жөнге келтірілді. Біздің компания үш жыл сервистік қызмет көрсетеді. Көңілден шықпай жатса, олқылықтар табылса, сөзсіз жөндейміз», – дейді елордалық құрылыс компаниясының өкілі Асылбек Бағанов.

Жөндеу жұмыстарының жалпы бюджеті – 200 млн теңге болса, тек абаттандыруға ғана 90 млн теңге жұмсалды.

«Күрделі жөндеуден кейін көпшіліктің сүйікті орны – ботаникалық бақ ашылды. Бірегей оранжереяға қала қонақтары ғана емес, тұрғындар да жиі демалуға келеді. Балаларды қорғау күніне орай арнайы ашып отырмыз. Осыдан бірер жыл бұрын оранжерея жабылады деген қауесет тарады. Мен бұл демалыс орны, керісінше, көркейе түседі деп айттым. Оның бірегейлігі – биыл құрылғанына 108 жыл толып отыр. Күрделі жөндеуге дейін оранжерея аумағы заманға сай келмеді, ескірген болды. Қазір батпақтың орнына сарқырама пайда болды, түрлі шағын сәулет нысандары қойылды. Енді осы баққа әкелетін жолды жөнге келтіру қажет», – деді облыс әкімі.

Ботаникалық бақ енді кешке де жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, әр өсімдік жарықтандырылды, нәтижесінде кешкі бақ ғажайып күйге енеді.

Жалпы бұл оранжерея – еліміздегі ең көне бақтардың бірі. Мұнда тропикалық ағаштар, пальма, лимон, агава, орхидея сияқты экзотикалық өсімдіктер өседі.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика