Атырауда «Жасыл ел» еңбек жасағына 1000 жас тартылады | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Атырауда «Жасыл ел» еңбек жасағына 1000 жас тартылады

Дереккөз – www.inform.kz

АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырауда «Жасыл ел» еңбек жасағына 1000 жас тартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, Атырау облысында 10 шілдеде «Жасыл ел» еңбек жасағының жаңа маусымы басталады. Облыста биылғы еңбек маусымында мың жасты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Оның ішінде 300 жас Атырау қаласының аумағында, ал, әр ауданда 100 сарбаз жұмыс істейді.

«Жасыл ел» жастар жасағының жетекшісі Абылай Құрметұлының айтуынша, бүгінде аймақтың табиғатын қорғап, көркейту үшін 700-ге жуық адам өтініш білдіріп үлгерген.

«Жаңа маусымға тіркеу онлайн режимде жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта өтініш білдіруші 671 адам бар. Бірақ, олардың бәрі бірдей жарамды деген сөз емес. Тіркелушілердің құжаттары қосымша тексеріледі. Атап айтар болсақ, жеке куәлік, Kaspi Gold 20 саны, 18 жасқа толмаса ата-анасының рұқсат қағазы керек. Барлық сарбаздар қолғаппен, маскамен қамтамасыз етіледі. Олар арақашықтықты сақтап жұмыс істейтін болады», – дейді Абылай Құрметұлы.

Жоба аясында биыл да әдеттегідей барлық ауданда және Атырау қаласында ай сайын #TrushtagAtyrau акциясы ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, облыс жастары арасында экологиялық мәдениет пен ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған кемінде 10 іс-шараны өткізу жоспарланған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 1,1 мыңнан астам ЖОО түлегі жастар тәжірибесіне жіберілгелі отыр.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика