Жаңалықтар | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Астанада орман және дала өртіне қарсы оқу-жаттығу жиыны өтті

Дереккөз: www.24.kz

c55f12f8965264ae656303506292f0e1_l

Оған Төтенше жағдай қызметі мен қоршаған ортаны қорғау мекемесінің мамандары қатысты. Алдын ала әзірленген бағдарлама бойынша елорданың жасыл белдеуіндегі тұтанған өртті сөндіруге арналған жедел іс-әрекет жасалды. Атап айтқанда, төтенше жағдай қызметінің жеке құрамы арнайы көліктерімен шарпыған жалын ортасына жетіп, оны ауыздықтауға кірісті. Бұл іске әуеге көтерілген тікұшақ жәрдем берді. Нәтижесінде өрт жарты сағатта сөндіріліп, орман алқабы тілсіз жаудан аман қалды.

Сабыржан Төребеков, тікұшақ командирі:

-Өрттің бәрін өшірдік. Қазір бізде 2 тікұшақ бар, Алматы және Астана қалаларында. Аягөз Пазылова, қалалық Төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметкері: -Астана қаласының сыртындағы жасыл белдеуде күрделі түрде оқу-жаттығу өтті. Бұл оқу-жаттығуға жалпы 21 бірлік техника мен 801 адам жұмылуда. Құрғақ шөптер мен қамыстардың өртенуі ұлғайып кетті. Бүгінгі күні 96-шы рет өрт сөндіруге шығып отырмыз. Сондықтан қала тұрғындарын ескертеміз. Өрт қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар.

Ақтау саябағы мың шыршамен толықты

Дереккөз: www.24.kz

879082ce01b01054ded05d9a894034cd_l

Ақтауда жергілікті кәсіпкер орталық саябаққа шыршаның мың көшетін әкеліп берді. «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» жобасы аясында қолға алынған игі бастаманы өңірдегі жеті құрылыс компаниясының ұжымдары қолдады. Қайырымды азаматтарға алғыс айтқан қала басшылығы жас көшеттер күтіміне зор жауапкершілікпен қарауға уәде етті. Шаһарды абаттандыруға жауапты мамандар биыл өткен жылдармен салыстырғанда екі есе артық ағаш егуді жоспарлап отыр. Олардың айтуынша, өнегелі шараға қолдау білдірушілер саны жыл санап артып келеді. «Ақбота» саябағы толықтай қалпына келтірілген соң артылған көшеттер қаланың өзге де шағын аудандарына отырғызылады.

Берік Ізғалиев, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

– «Ақбота» саябағын көркейту мақсатында отырғызып жатырмыз. Осы ағаштардың барлығы да парк ішін абаттандыру үшін пайдаланылатын болады. Артылып қалған бөлігін қаламыздың басқа скверлеріне қолданамыз.

Шаңырақ Ермекбайұлы, кәсіпкер:

– Қаражатты өзіміздің мекемеден бөлдік. Осы үшін 50 млн теңгедей ақша шығарылды. Аталған шараны басқа азаматтар, құрылысшылар жалғастырады деп ойлаймыз. Біздің қалаға жетіспейтін бірден-бір нәрсе – көгалдандыру. Көк мәселесі – өте қиын мәселе.

НАСА астронавты ғарыштан түсірілген Қазақстандағы көлдің суретіне сүйсінді

Дереккөз: www.kazinform.kz

00001

АСТАНА. ҚазАқпарат – НАСА астронавты Роберт Шейн Кимбро Қазақстандағы көлдің ғарыштан түсірілген суретіне сүйсінді.

«Суретті бірнеше ай бұрын @Space_Station-нан алдым. Қазақстандағы көлдің айналасындағы түстер әдемі», – деп жазды ғарышкер Туиттердегі парақшасында.

Бұған дейін ғаламторда Алакөлдің екі түрлі түстегі суреті жарияланған еді. Ол Copernicus Sentinel-2 жерсерігімен түсірілген. Балқаш-Алакөл ойпатында тағы да екі көл бар: Қошқаркөл мен Сасықкөл.

Балқаш-Алакөл жүйесі ЮНЕСКО-ның айрықша табиғат қорғау аумағына жатқызылады, себебі бұл жерде бұйра бірқазандар мен қызыл қоқиқаздар мекен етеді.

Еске сала кетсек, Роберт Шейн Кимбро екі рет ғарышқа сапар шеккен (STS-126 (2008) «Индевор» шатлымен), (Союз МС-02 зымыранымен (2016-2017). Екі рет ашық ғарышқа шыққан.

Аударма: Жәнібек Амангелді

2017 жылдың 17-19 мамыр аралығында «Экологиялық кодекс. Құқыққолдану» тақырыбына өткізілген семинар туралы баспасөз хабарламасы

ҚР ЭМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК 2017 жылдың 17-19 мамыр аралығында Қостанай қаласында «Экологиялық кодекс. Құқыққолдану» тақырыбына қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласындағы мамандар үшін оқыту семинарын өткізді.

Семинарға қатысушылар келесі ұйымдар өкілдері: «Тазалық-2012» ЖШС; «Қостанай жолдары» ЖШС; «Қостанай-Су» МКК; Федоров ауданы әкімдігінің «Жаркөл» ЖШС; «Қазақстан Алюминийі» акционерлік қоғамының филиалы Торғай боксит кен басқармасы; «Қазақстан Алюминийі» акционерлік қоғамының филиалы Краснооктябрь боксит кен басқармасы; «Горизонт-2012» ЖШС; «Костанайские минералы» АҚ;  Жеке тұлға; «Шаруа» ЖШС; «Союзшахтоосушение» ЖШС; «Казвторчермет» АҚ Қостанай облыстық филиалы; «Арқалық ЖЭК» МКК.

Семинарда келесі сұрақтар қарастырылды:

  • ҚОӘБ жүргізу рәсімдері. Жобалық құжаттамалар құрамында қалдықтарды басқару бағдарламасы;
  • Өнеркәсіптік қалдықтардың мемлекеттік экологиялық сараптамасы;
  • Кәсіпорындардағы экологиялық қауіпсіздік;
  • Қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясат;
  • Қоршаған ортаны қорғау саласындағы және т.б мемлекеттк экологиялық бақылау және т.б.

Дәріс оқығандар:

Досмакова Бизара Жакиевна – ҚР ЭМ Қалдықтарды басқару департаменті  директорының орынбасары;

Ингербаева Жанат Умбетовна – ҚР ЭМ ЭРБК бас сарапшысы;

Булатова Зарина Исмагуловна – ҚР ЭМ «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК МЭАҚД БАБ басшысы.

Семинар соңында куәліктер табыс етілді.

«Көлсай көлдері» ұлттық паркінің құрылғанына биыл 10 жыл болды

Дереккөз: www.24.kz

52ef0aba96fd054eed7f54d2a179fa6d_l

Биыл «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрылғанына – 10 жыл. Соңғы кезде Көлсайдың көрікті табиғатымен танысуға келетіндердің қатары көбейді. Өткен жылы аймаққа 20 мың адам саяхаттап барған. ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі аясында шетелдік қонақтарға көрсетілетін туристік орындардың қатарында Көлсай да бар. Соған байланысты қазір инфрақұрылымы дамып, жолдар жөнделіп жатыр.

Талайды тамаша табиғатымен тамсандырған Көлсай Алматыдан 90 шақырым жерде орналасқан. Тәкаппар таулары, мұзарт шыңдар, мөлдір бұлағы мен сыңғырлаған өзен сулары, жасыл желек орманын көру үшін мұхит асып келетін туристер де бар.

Станислав Мациас, польшалық саяхатшы:

– Көлсай туралы ғаламтор арқылы білдім. Сөйтіп, көп ойланбай, билет алып, ұшып келдім. Табиғатты сипаттау мүмкін емес. Керемет. Екі апталық демалысымды осында өткізсем деймін.

Экологиялық аймаққа шетелдік саяхатшылардың көптеп келуі осы төңіректегі ауылдың әлеуметтік ахуалы мен экономикалық жағдайына оң ықпал етері сөзсіз. Өйткені жергілікті халық меймандарға өз қызметін ұсынып, қаржы табады. Яғни кәсіппен шұғылданады. Қазір мұнда жеке кәсіпкерлер көл жағалауын жалға алып, қонақүйлер мен демалыс орындарын салып жатыр. Негізгі талап құрылысқа қоршаған ортаға еш зияны тимейтін табиғи бұйымдарды ғана қолдану қажет.

Әміржан Малыбеков, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық-табиғи паркінің директоры:

– Қазақстанда үлкен «Нұрлы жол» жоспарымен жолдар жасалып жатыр. Соның бірі – Көлсайға деген республикалық маңызы зор жол құрылысы. Қазіргі күні жартылай ғана бітіп қалды. Келесі жылы аяқталады деген ойдамыз.

Табиғаты тамаша мекенде жастар санасына ізгілік пен адамгершілік қағидаларын сіңіру, табиғатқа жанашыр болуды үйрету мақсатында Парктер күні аталып өтті. Жыл сайын мұнда өңірдің өнерлі жасөспірімдері жиналып, туризмді дамыту жобаларын таныстырады.

Айсұлу Сатыбалды, оқушы:

– Ауылымызды көркейту үшін біз 3-4 тілді білуіміз керек. Біз сол арқылы елмізді, Көлсай көлдерін жаңғырта аламыз. Кенжелеп келе жатқан туризмді дамыту үшін оны тың жобалармен көркейтуіміз керек.

Көлсайда бірнеше емдік-сауықтыру кешендері бар. Одан өзге еркін демаламын деушілерге жаз айларында ауылдағы әр үйде ұлттық тағам түлеріне толы берекелі дастарқан жаюлы тұрады.

Авторлары: Алмас Садуақас, Асқар Серғалиев, Әбен Нарынбаев

М.Құл-Мұхаммед еліміздегі ең ірі жел электр станциясының жұмысымен танысты

Дереккөз: www.24.kz

e6a4a5bd45e0ca3c13522e1497af655b_l

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Жамбыл облысына барды. Жұмыс сапары барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед еліміздегі ең ірі жел электр станциясының жұмысымен танысты. Сондай-ақ жергілікті шаруалармен кездесіп, ірімшік зауытында болды. Тараз қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс алаңын көрді.

Қазақстандағы ең ірі жел электр станцияларының бірі Жамбыл облысында орналасқан. Мұнда жылына 50 миллион кВатт/сағатқа дейін электр қуатын өндіреді. Бұл өңірдегі 150 мыңға жуық халқы бар Қордай ауданын толық электр энергиясымен қамтамасыз етуге жеткілікті. Жалпы құны 12 млрд теңгені құрайды. Жоба Индустриалдандыру картасы мен «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржыландырылған.

  Марат Тоқбаев, ЖШС өндіріс жөніндегі директорының орынбасары:

– Жобаның жүзеге асырылуы өңірдегі электр қуаты тапшылығын төмендетуге мүмкіндік берді. Қосымша жұмыс орындары ашылды. Жергілікті бюджет түсімі артты. Қазір жалпы еліміз бойынша баламалы энергия көздерінен өндірілетін электр қуаты 3 пайызды құрайды. 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті 20 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз.

Жамбыл облысында ауыл шаруашылығына ерекше басымдық берілген. Былтыр облыс шаруалары жалпы құны 200 млрд теңгеден астам қаржыны құрайтын ауыл шаруашылық өнімдерін өндірді. Сапар барысында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары «Меркі ірімшік зауытына» арнайы барды. Бұл кәсіпорын аймақтағы 70-тен астам сүт өнімдерін өндіретін жалғыз зауыт. Оның тағы бір ерекшелігі құрамына 40 шаруа қожалықты біріктіріп отырғандығын айта кеткен жөн.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

– Елбасының тапсырмасы бойынша Қазақстанның барлық өңірлерінде ауыл шаруашылығын дамыту үшін миллиардтаған қаржы бөлініп жатыр. Бұл қаражаттарды + тек кооперацияға біріккен кезде ғана тиімді пайдаланады. Ірімшік зауыты 40-қа жуық кооператорлардың басын біріктіріп үлкен кооперация құрып, соның негізінде өнім өндіруді де, оның сапасын жақсартуды да, нарыққа шығаруды да биік дәрежеге көтеріп отыр екен.

Өңірде құрылыс жұмыстары да қарқын алған. Оған тартылған инвестицияның көлемі 32 пайызға артып отыр. Саланың айтарлықтай серпін алуы «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының басталуымен тікелей байланысты. Партия төрағасының бірінші орынбасары «Арай» тұрғын алабында жүріп жатқан құрылыс жұмыстарына ат басын бұрды. Жоспар бойынша мұнда 19 көп пәтерлі үй тұрғызылмақ.

Бақытжан Жидебай, құрылысшы:

Үй алып жатқан кісілердің бәрі қуанып жатыр ғой. Үйдің сапасы жақсы. Осының арқасында бәріміз жұмысты болып жатырмыз. +Әрбір қазақстандық отбасын пәтермен қамтамасыз ету саясатын қолдай отырып, халыққа қуаныш сыйлап жатырмыз.

Астаналық мейман партияның облыстық активінің басын қосты. Елбасы ұсынған экономикалық және саяси реформалардың мәні мен маңызын халыққа түсіндіру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Артынша студент жастар мен оқытушы-профессорлар құрамымен кездесті. Шара барысында Президенттің рухани жаңғыру жөніндегі бағдарламалық мақаласында айтылған басым бағыттарға ерекше көңіл бөлді.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

ШҚО-да лицей оқушылары тропикалық жеміс өсіруді қолға алды

Дереккөз: www.24.kz

305f28d79c870bfb5cf24f6d1527a69e_l

Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында экзотикалық жемістер өсіріліп жатыр.

Мәселен, Қарауылдағы лицей оқушылары осындағы жылыжайда мандарин жинауды бастады. Бұған дейін анар, лимон сияқты бұл өңірге таңсық тропикалық өсімдіктер жеміс берген. Қылқан жапырақты ағаштар да оқушылар қолымен бапталып жатыр. Өткен жылы лицей жанындағы алқапта 3 тонна картоп, жылыжайда 100 келі қияр және 200 келі қызанақ жиналып, асханаға өткізілген.

Таңат Шағыров, биология пәнінің мұғалімі:

– Лимонды алатын болсақ, бұл өздігінен тозаңданбайтын өсімдік болғандықтан, мұны қолдан тозаңдандырып, оқушылар өздері жұмыс жасады. Бұрын Абайда банан өсіп тұр дегенге ешкім сенбейтін, енді болашақта лимон, мандарин сияқты жеміс аламыз деген ойдамыз.

Оңтүстік Қазақстан облысында бағбан тұт өсіруді қолға алды

Дереккөз: www.24.kz

456

Оңтүстік Қазақстан облысында елден ерек қарқынды бау егіліп жатыр. Басқалардан өзгешелігі бұл ерекше бақта тұт өсіріледі. Көшеттерді жергілікті бағбандар жабайы өсімдік тамырына будандастырып жасаған. Жеміс ағашының жаңа түрі «Нұрлы жер» деп аталады. Бойы аласа тұттың алақандай жапырағы жібек құртын өсіруге негіз болмақ. Кәсіпкерлер осылайша үзіліп қалған үрдісті қайта жандандырмақ ниетте.

Жергілікті бағбандар тұт ағашының жаңа сұрпын шығаруға бақандай бес жылын сарп етіпті. Тіпті шетелден әкелген көшеттерді будандастырып көрген. Одан дұрыс өнім ала алмапты. Сосын жергілікті жабайы тұт тамырын қолданған. Жаңа сұрыптың төзімділігін Индия мен Қытай және Өзбекстанға жіберіп, ғылыми негіздеме жасатыпты. «Ағаштың жаңа түрі кез келген ауа райына бейім және шөлге төзімді», – дейді мамандар.

Ұшқын Фазылов, бағбан:

-Ағаштарға қарағанда бұның жапырақтары үлкен. Жібек құртқа арналған. Бір жапырағы өзінің бабына келген кезде 4,5 граммға дейін жетеді. Үлкендігі адамның алақанындай болады. Биіктігі 2,5 метрден аспайды.

Кәсіпкерлер бұл істі бастамас бұрын нарықты жан-жақты зерттеп шыққанын айтады. «Әлемде жібек жібіне деген сұраныс өте жоғары», –дейді бағбан. Қарқынды бау Бәйдібек аудандағы Домалақ ана кесенесінің маңына егіліп жатыр. Өйткені нысан ЭКСПО көрмесіне келушілердің назарына ұсынылатын өңірдегі тарихи жәдігерлер тізіміне енген. Кесене маңындағы 55 гектар жерге әзірге 140 мың түп ағаш егіліпті. Тұқымбақта 10 миллион түп көшет бар.

Сұлтанбек Бакиров, кәсіпкер:

-Бұл жерде әрбір гектар 50 тонна жапырақ береді. Мың қорапқа жететін шикізат.1 гектар жерден 50 тонна алса, нарықпен есептеп, 20 теңгеден жапырақ аламыз. Сонда 1 гектардан 1 миллион табыс табуға болады. Адамдарға құртты бағып беруге өтініш айтып жатырмыз. Олардан 1 келі пілләні 400 теңгеден баққаны үшін қосымша ақша береміз.

Жеке кәсіпкер бірінші кезекте өнімді шикізат күйінде сатпақ. «Қазірдің өзінде сұраныс жоғары, бағасы да қонымды»,– дейді бағбан. Жібек құртынан алынған піллә ғарыш, медицина, тоқыма сияқты 14 салада қолданылады. Одан 2 мың түрлі зат шығады екен. Бір ғана матаның 20 түрі бар. Бағбан болашақта жіп иіріп, мата мен кілем тоқу ісін де қолға алмақшы. Осы бағытта Оңтүстік Корея мен италяндық инвесторлармен келіссөз жүргізіп жатыр екен. Қаржылай қолдаушылар табылса, өндіріске қажетті жерді аудандағы «Шаян» индустриялды аймағынан беру жоспарланған.

Бекзат Тәжі, Бәйдібек аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

-Шетелдік инвесторлармен жүріп жатқан келіссөз нәтиже берсе, индустариалды аймақтан тегін жер беріледі. Облыстық үйлестіру кеңесіне ұсыныс жасаймыз.Тігін фабрикасын салу бойынша құжаттар мен қаржылай емес қолдау білдіреміз.

Жалпы ауданда үш мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Олар былтыр 9 миллиардқа жуық өнім өндіріп, қызмет көрсеткен. Ал қарқынды тұт бауы еліміз бойынша алғашқы ірі жобалардың бірі болмақ. Қазірдің өзінде онда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбіш

Маңғыстаулық өнертапқыштың жобасы ЕХРО көрмесіне қойылады

Дереккөз: www.24.kz

3456

Маңғыстаулық өнертапқыш ойлап тапқан жел электр станциясы ЕХРО-2017 көрмесіне қойылатын болды. «Болашақ энергиясы» республикалық байқауының жеңімпазы өңірдегі жеке шаруа қожалығының біріне алғашқы құрылғыны орнатып, сынақтан сәтті өткізді. Облысты электр қуатымен қамтып отырған кәсіпорын мамандары тың жобаға жоғары баға берді. Құрастыруға небәрі 100 мың теңге жұмсалатын құрылғы сағатына 10 киловатт қуат көзін өндіреді. Мұндай станцияны қала үйлерінің үстіне де орнатуға болады.

Айта кетерлігі, ғимаратқа қосымша екі қабат салынуы керек. Жел модульдері сонда қойылады. «Самал соққан бағытқа қарай өздігінен бұрылып тұратын станция желден қуат алатын өзге құрылғыларға қарағанда энергияны екі есе артық жинайды», – дейді Қазақ Еңбек академиясының профессоры. Қымбат материалды қажет етпейтін инновациялық бастамаға жергілікті фермерлер зор қызығушылық танытып отыр.

Марат Исекеев, өнертапқыш:

– Суға платина қояды ғой, дәл сол сияқты біз желдің жолын жауып, желді стансаның ішінен өткізіп, жел энергиясын электр энергиясына ауыстырамыз. Өтпе жел арқылы алған желдің жылдамдығы көбейеді.

Алматыда заңсыз ағаш кескендерге салынатын айыппұл көлемі артады

Дереккөз: www.24.kz

4fde7843eea578da016b39339f103714_l

Жасыл желекке оранған Алматыда ағаштарды заңсыз кесу дерегі азаймай тұр.

Сондықтан табиғат жанашырлары: «Рұқсатсыз тал кескендерге айыппұл көлемін көбейту керек», – деп санайды. Бұған қоса, табиғатқа келтірген зиянның орын толтыру үшін 10 тал отырғызу міндеттелмек.

Қала орталығында мынадай жағдай жиі кездеседі. Әсіресе жауын-шашын болып, дауыл тұрған сәттерде теректер теңселіп, қарағаштың бұтақтары құлап жатады. Бұл адам өміріне қауіп төндіретіндіктен, ескірген ағаштарды дер кезінде кесу керек. Алайда ол үшін тиісті мекеменің рұқсаты қажет. Көше бойындағы ағашты бұталап немесе түбірінен араласаңыз көлемді айппұл төлейсіз. Мысалы, жыл басынан бері Медеу ауданында бірнеше ағаш заңсыз оталған.

Мақсат Ескендіров, Медеу аудандық экология және қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы:

-Жаңадан қосылған териториялар бар. Сол аумақтағы адамдардың көбі біле бермейді. Осы былтырдан бері ауданда ағаш кесу азайды.

Рұқсатсыз кесілген ағаш үшін айыппұл көлемі – 90 мың теңге. Бұған қоса, табиғатқа келтірген зиянның орын толтыру үшін 10 тал отырғызу міндет. Бірақ мұндай талапты кейбір кәсіпкерлер елемейді де. Сондықтан қалалық қоғамдық кеңес мүшелері: «Қатаң шара қолданып, айыппұл көлемін өсіру керек», – деп есептейді.

Думан Қапасов, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі:

-Ол айыппұл өте аз. Кәсіпкерлерді, заңсыз ағаш кесіп жатқандарды тоқтатпайды. Сондықтан да ол айыппұлдарды өзгерту керек. 10 есе көбейту керек деп ұсыныс бердік.

Көше бойындағы ағаштар инфрақұрылым жүйесіне кедергі келтірсе немесе өмірге қауіп төндірген жағдайда ғана кесіледі. «Бірақ бәрі заңды болу керек», – дейді мамандар. Жыл сайын қалада 32 мың ағаш араланады екен. Қоғамдық кеңес айппұл көлемін артыру туралы ұсынысын қалалық мәслихатқа жолдаған. Оның жауабы осы айдың соңында белгілі болу керек.

Авторлары: Алмас Сәдуақас, Полина Чихичина, Әбен Нарымбаев, Сержан Жұмабаев

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика