Дереккөз: www.24.kz
Бүгін Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Ақмола облысындағы «Арнасай» «жасыл» технология орталығында өткен көшпелі қоғамдық кеңес отырысында осылай деп мәлімдеді.
Бұған қоса, сала басшысы дүниежүзілік ЕХРО көрмесіне дейінгі дайындық барысын баяндады.
Арнасай ауылының тыныс-тіршілігі «жасыл» технологиямен тікелей байланысты. Елді мекендегі тұрғындар инновациялық өнертабыстарын күнделікті тұрмыста қолданып жүр. Көрмеге қойылған көрнекі құралдың көбі коммерциялық тұрғыда толағай табыс әкелген. Ал бензинді сумен алмастыратын жаңа қондырғыны ойлап тапқан елордалық Диас Оралов өзінің тың туындысын алғаш рет көпшілік назарына ұсынды. Айтуынша, сутегі генераторы көліктің жанар-жағармайға деген сұранысын 40%-ға дейін өтеп, ауаға тарайтын зиянды затты азайтады. Ендігі жерде бұл жобаға мемлекет тарапынан қолдау тапса, дүниежүзілік ЕХРО көрмесіне қойылуы мүмкін.
Данияр Әзімханов, қоғамдық кеңес мүшесі:
– «Жасыл» технологияға көшу жөніндегі тұжырымдамада 2017-2018 жылдарда жұмсалатын қаржы мөлшері 1 млрд доллар деп көрсетілген. Осыншама қаржы қалай және қандай мақсатта жұмсалып жатыр?
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
– Тұжырымдама дүниежүзілік дағдарыс басталмай тұрып жазылған еді. Жыл сайын баламалы қуат өндіретін нысандар іске қосылып жатыр. Қазір елдегі 50 станция осы мақсатта жұмыс істейді.
Энергетика саласының биылғы бюджеті 85,8 млрд теңгені құрайды. Бұл қаржы өткен жылмен салыстырғанда біршама көп. Министрдің айтуынша, бюджеттің басым бөлігі энергетика, көмір және уран салаларын қаржыландыруға жұмсалады. 11%-ы мұнай-газ секторы мен химия өндірісіне, ал 9,7%-ы қоршаған ортаны қорғау ісіне бағытталады.
Алмас Құдайберген, қоғамдық кеңес мүшесі:
– Геологиялық зерттеу бойынша елімізде қатпарлы мұнай-газдың қомақты қоры бар. Өзіңіз білесіз, АҚШ осы шикізатты өндіріп, қыруар пайда тауып келеді. Бізде осы мұнай түрін өндіруге қашан көңіл бөлінер екен?
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
– Біздің мәлімет бойынша, еліміздегі қатпарлы мұнай қоры белгісіз. Геологтар бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Бірақ барлау нәтижелеріне сүйенсек, шикізаттың бұл түрі табылған жоқ.
Басқосуда еліміздің солтүстік аймақтары мен Астананы көгілдір отынмен қамту мәселесі де көтерілді. Бұл бағытта министрлік бірқатар түйткілдің түйінін реттеуді көздеп отыр. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Қызылордадан елордаға қарай газ құбыры тартылуы тиіс. Ол үшін еліміз бойынша көгілдір отынға біркелкі тариф орнату жоспарда бар.
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
– Келесі аптада бұл мәселені қарастыратын боламыз. Астана қаласының әкімімен бірге қараймыз. Сонан кейін келесі айда Премьер-Министрге баяндайтын боламыз.
Қоғамдық кеңес кезінде министр отандық өнертапқыштарды ЕХРО көрмесіне белсенді қатысуға шақырды. Себебі, дүниежүзілік шарада еліміздің тарапынан технологиялық тұрғыда 28 тың туынды ұсынылады. Көрнекі құралдар 30 мамырда арнайы павильонға қойылады. Ал ел аузында «жасыл» ауыл атанып кеткен «Арнасай» ЕХРО қонақтарын қарсы алып, инновациялық жетістіктерді паш етуге дайын.
Авторлары: Рауан Мыңбаев, Асхат Қарақойшиев
Дереккөз: www.24.kz
Халықаралық энергетикалық хартия Астанадағы «ЭКСПО-2017» жұмысына қатысады.
Әлемдік көрме аясында өтетін БҰҰ-ның энергетикалық конференциясына беделді ұйымның өкілдері де келеді. Бұл туралы Брюссельде өткен форум барысында айтылды. Онда қатысушы елдердің сарапшылары тұрақты энергетиканың инвестициялық дамуын талқылады. 1991 жылы құрылған ұйым Еуропа, Африка және Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты үйлестіруге атсалысып келеді. Ал Қазақстан алғашқылардың бірі болып, энергохартия процесіне қосылып, 2014 жылы табысты төрағалық еткен.
Андрис Пиебалгс, Еуропалық Одақтың бұрынғы комиссары (2004-2010):
– Қазақстан – қуат көзін өндіруді әртараптандыруға баса көңіл бөлетін елдердің бірі. Бұл халықаралық процестің дамуына септігін тигізеді. Өйткені аталған Хартияға Қазақстанның үлкен көмегімен қадам жасалды.
Урбан Руснак, Халықаралық энергетикалық хартияның бас хатшысы:
– Халықаралық ұйым және өз басым «ЭКСПО» жұмысына және БҰҰ-ның конференцияларына, көрменің ашылуында өтетін шараларға қатысамын. Бұл мамандандырылған көрме жаһандық климаттың өзгеруіне септігі тиетін түрлі технологияларға жол ашады. Қазақстан көмірсутегі ресурстарына бай, екінші жағынан, әлеуетті және жаңартылатын энергия көздерін дамытуға болатын ел ретінде ерекше мүмкіндік сыйламақ. Таза қуат көзіне инвестиция тарта отырып, бірте-бірте көшу маңызды шешім деп ойлаймын.
Дереккөз: www.24.kz
Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында тұқымбақ ашылды.
Онда қарағай, қайың, самырсын сияқты ағаш түрлері өсіріледі. Басты мақсат – облыстағы елді мекендерді көгалдандыру әрі бұл сала бойынша бюджетке салмақ салмау. Биылдың өзінде 30 мың түп еліміздің Риддер мен Күршімдегі орман шаруашылықтарынан жеткізілді.
Жалпы, ауданда соңғы 4 жылда 10 мың түп шырша егілген. Осы жылы да Ақсуат және Ақжар ауылдарына шырша отырғызу жоспарда бар. Алдағы 3 жылда облыста тұқымбақ өндірісін әрі қарай дамыту көзделіп отыр.
Ділдәбек Оразбаев, Тарбағатай ауданының әкімі:
– Облыстық табиғи ресурстар басқармасы арқылы орман шаруашылығы бізге мұны тегін босатып жатыр. Себебі 1-2 жылдық кезінде бұлардың бәрін бізге тегін беріп, жеңілдік жасап жатыр. Ал үлкендерін алатын болсақ, оның бәрі қаражат, оның әрқайсысы 3-5 мың теңге тұрады. Ал біз мұны өзімізде 1-2 жыл жақсылап күтіп-баптап, өскеннен кейін ары қарай дамытамыз.
Дереккөз: www.24.kz
Немістер біздің елде өтетін ЕХРО қонақтарын «елден ерек қайран қалдырамыз», – деп қауырт қамданып жатыр.
Бұл туралы осы елдің павильонын таныстыру кезінде Федеративтік Республиканың Қазақстандағы елшісі мәлім етті. Рольф Мафаэльдің айтуынша, олардың көрме алаңы көлемі жағынан ең үлкен павильондардың бірі болмақ. Ауқымды нысан бірнеше алаңқайға бөлінген. Мәселен, бірінші залда әлем картасы көпшілік назарына ұсынылады. Бұдан бөлек, ұйымдастырушылар қонақтарға арнайы электронды кілт таратпақ. Сол арқылы кез келген экспонат туралы мәлімет алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ павильонның бір бөлігінде дүкендер ашылады. Онда келушілерге немістің ұлттық тағамдары ұсынылады. Естелік ретінде сатылатын кәдесыйлар да көп болмақ.
Андреас Хорбельт, креативті директор:
– Германия ЕХРО алаңындағы ең үлкен павильонның біріне ие. Сондықтан нысанды барынша тартымды әрі көпке пайдалы етіп дайындауға тырысып жатырмыз. Өйткені «Болашақтың энергиясы» тақырыбы біздің ел үшін де маңызды. Германия соңғы 20 жылда энерготиімділік, қоршаған ортаны қорғау саласындағы күрделі мәселелердің күрмеуін шешуге атсалысып келеді. Астанада өтетін ауқымды шараға айрықша ынта-ықылас білдіруіміздің бір себебі осы.
Дереккөз: www.24.kz
Нобель сыйлығының иегерлері EXPO көрмесі аясында өтетін 19-20 маусымдағы Дүниежүзілік инженерлер мен ғалымдар конгресіне қатысатынын мәлімдеді.
«Болашақтың энергиясы: инновациялық сценарийлер және оларды жүзеге асыру әдістері» тақырыбында өтетін бұл жиынға әлемнің 50 елінен 1000-ға жуық делегат қатысады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ Нобель сыйлығының төрт иегері Чунг Рэй Квон (Rae Kwon Chung), Мохан Мунасингхе (Mohan Munasinghe), Ражендра Кумар Пачаури (Rajendra K.Pachauri), Данкан Майкл Холдейн (Duncan Haldane) келеді.
Бұл шара тек Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Дереккөз: www.24.kz
Келер жылдан бастап парниктік газдарды атмосфераға шығаруды шектеуге квота беріледі. Қазір осы мәселені реттейтін ұлттық жоспар әзірленіп жатыр.
Жоба бүгін Мәжіліс комитетінің отырысында талқыланды. Квота бөлудің 2 түрлі әдісі қарастырылып отыр. Бұған дейін қолданылған тәсілмен қатар жаңа жүйе де енгізілетін болады. Кәсіпкерлер өздеріне ыңғайлысын таңдай алады.
Айта кетейік, зиянды қалдықтар шығаруды азайтуға квота бөлу тетігі былтыр тоқтатылды. Себебі оны беру барысында бірқатар олқылықтар анықталған еді. Енді мамандар: «Бұл кемшіліктерді ескеріп, жыл соңына дейін ұлттық жоспарды қабылдаймыз», – деп отыр.
Олжас Ағабеков, ҚР Энергетика министрлігі департамент директорының міндетін атқарушы:
-Ұлттық жоспардың негізгі мақсаты зиянды қалдықтар шығарындыларын азайту болып табылады. Ол үшін біз квота беру жүйесін енгіземіз. Кәсіпкерлер квотаны тікелей немесе биржа арқылы сатып ала алады. Біз осылайша парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылмен салыстырғанда, 2030 жылға дейін 15 пайызға азайтуды көздеп отырмыз. Ұлттық жоспарды ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына дейін әзірлеп, Үкіметтің қарауына ұсынатын боламыз.
ҚР ЭМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК 2017 жылдың 26-28 сәуір аралығында Астана қаласында «Парниктік газдарды түгендеу» тақырыбына қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласындағы мамандар үшін оқыту семинарын өткізді.
Семинарға қатысушылар келесі ұйымдар өкілдері: «Каустик» АҚ; «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының «Ғылыми-Техникалық Орталық» филиалы; «Қуатамлонмұнай» БК ЖШС; «Алтыналмас АК» АҚ; «Кнауф Гипс Қапшағай. ДЭГ-Дойче Инвестиционс унд Энтвиклунгсгезельшарф мбХ улесті қатысатын кәсіпорны» ЖШС; «Цесна-Астық» Концерні» ЖШС; «Техбұлақ» ЖШС; «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» ШЖҚ РМК; «С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ.
Семинарда келесі сұрақтар қарастырылды:
Дәріс оқығандар:
Журынова Сауле Конысхановна – ҚР ЭМ «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК МЭАҚД директоры;
Досмакова Бизара Жакиевна – ҚР ЭМ Қалдықтарды басқару департаменті директорының орынбасары;
Токтасынова Тоты Клышбековна – ҚР ЭМ ЭРБК бас сарапшысы;
Садвокасова Алия Малаевна – ҚР ЭМ «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК МЭАҚД басқарма басшысы;
Асербаева Гаухар Ризабековна – ҚР ЭМ «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК МЭАҚД басқарма басшысы.
Семинар соңында куәліктер табыс етілді.
Дереккөз: www.24.kz
EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу кезіндегі мәдени бағдарлама мен концерттердің 70 пайызы барша азаматтарға қолжетімді болады.
Ол негізінен қаланың түрлі аудандарында ашық алаңдарда, саябақтарда, сондай-ақ қала маңындағы тұрғын алаптарында өткізіледі. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Маусымнан қыркүйек айына дейін түрлі форматтағы 647 мәдени-бұқаралық шара ұйымдастырылады: халықтық серуен, мәдени-бұқаралық, отбасылық демалыс, фестивальдер, көрмелер, театрландырылған және цирк қойылымдары және т.б.
EXPO-2017 көрмесінің ресми ашылу және жабылу салтанатын қаланың үш ауданында тікелей эфирден тамашалауға болады. Үлкен LED экрандар «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда, қалалық алаңда және «Студенттік» саябақта орнатылады.
Жаздың үш айында қала саябақтарында «Саябақтың жеті кереметі» атты шара өткізіледі. Қазақ ертегілерінің, танымал мультфильмдер кейіпкерлерінің, диснейлік кейіпкерлер мен роботтардың қатысуымен 7 тақырыптық бағдарлама көпшілік назарына ұсынылады. Жалпы алғанда, саябақтарда балалар мен ересектерге арналған мыңнан аса ойын-сауық шарасы өтеді.
Сулы-жасыл желектік ІІ Astana Art Fest халықаралық фестивалі ұйымдастырылады. Бұдан басқа халық аспаптары оркестрлерінің «Серпер» фестивалі, үрмелі аспаптар оркестрлерінің «Астана самалы» фестивалі өтеді.
Демалыс күндері тұрғын алаптарында қазақстандық артистер мен елорданың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен «Думанды Сарыарқа» концерті өтеді.
Сонымен қатар жазда «Астана жұлдызы» ұлттық кәсіби музыкалық сыйлығын табыстау салтанаты өтеді. Шараға отандық эстраданың танымал өкілдері қатысады және «Үздік жыл орындаушысы» анықталады.
Дереккөз: EXPO2017
Астана қ., 2 мамыр 2017ж.
Көрме ұйымдастырушысының кеңсесінде “Астана ЭКСПО-2017″ ҰК” АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов пен Сауд Арабиясы Корольдігінің энергетика, өнеркәсіп және минералды ресурстар министрі Халид әл Фалихпен кездесу өтті.
Кездесу барысында Ұлттық компания басшысы министрді ЭКСПО-2017 көрмесінің дайындығы мен құрылыс ахуалымен таныстырып өтті.
«Барлық жұмыстар аяқталу кезеңіне таяу. Қазіргі кезде қатысушы мемлекеттер павильондарын толтырумен қарқанды айналысуда. Сіздің елдің павильоны келушілер саны және контенттік мазмұны жағынан тартымды болатынына сенімдімін», – деді А. Есімов.
Халид әл Фалихтің айтуынша, Сауд Арабиясының ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы екі елдің экономикалық қарым-қатынасының күшейюіне септігін тигізбек.
«Біздің ел карбоннан жоғары технологиялық өнімдер шығарады. Көрмеге осы сала бойынша жаңа жобалар алып келеміз», – деді министр.
Дереккөз: Tengrinews
Синоптиктер 2017 жылғы 27-29 сәуірге арналған ауа райы болжамын жария етті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі “Қазгидромет” РМК өкілдеріне сілтеме жасап.
“Кавказ аумағынан жылжып келе жатқан антициклон әсерінен, Батыс Қазақстан аймақтарында алдағы үш тәулікте ауа райы жауын-шашынсыз болады және жылынады деп болжанады”, – дейді синоптиктер.
Еліміздің қалған аймақтарында полярлы атмосфералық фронттар арктиканың суық фронттарға жалғасады. Осы фронттардың әсерінен, Қазақстандықтарды жаңбырлы, найзағайлы ауа райы күтіп тұр. Еліміздің оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында кей жерлерде қатты жаңбыр, бұршақ, екпінді жел және ауа райының салқындауы байқалады.
“Егер өткен тәулік, 25 сәуірде ауа температурасы (батыс аудандарды қоспағанда) 4-8ºС нормадан жоғары болса, 28-29 сәуірде еліміздің орталығында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында температура климаттық нормадан 2-5ºС дейін төмендейді”, – деп болжады “Қазгидромет” РМК өкілдері.
Астана қаласы: бұлтты, таңертең және күндіз жаңбыр жауады. Солтүстік-батыстан соққан желдің күші 9-14 м/с. Ауаның температурасы түнде +10+12С, күндіз +16+18°С болады.
Алматы қаласы: көшпелі бұлтты, жауын-шашынсыз. Жел 0-5 м/с. Ауаның температурасы түнде +12+14°С, күндіз +27+29°С болады.