Жаңалықтар | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

ЭКСПО халықаралық көрмесіне келушілер жел энергетикасымен жан-жақты таныса алады

Дереккөз: www.24.kz

5f5bb4eb76f5ecb220f7af9bced2c62e_l

Өткен ғасырларда теңізшілер бір құрлықтан екінші құрлыққа жету үшін жел энергиясын пайдаланған. Бұл осы баламалы қуат көзі тарихының жүздеген жылдар бұрын бастау алғанын көрсетеді.

1970 жылғы мұнай дағдарысынан кейін жел күшінен қуат алатын өнертабыстар нарыққа ене бастады. Баламалы қуат көздерінің осы және өзге де түрлері ЭКСПО қалашығындағы «Нұр әлем» павильонында кеңінен таныстырылады.

Жел, от, су, жер. Бұл – табиғаттың адамзат игілігі жолындағы теңдесіз сыйы. 19 ғасырдың басында жасанды қозғалтқыштардың көлеңкесінде қалған мұндай энергия түрлері бүгінде қайта жаңғырып келеді. ЭКСПО халықаралық көрмесіне келушілер баламалы қуат көзінің осы түрлерімен етене танысты. «Нұр әлем» ұлттық павильонындағы 5-қабат жел энергетикасындағы бірқатар тың жобаларға арналды. Солардың қатарында мына бір испандық өнертабыс бар.

Мақсұт Қайырғазин, стендші:

-Бұл цилиндр пішінді өнертабыс Испанияда ойлап табылды. Оның тыныш жұмыс жасауы жел диірмендерінен басты артықшылығы болып саналады. Айналадағы жануарлар мен құстарды еш үркітпейді. Екіншіден, экологиялық таза және көлемі де шағын. Қалыпты қуат өндіруі үшін жылдамдығы секундына 1 метр жел болса жеткілікті. Үстіңгі бөлігі жылжымалы, сәйкесінше жел ескенде аздап шайқалып, пайда болған вибрацияны генераторға жібереді. Ал генератор электр қуатын өндіреді. Бұны шағын үйге таптырмас қуат көзі десек те болады.

Желден қуат алатын белгілі көліктерге желкенді кеме, аэроплан, әуе шары мен дирижабль секілді техникалар жатқызылатыны белгілі. Көрмеде шығыс пен батыс ғалымдарының әр ғасырда ойлап тапқан басқа да өнертабыстары туралы деректер ұсынылды. Ал алып экран арқылы павильон қонақтары табиғат аясын тамашалап, желдің түр-түрін тамашалап қана қоймай, оны тұла бойымен сезініп көрді.

Мирлан Алтынбек, тілші:

-Көрмеге келушілерді, әсіресе балаларды ерекше қызықтырғаны мына мен кірейін деп тұрған бөлме. Бұл бөлменің атауы – аэродинамикалық құбыр. Бұл жерде Бофорт шкаласын, яғни жел жылдамдығын сезуге болады. Мысалы, мына 3 деп тұрған жерде баяу самал жел. Оның жылдамдығы сағатына шамамен 20 шақырымды құрайды. Ал келесі мына жерде жел екпіні 40 шақырымға жетеді. Ал мына 7 саны көрсетілген жерде қатты жел. Оның жылдамдығы сағатына 50-60 шақырымды құрайды.

Жел – ежелгі халықтардың аңыз-ертегілерінде жиі кездесетін құбылмалы кейіпкер. Бірде ол – тұнық самал, енді бірде ашулы дауыл мен құйын. ЭКСПО қонақтары көне елдердің жел туралы мифологиясын естеріне түсіріп, мынадай интерактивті глобустар арқылы желдің қалай пайда болатынын білді. Сонымен қатар виртуалды торнадо генераторын іске қосып, уақыттарын қызықты өткізді.

ЭКСПО-дағы барселоналықтар өсімдіктен қуат өндіру жолын біледі

Дереккөз: www.24.kz

9b6e3f76b8e0a1601a7310d0411729a8_l

ЕХРО 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі жетістіктерді паш ету алаңы секілді. Өнертапқыштар озық жобаларын жұрт назарына ұсынып, тіпті келісім-шарт жасасуға ұмтылып жүр. Біз көрермен назарына үздік тәжірибелер аймағынан материалдар ұсынуды бастаймыз. Бүгін био деп аталатын тәжірибемен таныс болыңыздар.

Біреу білер, біреу білмес. ЕХРО алаңында үздік тәжірибелер аймағы орналасқан. Онда жиырмадан астам таңдаулы жоба келушілер назарына ұсынылды. Біздер бүгін өсімдіктен қуат өндіруді ойлаған барселоналық талаптылардаң еңбегімен танысуды жөн көрдік.  Олар өсімдік жерден құнар алып ғана қоймай, күн сәулесімен қоректенетінін алға тартып, әлгі қуатты қайта өндіріп алудың жолын іздепті.

Динара Қанатқызы, көрме таныстырушысы:  

– Біз білеміз күн шөптерге түскенде ол оның тамырларына енеді және сонда электрон болып қалады. Бұл электрондар бактериямен араласады да бізге энергия береді, бұл технологияда тамырлардың астарында осындай панель болады. осы панельдер энергияны өзінде ұстайды да керек кезінде біз сол энергияны пайдалана аламыз. Мысалы, көріп тұрғаныңыздар осы энергия мында сақталған және де батырманы басқанда біз көре аламыз осы энергиядан қуат алған.

Динара Қанатқызы өндірілген энергия ұялы телефондарды қуаттауға жететінін айтады. Құтыдағы өсімдіктердің әрқайсысынан қуаттануға да мүмкіндік бар көрінеді.

Динара Қанатқызы, көрме таныстырушысы:

– Көріп тұрғанымыздай, тамырлардың астында орналасқан және осы тамырлардың астында тұрады да энергияны өзіне сіңіреді. 

Табиғатта тылсым көп дейміз. Өзге түсініктерді ірке тұрып, мына бір қағидаға мән берейікші. “Қуат жоғалмайды. Жойылып кетуі мүмкін емес. Екінші бір түрде көрініс береді”,- дейді, ақтөбелік агроном Жарасқан Елеусізов. Жарасқан Елеусізов, агроном: – Күн түседі. Мынау жапыраққа түседі. Хлорофил арқылы выработка жасайды. Жерге анау ол арқылы энергия пайда болады. Сол арқылы. Балалар соны көрсеткісі келіп отырған щығар. Энергия ол жоғалмайды. Келген сәуле кетпейді де қайтып келеді.

Авторлары: Амангелді Сейтханов, Бақтияр Рзаев

Өскемендіктер дәстүрлі шара аясында 2 мыңға жуық көшет екті

Дереккөз: www.24.kz

3a51254d1b44676db3d2d43f82e4a0f9_l

Биыл Шығыс Қазақстандағы орман алқаптарына 2 миллионнан аса көшет отырғызылды. Табиғаты көркем, бірақ экологиялық ахуалы көңіл көншітпейтін Өскеменде көгалдандыру жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Сонымен қатар облыс орталығында «Халық орманы» атты акция өтті. Осымен екінші рет ұйымдастырылған шара  аясында «Қазақстан» тауының баурайына 2 мыңдай көшет егілді.

Өскемен қаласын қоршап тұрған биік таулардың бауырайында халықтың қарасы көп. Барлығының көздеген мақсатты бір. Әсем қала Өскеменнің көркіне көрік қосып, көгалдандыру. Кішкентай Нұрай да отбасымен ағаш отырғызуға келіпті. Акция туралы газеттегі хабарландырудан оқыған олар бірден пайдалы іске ат салысуға кіріскен.

Нұрай Нұрланқызы, оқушы:

– Мен мұнда отбасыммен бірге ағаш өсіруге келдім. Тауымыз әдемі болсын. Мен қазір кішкентаймын. Мен кішкентай ағаштарды отырғызамын. Олар адамдар сияқты өседі. Мен өскенде олар үлкен болады. Ағаштар өте күшті.

«Халық орманы» акциясына терек пен қайың ағаштары таңдап алынған. Теректің өзі «қазақстандық» деп аталады. Ал олардың өркен жаюына заманауи гидрогель ықпал етеді. Оның тиімділігін уақыт дәлелдеген. Демек, «Қазақстан» тауының баурайына отырғызылған 2000-ға жуық ағаштың саясында демалатын күн де алыс емес.

Құралай Сахариева, ғылыми зертхана маманы:

– Суды тазалауға болады, топырақты тазалауға болады. Ал, ауаны жасыл жапырақтың көмегімен оттегін көбейткенде ғана, басқа оны тазартудың жолы жоқ. Сондықтан, бүгін жасап жатқан шара өте орнымен және дер кезінде жасалып жатыр деп ойлаймын.

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді қазақ. Биыл өңірде 90 мың көшет облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан тегін таратылды. Әр ауданда көгалдандыру шаралары жүйелі жүргізіліп келеді.

«Алтынемел» мен Қаратау қорығы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік тізіміне енді

Дереккөз: www.kazinform.kz

20170616095448

АСТАНА. ҚазАқпарат – 12-15 маусым аралығында ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде «Адам және биосфера» бағдарламасы халықаралық үйлестіру кеңесінің кезекті сессиясы өтіп, онда ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік тізіміне  23 жаңа биосфералық қорықты енгізу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды БҰҰ Жаңалықтар орталығы.

ЮНЕСКО-ның желісін толықтырған нысандар қатарында Қазақстандағы «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық саябағы мен Қаратау биосфералық қорығы, Ресей мен Қазақстандағы «Үлкен Алтай» биосфералық қорығы, сондай-ақ Ресейдің «Хакасский», «Кизлярский залив» және «Метсола» қорықтары бар.

Айта кетейік, «Үлкен Алтай» биосфералық қорығына Ресей Федерациясындағы Катун биосфералық қорығы мен Қазақстандағы Қатонқарағай биосфералық қорығы жатады. «Үлкен Алтай» қорығының жалпы аумағы 1,5 млн гектардан асады.

Биосфералық қорықтар – биоәртүрлілікті зерттеуге арналған «тірі зертханалар» мен табиғи ресурстарды кешенді басқару үшін түрлі тәсілдемелерді сынау алаңы саналатын аймақ.

Қазіргі таңда дүниежүзілік биосфералық қорықтар желісінде 120 елде орналасқан 700 нысан бар.

Биыл Ақтөбеде 200 мың шаршы метр жер көгалдандырылмақ

Дереккөз: www.24.kz

7844bf5928b57f260ab8d8f72ab7b19e_l

Ақтөбеде жаңа 34 саябақ пен гүлзарлар құрылысы басталып кетті.

Абай даңғылын қайта абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Жаяу жүргінші жолы мен көгалды суару жүйесі жаңартылмақ. Бұған жергілікті бюджеттен 130 млн теңге бөлінген. Даңғылдың жаңа жоспарына сай балалардың ойын және спорттық алаңдары салынады. Қураған ағаштар кесіліп, орнына 320 түп көшет отырғызылады. Ал саябақтың ортасында раушан гүлдері егілген гүлзар орналасады. Жалпы биыл қала бойынша 200 мың шаршы метр жерді көгалдандыру жоспарланған.

Хасен Юсупов, қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Өскен үлкен ағаштар егіліп жатыр. Соның ішінде қылқан жапырақты және жай жапырақты ағаштар отырғызылды. Гүлзарларға жоспар бойынша көпжылдық гүлдерді отырғызайық деп отырмыз. Жылда егілмейтін болған соң жұмсалатын қаражаттың көлемі де азаяды.

Шығыс Қазақстанда егін науқаны аяқталуға жақын

Дереккөз:  www.24.kz

18bd8462d1cdfa02a4c3b10e6e2c42c6_l

Биыл аймақта 1 млн 320 мың гектар жерге дәнді-дақыл егілді.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың гектарға артық. Бір ғана Зырян ауданында 69 мың гектар жер игерілген әрі ауданда қарақұмық егу тәжірибесі оң нәтиже беріп отыр.

Топырағы құнарлы Зырян ауданында биыл егін егу жұмыстары әдеттегіден кеш басталды. Бұған себеп – ауа райының қолайсыздығы. Десе де өңір аграрлары науқанды дер кезінде аяқтауды жоспарлап отыр.

Жанат Бұғыбаевтың шаруа қожалығында 11 мың гектар жер бар. Дәнді-дақылдың түр-түрін егіп жүрген олар бабы қиын қарақұмықтан да гектарына 30 центнер өнім алып үйренген.

Жанат Бұғыбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Үлкен пайданы көріп отырмыз. Сол өнімдерді себеміз. Бәрі де керек. Сол үшін себеміз.

Аудандағы ең ірі шаруа қожалығы заманауи техникамен қамтылған. Импорттық комбайндар механиктердің жұмысын барынша жеңілдеткен. Ал ардагер тракторшылар жаңа техникалардың мүмкіндігіне қызыға да қызғана қарайды.

Әукен Маусымбаев, Зырян ауданының тұрғыны:

– Бұрынғы кезде тракторда істегенде тракторлар нашар болатын. Күштері аз ғана болатын. Қазіргі техника күшті. 

Зырян ауданында биыл 69 мың гектар жерге дәнді-дақыл егілді. Шаруалар көл-көсір өнім алуға ниетті. Арнайы тыңайтқыш қолдану тәжірибесі нәтижесін беріп келеді.

Жалпы, Зырянда 200-ден аса қожалық егін шаруашылығымен айналысады. Бүгінде ұсақ шаруа иелері бірігуді көздеп отыр.

Мамай Бұтабаев, Зырян аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі:

– 2000-3000 гектарлық 10-15 шаруашылық бар. Қалғандары кішірек. Олардың басын біріктіріп, кооператив ашқалы жатырмыз. Бүгінде 4 кооператив ашылды. Алда тағы 10-12-ге жеткіземіз деп отырмыз.

Аудан ауылшаруашылық техникасымен толық қамтамасыз етілген. Бұл өз кезегінде науқанды абыроймен аяқтауға зор мүмкіндік береді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аслан Төлепов

Жамбыл облысында өрт қауіпсіздігіне байланысты оқу-жаттығу шарасы өтті

Дереккөз:  www.24.kz

aa93d60ba9d97e839f8bb01b35e8c185_l

Жайнаған жаз мезгілінде өрт шығу қаупі еселеп арта түседі.

Соның ішінде егіс алқаптары мен ормандардың отқа орануы орасан зор шығынға әкеліп соқтырып жатады. Тілсіз жаумен күресте қолда бар әдіс-тәсілдердің нәтижелілігін тексеріп, техниканың мүмкіндігін байқау мақсатында Жамбыл облысында оқу-жаттығу шарасы өтті. Байқау барысында мамандардың іс-қимылы сыналып, кәсіби біліктілігіне баға берілді.

Жаттығу жоспары бойынша Жамбыл ауданындағы Ақбұлым ауылы маңында таулы аймақты қызыл жалын шарпыған. Төтенше жағдай қызметкерлері лезде іске кірісіп, отпен күресті бастап кетті. Өрт сөндірушілер бірінші кезекте қазіргі таңда қолданып отырған құралдарының мүмкіндігін көрсетті. Барлығы күреске 42 техника түрі тартылды. Олардың қатарында тікұшақтар да бар.

Якубжан Ибрагимов, авиатоп жетекшісі:

– Облыс бойынша 3 млн 74 мың гектар аумақты қорғаймыз. Қарамағымызда 10 орман шаруашылығы бар. Жұмысымыз – өрттің алдын алу, кең аумаққа жібермеу.

Мамандарды жарақтандыру ісіне көңілді көбірек бөлу көзделуде. Заманауи техника алынып, олардың көмегімен жедел жұмыс атқару ойластырылып отыр.

Кәрім Көкірекбаев, облыс әкімі:

– Жыл басынан бері барлық аудандарда жаттығу өткіздік. Дала өртінің қаупін ескере отырып, облыстық деңгейде қолға алып отырмыз. Табиғатты пайдалану басқармасы мен төтенше жағдай қызметіне жаңа техникалар алу қажеттілігін ескеріп, алдағы уақытқа жоспарлап отырмыз.

Жаттығуда медицина мамандарының жұмысына ерекше көңіл бөлінді. Олар алғашқы көмек көрсетіп, жедел әрекет ете алатындықтарын байқатты. Өрт сөндірушілер де шұғыл қимылдап, қысқа уақытта қойылған тапсырманы орындап шықты.

Мақсат Қосыбаев, облыстық «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мекемесінің басшысы:

– Барлығы өзінің алдына қойылған міндеттерді ойдағыдай атқарып, бірлесе әрекет етудің арқасында шартты өртті дер кезінде өшіре білді. Атап өтетін жағдай, облыстағы өрт сөндіру бөлімдері биылғы жазғы өрт қауіпті кезеңге дайындыққа келтірілді.

Мұндай шаралар төтенше жағдай қызметі мамандарының біліктілігін арттыруға өз үлесін қосады. Оқу-жаттығу жұмыстарынан бөлек олар өз іс-қимылдарын кәсіби өрт сөндірушілер мектебінде де шыңдап тұрады.

Авторлары: Нұржан Мергенбай, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасында балалардың болашақ энергиясына арнаған көрмесі ашылды

Дереккөз:  www.24.kz

7e95ce70e216e1bb9c1e5bae9d94ae2f_l

Болашақ энергиясы балалар көзімен. Осындай атаумен Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы музейінде өнерлі балалардың көрмесі ашылды.

Көрмеге еліміздің түкпір-түкпірінен келген 12-16 жас аралығындағы жеткіншектердің 100-ден астам үздік сурет туындылары қойылды. ЭКСПО  тақырыбына арналған жас суретшілердің өнерін кәсіби мамандар бағалады.

ЭКСПО тақырыбына арналған көрмеге  байқауда жеңген үздік оқушылардың суреттері қойылды. Солардың ішінде ақтөбелік Диана Өтетілеуованың еңбегі ерекше бағаланды. Ол туған елдің табиғатын, қылқаламмен сөйлеткен.

Диана Өтетілеуова байқау жеңімпазы:

– Өз суретімде мен өз ел-жерімнің көрікті жерлері бар екенін көрсетіп салдым. Осыған графика техникасын қолдандым. СКЛ. 03,16,10 Осы суреттерім альбомға енгізіледі. Оны шетелдік қонақтар да көре алады деп үміттенемін.

Еліміздің болашақ энергиясын әр суретші өзінше бейнелеген. Жеткіншектер туындылары арқылы қоршаған ортаны қорғау баршаның міндеті екендігін көрсеттік дейді.

Күлайша Ақтаева «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ директорының орынбасары:

– Біздің қоршаған ортамыздың жағдайы, оған қолдау көрсету, адамзат табиғатына мәдениетіне байланысты сурақтар ортаға салынды. Өздерінің адамзаттық және азаматтық сезімдерін осы туындылар арқылы көрсетіп жатыр. Сондықтан бізге бағалы.

Көрменің көркін келтірген 100-ге тарта суретті  Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы музейінен бір апта бойы тамашалауға болады. Тақырыбы ерекше туындылар болашақта бір альбомға жинақталып басылып шығады.

Авторлары: Айнур Қуатқызы, Жандос Битабаров

Бүгін Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің шымылдығы ашылады

Дереккөз: www.24.kz

e138d015659e6702c56cbefaad7ba15a_xl

Көрмеде 100-ден астам елдің және 22-халықаралық ұйымның өкілдері шараға келушілерді болашақ технологиясымен таныстыруға әзір.

Ал қазақстандық өнертапқыштар жаһан назарына тың жобаларын ұсынып, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмаса алады. Елордаға күніне 20 мың турист келеді деп күтіліп отыр. Еске сала кетейік, осынау ауқымды шараға дайындық соңғы 5 жыл бойы бір сәтке тоқтаған емес.

Шығыс Қазақстан облысында сүт өндіру кәсібі дамып келеді

Дереккөз: www.24.kz

9e2679b2a4d1ad1e1e5ba9d0526167fc_l

Шығыс Қазақстанда Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың бағдарламасы жүйелі жүзеге аса бастады. Өңірде бүгінде 240 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Оның 23-і сүт өндіруге бағытталған. Облыста сүт қабылдау пункттерін жасап шығаратын кәсіпорын да бар.

Сүт қабылдау пункттері мен сүтті суыту танктерін шығаратын «Үлбі модуль комбинаты» 2014 жылы іске қосылған. Еліміздегі бірегей кәсіпорынның өнімдері бір жылдың ішінде күллі республикаға тарай бастады. Шикізат Фин және Франция елінен алынғанымен, дайын өнім толықтай отандық. Ал қолдануға жеңіл, жабдықталған модульдер арнайы вагондарда шығарылады.

Вадим Быков, кәсіпорын басшысы:

-Қазіргі таңда 1000 литрден 5 тоннаға дейін сүт суытуға арналған танктерді  шығарып жатырмыз. Мемлекеттік бағдарлама аясында 300-ге дейін сүт қабылдау пунктін жасап шығарамыз. Дайын өнімді жеткізіп беретінімізді де айта кетейін.

Өнімнің сапасында мін жоқ. Оған отандық модульдерге өңірдің түкпір-түкпірінен сұраныс түсіп жатқаны дәлел. Бүгінде ауыл шаруашылығы кооперативтерімен 37 келісім жасалған. Бесқарағай ауданындағы Маловладимировка ауылдық округінің әкімі де отандық өнімнің әлеуетімен танысуға келіпті.

Юрий Слоницкий, Маловладимировка ауылдық округінің әкімі:

-Бұл кәсіпорын өнімдері сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінде ауданда 5 кооператив құрылған. Сүт қабылдау пункттеріміз бар, бірақ оларды отандық өніммен алмастыру тиімді деп ойлаймын.

Облыста құрылған 240 ауыл шаруашылығы кооперативінің 23-і сүт бағытына негізделген. Күзде тағы 12 бірлестікті іске қосу көзделіп отыр.

Ринат Молдаханов, облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

-Мемлекеттік қолдаулар көрсетілген. Бұл жағынан кооперативке бәрі түсіндіріліп жатыр, яғни модульный пункті сатып алған жағдайда кепілсіз, алғашқы жарнасыз сатып алуға болады. Бұл үлкен көмек. 50 пайыз мемлекеттік көмек қарастырылған. Бұған қоса сүт бағыттары бойынша алатын болсақ, әрбір өндірілген сүтке 10 теңгеден субсидия төленетін болады. Кооператив аккредитациядан өткенде қосымша құн салығын 100 пайыз мемлекет өтейтін болады. 

Өңірде жеке қосалқы шаруашылықтар санын 15700-ге жеткізу көзделіп отыр. Барлығы да агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аслан Төлепов

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика