Заң жобасы мақұлданды | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Заң жобасы мақұлданды

2014 жылдың 10 сәуірінде Қазақстан Республикасы Парламентінінің Сенатында өткен жалпы отырыс барысында Қазақстан Республикасының қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров  ұсынған «1999 жылғы 3 желтоқсанда Пекинде қабылданған Озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі Монреаль Хаттамасына Түзетуді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі Монреаль хаттамасы 1987 жылғы 16 қыркүйекте қабылданды. Қазақстан Республикасы Монреаль хаттамасына 1997 жылы қосылған.

Монреаль хаттамасына Пекин түзетулері 1999 жылғы 3 желтоқсанда қабылданды. Түзетулер  гидрохлорфторкөміртектерді Монреаль хаттамасының мүшесі болып табылмайтын кез-келген мемлекетке экспорттауға немесе сондай мемлекеттен импорттауға тыйым салуды көздейді.

Түзетулер, сондай-ақ, Монреаль хаттамасына мүше мемлекеттердегі гидрохлорфторкөміртектер өндірісін реттеудің қосымша шараларын енгізуді қарастырады.

Пекин түзетуін ратификациялау Қазақстанға Ғаламдық экологиялық қор тарапынан қаржылық және техникалық қолдау көрсетілуін қамтамасыз етеді.  2015-2017 жылдар аралығында Монреаль хаттамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз ету үшін Қазақстанға алты миллион долларға дейінгі сомадағы қаражат бөлінбек.

Сонымен қатар отырыс барысында Сенат депутаттары Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Қорғас өзенінде «Достық» бірлескен ортақ су торабын салудағы ынтымақтастық жөніндегі Келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Келісімнің шарттарына сәйкес, тараптар Қорғас өзені бойында «Достық» бірлескен су торабын салуды жүзеге асырады. Бірлескен су торабы екі тараптың иелігінде болады. Оның құрылысын қаржыландыру екі жақтан 50% көлемде, яғни тең дәрежеде жүргізіледі.

Бірлескен су торабын басқару және пайдалану мәселелері тараптар арасында жасалатын жеке халықаралық шартпен реттелетін болады.

Отырыс барысында депутаттар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске өзгерістер енгізу туралы заң жобасын  мақұлдады.

Заң жобасында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексінің 243-1 бабына парниктік газдар шығарындыларына квоталарды асырғаны үшін айыппұл мөлшерін 10 айлық есептік көрсеткіштен 5 айлық есептік көрсеткішке дейін төмендету қарастырылған.

Сонымен қатар түзетуде табиғатты пайдаланушылардың парниктік газдар шығарындыларына квоталарды асырғаны үшін жауапкершілігінің басталу мерзімін кейінге шегеру қарастырылған.

Заң жобасының мақсаты – парниктік газдар шығарындыларына белгіленген квота көлемін арттырғаны үшін жауапкершілік механизмін кезең-кезеңімен енгізу.

ҚР ҚОСРМ баспасөз қызметі

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика