Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен еліміздің су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.
Бұл құжат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы жарлығын іске асыру мақсатында әзірленді.
Жоспардың іс-шаралары Мемлекеттік бағдарламада көзделіп, су үнемдеуге, су ресурстарын қосымша ұлғайту және су объектілерін басқару жүйесін жетілдіруге бағыттылған бес мақсатты индикатор бойынша топтастырылды.
Бірінші индикатор – ішкі жалпы өнім бірлігіне шаққандағы тұтынылатын су көлемін 33%-ға төмендету. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін магистралды және бөліп тарату каналдары мен гидромелиоративтік жүйелер қайта жаңарту және күрделі жөндеуден өткізіледі.
Екінші индикатор – жерүсті су ресурстары көлемін 0,6 км³-ге ұлғайту. Бұл міндеттерді орындау мақсатында су қоймаларын қайта жаңарту көзделіп отыр. Ол үшін су қоймалары тереңдетіліп, бөгеттер күшейтілмек, су тораптарында күрделі жөндеу өтіп, жаңа су қоймалары салынбақ.
Үшінші және төртінші индикаторлар елді мекендердердегі сумен қамту және суды бұру жүйелерімен байланысты болғандықтан, белгіленген көрсеткіштерге аймақтарды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында көзделген шараларды орындау арқылы қол жеткізіледі.
Бесінші индикатор – табиғи нысандардың жыл сайынғы қажеттілігін суды 39 км³ көлем деңгейінде жеткізу арқылы қанағаттандыру. Бұл міндет табиғатты қорғау мақсатындағы су жiберуді қамтамасыз ету, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы көлдерді тазалау және санациялау, су ағыстарын тазалау, сондай-ақ, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші фазасын іске асыру арқылы орындалады.
Жоспардағы іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2700 км-ден астам магистралды және бөліп тарату каналдары қайта жаңарту, жаңғырту және күрделі жөндеуден өткізіліп, 29 жаңа су қоймасы салынатын болады.
Үнемі суарылатын 400 мың. га және лимандық тәсілмен суарылатын 100 мың га алқаптардағы гидромелиорациялық жүйелер жаңартылып, қайта жаңғыртылады.
Су шаруашылығы ұйымдарының машина-тракторлық паркі (1150 бірліктен астам техника) толық жаңартылатын болады.
Белгіленген мақсатты индикаторлардың көрсеткіштеріне қол жеткізу арқылы Елбасының 2020 жылға дейінгі кезеңде халық пен ел экономикасы су ресурстарымен тұрақты қамтамасыз ету, су саласын басқарудың тиімді жүйесі қалыптастыру, сондай-ақ 2040 жылға дейін мемлекетіміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қойып отырған міндеттерді іске асыруға негіз құрады.
Жоспар сектораралық негізде, бес орталық мемлекеттік органмен (ҚОСРМ, АШМ, ӨДМ, БҒМ, ИЖТМ), облыс әкімдіктерімен, шаруашылық субъектілерімен жүзеге асырылады. Онда белгіленген іс-шараларды жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттер қаржысымен қатар Халықаралық қайта құру және даму банкінің қаржысы да тартылмақ.
ҚР ҚОСРМ баспасөз қызметі