Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты көптеген елшілер өз пікірін білдіруде. Біздің ірі инвесторларымыз бен негізгі сауда әріптестеріміз болып табылатын АҚШ, Еуропалық одақ, Ресей және Қытай Қазақстанның осы ретте заңдық тұрғыдағы нормаларын сәйкестендіруге байланысты жасаған реформасын жоғары бағалады. Аталмыш ұйым әлемдік сауданың 98%-ын реттеп отырады. Ал оған мүшелікке кіру олардың ережелерін сақтай отырып, дүниежүзілік нарықты өркениетті түрде дамытуға сай болу дегенді білдіреді. Роберто Азеведо, ДСҰ бас директоры: – Мемлекеттеріңіздің ДСҰ қатарына қосылуы өте ұзақ үрдіс болды. Қазақстан мүше болып кіргеннен кейін ұйымымыз байи түсті деп айтуға болады. Тарихқа көз жүгіртсек, көптеген елдер ДСҰ-ға қосылғаннан кейін өркендеді. Экономиканы ырықтандырғаннан кейін Қазақстанның да ұйым мүшесі ретінде енді өз дауысы бар. Ангелос Пангратис, ДСҰ жанындағы ЕО елшісі: – Қазақстан ДСҰ қатарына қосылғаннан кейін елдеріңіздің экономикасы көркейеді. Еуроодақ үшін сіздердің мемлекеттеріңіз – өте маңызды әріптес. Сондай-ақ Еуроодақ та Қазақстанның маңызды инвесторы. 2005 жылдан 2014 жылға дейін экономикаға, қаржылық салаға және инфрақұрылымға құйылған инвестицияның көлемі 100 млрд долларды құрады. Қазақстан ДСҰ қатарына кірген соң Еуроодақпен арадағы экономикалық қарым-қатынас нығая түседі. Майкл Панки, ДСҰ жанындағы АҚШ тұрақты өкілі: – ДСҰ қатарына кірген мемлекет инвестиция салуға өте қолайлы болады. Қазақстан инвесторлар үшін көптеген реформалар жүргізді, қаржы құюға барлық мүмкіндіктер жасалған.
Источник: http://www.24.kz/kz/zha-aly-tar/basty-zha-aly-tar/item/97066-pin-beredi