ОҚО: ауылға ауызсу берілді | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

ОҚО: ауылға ауызсу берілді

Дереккөз: «24.kz» 

Көп күттірген ауызсуға да қол жетті.

Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданыдағы Бестораңғыл ауылы тұрғындары бұған дейін тіршілік нәрін құдықтан тартып не сатып алып ішетін. Енді тұщы су шүмектен ағып тұр. Қызыл құмды бойлай орналасқан аудан халқының 89 пайызы құбырмен қамтылған. Олар тәулік бойы тұщы су тұтынып отыр.

Қолына шелегін алып атасына қарай асыққан немересінің қуанышында шек жоқ. Себебі есік алдындағы шүмекке тұщы су келді. 40 жыл бойы қой бағып осы күнді асыға күткен Қарпысбай қария жалпы ауыл болып құрылғалы бері жергілікті жұрттың қанып су ішпегенін айтады.

Қарпысбай Құдайбергенов, Бестораңғыл ауылының тұрғыны:

– Бұрын ауыз су жүйесі мүлдем болған жоқ. Бұрын 10-15 метр тереңдіктегі жерден су ішетінбіз. Солай күнелттік. Халық риза.

Ұлбике Досымбекова, Бестораңғыл ауылының тұрғыны:

– Шүмектен тұщы су ішіп жатырмыз. Бұрын ащы суды өзеннен тасып ішетін едік. Қазір жақсы болды.

Тоқырау жылдары жұрт тіршілік нәрі болмаған соң үйлерін тастап көшкен. Енді ауылға қарай қоныс аударатын көштің беті де түзелер, дейді қария. Қарпысбай Құдайбергенов, Бестораңғыл ауылының тұрғыны:

– Су келген соң жағдай өзгеруі мүмкін. Бірлі-жарым келеді ғой. Бұған дейін бәрі су ащы болған соң кетіп қалған еді. Енді келе жатар.

Шағын ғана ауыл аудан орталығына жақын орналасқанымен халық саны аз болғандықтан жылдар бойы ескерусіз қалып келген. Былтыр «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша су торабы салынып, жаңа жүйе 11 елді мекен су ішіп отырған жер асты қорына жалғанған.

Серік Дәулетбаев, Шәуілдір топтық су жүйесінің басшысы:

– Бұл жерде екі су қоймасы бар. Жер асты суы қоймаға келіп құйылады. Сорғы арқылы залалсыздандыру қондырығысынан өтеді. Ол лампа жарығымен жұмыс істейді. Тазаланған соң халыққа беріледі.

Жалпы Отырар ауданыдағы бірқатар елді мекен ысылдаған құзылдың құмына жақын орналасқан. Жер асты тұщы су көзінің тапшылығы халықты толық құбыр суымен қамтуда біршама қиындық тудырып отыр, дейді әкімдіктегілер.

Салыхан Полатов, Отырар ауданының әкімі:

– Отырар ауданы бойынша, 38 елді мекен бар. Соның 31 елді мекені су құбырымен қамтылды. 7 елді мекен қалды. 2-еуінің су қоры анықталып, жобалық-сметалық құжатқа қаржы қарастырылуда. Қалған 5 елді мекеннің су қоры биыл анықталады. 2020 жылға дейін 38 елді мекен толық су құбыры арқылы су ішетін болады.

Аудан аумағында жер астынан өздігінен шығып жатқан термалды ыстық суы көп. Орталықтағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар сол сумен жылытылады. Жылыжай да салынған. Алайда емдік қасиеті мол судың құрамында адам ағзасына зияны бар химиялық элементтері көп болғандықтан ішуге болмайды. Сондықтан қосымша су көзін іздеуге тура келеді, дейді мамандар.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика