Дереккөз: «bnews.kz»
2016 жылы Павлодар облысында 2527 нысан заңдастырылады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде тұрғын үйлер – 481 және тұрғын үйге жатпайтын нысандар саны – 2046, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.
Облыстық қаржы басқармасының басшысы Олжас Шарапиденовтің айтуынша, өңірде мүлікті жария ету науқаны 2014 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.
«Осы жылдың 12 қаңтарындағы жағдай бойынша қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне жалпы құны шамамен 4 193,3 миллион теңгені құрайтын 2 093 жылжымайтын мүлік нысаныын жария ету туралы 1003 өтініш келіп түскен. Оның ішінде жалпы құны 1 378,3 миллион теңгенің 577 тұрғын үй нысандары және 2 815,0 миллион теңге болатын 1516 тұрғын үйге жатпайтын нысандар бар», – дейді басқарма басшысы.
Жалпы, облыс бойынша құны 3 454,9 млн теңгені құрайтын 1731 нысан жария етілді, оның ішінде 462 тұрғын үй нысаны, 1269 тұрғын үй емес нысан бар.
Ведомство басшысының мәліметінше, облыста жария етілген тұрғын үй нысандарының орташа құны 2 502,0 мың теңгені, ал тұрғын үй емес нысандардың орташа құны 1 811,0 мың теңгені құрап отыр. Жүргізілген сараптама кезінде бұл көрсеткіш республикалық деңгейден төмен екені белгілі болды.
Павлодар облысы Әділет департаментінің хабарлауынша, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуге 1 212 өтініш келіп түскен. Осы мәселе бойынша облыс әкімі Қанат Бозымбаев қалалар мен аудандардың әкімдеріне мүлікті жария ету науқаны аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық қолдау жасауды және мүлікті жария ету бойынша өкілетті комиссиялар мен жұмыс органдарының сапалы қызмет етуін қамтамасыз етуді тапсырды.