АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар арасында жаңғыртылатын қуат көздері танымал бола бастады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне энергетикалық тиімділігі жоғары үй жобасының авторы, инженер-энергетик Нұрлан Жиенбаев мәлім етті.
Алматының жоғары жағында орналасқан бұл тұрғын үй, шатырында орнатылған күн батареясы арқылы электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Одан басқа, бұл үй арнайы технология бойынша ағаштан салынған және оны жылытуға көп энергия жұмсалмайды. Қыстың күндері үй 1-2 градусқа ғана салқындайды екен. Үй ішіндегі барлық тұрмыстық техникалар күн энергиясы арқылы жұмыс істейді.
«Күндізгі уақытта үйдегі барлық жүйе 15 КВт/сағат қуат өндіреді, ал электр тоғын өңдегіштердің қуаты 9 КВт. құрайды. Үйде барлық электр құралдары – тоңазытқыш, газ қазандығы және басқа да техникалар жұмыс істеп жатса, үйге әрі кетсе 2 КВт/сағат электр қуаты жұмсалады. Бұл жағдайда үш энергия түрлендіргіштің тек біреуі ғана жұмыс істейді. Ол 100 вольт тұрақты тоқ және 230 вольт ауыспалы тоқты өңдейді. Мысалы, кір жуғыш машина да электр желісіне қосылған жағдайда, қалған екі түрлендіргіш те іске қосылады. Өйткені, оларға түсетін салмақ ұлғая түседі», – деді осы үйдің иесі, «ND&Co» ЖШС жетекшісі Нұрлан Жиенбаев.
Ол сондай-ақ, артық энергияны жинауға гелий аккумуляторы қолданылатындығын жеткізді.
«Олар экологиялық жағынан таза және ауаға зиянды заттар шығармайды. Бұл, аккумляторлардың жаңа түрі. Олардың қолданылу мерзімі он есеге ұлғайтылған. Бұл жүйе АҚШ-та жасалған және әлемдегі ең үздік жүйе болып саналады», – деді ол.
Сондай-ақ, Н. Жиенбаев бұл үйдің қалалық энергия желілеріне тәуелді еместігін және қосалқы стансаларда апат орын алып, көршілерде жарық сөнген жағдайда оларға көмектесіп тұратындығын айтты.
Айта кетелік, ол экологиялық жағынан таза, энергетикалық тиімділігі жоғары үй салып, оны қолданып жатқаны үшін U.S. GREEN BUILDING компаниясы сарапшыларының платиналық LEED (Leadership in energy & environmental design) сертификатына ие болған алғашқы қазақстандық азамат.
«Тау бөктерлеріне күннің көзі жақсы түседі, бірақ мұнда электр сымдарын тарту қымбат тұрады ғой. Сондықтан күн батареялары – таптырмайтын энергия көзі. Әрине, бұл жүйені сатып алып орнатудан көрі, дайын энергетика желілеріне жалғанған әлдеқайда арзанырақ болар еді. Бірақ, бұл жүйе өзін толық өтейді. Алматыда мұндай үйлер қазір танымал бола түскен. Дегенмен, шынын айту керек, мұндай жабдықтар қымбат тұрады. Өйткені олар шет елде өндіріледі. Ол аздай, оған кедендік баж салығы салынады. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына енді. Енді жағдай жақсы жағына өзгеретін шығар деген үміттемін», – деді жоба авторы.
Оның айтуынша, бұл үйдің орнатылып, пайдалануға берілгеніне төрт жыл болған. Осы жылдар ішінде орасан көп отын үнемделген.
«Дағдарыс энергетика саласында да жаңа мүмкіндіктердің ашылуына себеп болып жатыр. Қазақстанда жаңғыртылмалы қуат көздерінің болашағы зор. Әрине, бұл жүйеде энергия тек күндізгі уақытта ғана өндіріледі. Сондықтан, энергия сақтау – өзекті мәселеге айналған. Бұл бағытта қазір жапондық мамандар белсенді жұмыс атқарып жатыр. Олар үлкен аккумуляторлық стансаны жасап шығарды. Бұл станса бір кішігірім елді мекенді электр қуатымен қамтамасыз ете алады. Мұндай технологиялар, әсіресе әлеуметтік нысандарда қосымша қуат көзіне айнала алар еді. Қазіргі таңда Қазақстанда да, біздің компанияда да осы бағытта зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірқатар жаңа әзірленімдер арнайы тестерде оң нәтиже беруде. Сондықтан, зерттеу жұмыстары одан әрі жалғаса беретін болады», – деді Н. Жиенбаев.
Ақпарат көзі: inform.kz